Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, қазіргі кезде егемен елімізде барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру жиындары өтуде. Мұндай бас қосулар біздің ауданда да ұйымдастырылуда.
23 қаңтарда Жамбыл ауылдық округінде аудан әкімі Махаббат Бигелдиев ел алдындағы алғашқы есебін берді. Осындағы Жамбыл атындағы орта мектепте өткізілген жиынды аудандық мәслихаттың хатшысы Еділ Қалиев ашып жүргізіп отырды.
Алдымен округ әкімі Бекзат Мыржиев өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады. Округте Жамбыл, Батан, Ұлан, Қошмамбет елді мекендері бар, оларда 12224 адам тұрады. 60 шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі, 72 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Салық толық жиналған.
Мұнан кейін жиналғандар аудан әкімі Махаббат Бигелдиевтің «2016 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және 2017 жылғы міндеттері» туралы есепті баяндамасын тыңдады.
Оның барысында Махаббат Садуақасұлы аудан дамуының басты бағыттарын атап айтып, өткен жылғы көрсеткіштердің, тапсырмалардың толық орындалғанына, ауданның облыс бойынша алдыңғы орында келе жатқанына, кейінгі кездері өнеркәсіп саласының өркендеп отырғанына, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына кеңінен тоқталып, қол жеткізілген жетістіктер жөнінде әңгімеледі. Сонымен қатар, алда тұрған ортақ шаруа орайындағы ауқымды міндеттерді де байыпты баяндады.
Мұнан кейін Жамбыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Толынбеков, Батан ауылындағы «Стандартгаз» мекемесі директорының орынбасары Роза Берікболова, Ұлан ауылындағы «Айнадән» қосымша білім беру орталығының құрылтайшысы Айнагүл Әділханова сөйлеп, аудан бойынша атқарылған көптеген игі істер мен жан жадырататын жақсы жұмыстар және халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарғаны жайында айтты, сонымен қатар, кейбір шешімін күткен мәселелерді ортаға салды, округ пен аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Махаббат Садуақасұлы келесі кезекте жиынға қатысушылардың көптеген сауалдарына жауап қайтарды. Жалпы, жиынның осы екінші бөлігінің ортаға қойылған микрофон арқылы сұрақ-жауап түріне өткізілуіне көпшілік ризашылық білдіріп, ұсыныс-пікірлерін ашық жеткізді. Бұл ретте аудан әкімі тиісті сала басшыларын тұрғызып, мәселенің мән-жайын сұрады, тікелей тапсырма берді. Олар негізінен электр қуатының жетіспеушілігі, сумен қамтамасыз ету, жол жөндеу, жол белгілерін орнату сияқты мәселелерге қатысты еді.
– Бұл менің осы ауданның әкімі ретіндегі алғашқы есебім, – деді Махаббат Садуақасұлы. – Сіздердің аумақтарыңызда жақсы жаңалықтар бар. Ұландағы мектепке 300 орындық жапсаржай салынып пайдалануға берілді. Енді, міне, 600 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Батандағы амбулаторияның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Көптен бері әңгіме болып келе жатқан оқу комбинатын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлдірудеміз. Осы жерде айтылған мәселелер түгел бақылауға алынады. Әрине, барлығы бірден орындала салмайды, өйткені, бәріне де қаржы қажет. Ал, тазалықты сақтау негізінен өз қолдарыңызда. Жалпы, әркім өз жұмысын істеп, өз міндетін атқаруы тиіс. Осыны түсіне біліңіздер.
Жиналыста бірауыздан аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға беру туралы шешім қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.