Адам өмірінде дене шынықтырудың алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты болады. Ата-бабаларымыз айтқан «Тәні саудың – жаны сау» деген қағиданы бекболаттық спортшы қариямыз дәлелдеген сыңайлы.
Яғни, саламатты өмір салтын берік ұстанған, өзіне спортты сенімді серік етіп, үнемі ортақ мүдде орайындағы жақсы істердің басы қасында жүретін Бұлар Мирманов көп жастарға үлгі. Бұлар Алматайұлы Бекболат ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ол кісі нағыз спортшы. Бала кезінен дене тәрбиесімен тұрақты түрде шұғылданады. Оның ішінде қысқа қашықтыққа жүгіруден де, марафондық жүгіруден де үнемі алдан көрінген. Биылғы жылдан бастап жүзіп жаттығуды да өзінің спорттық кестесіне кіргізіп, аптасына үш рет шұғылданады екен. 2008 бері түрлі жарыстарға қатысып, көптеген бәсекелерде аудан намысын абыроймен қорғаған ардагердің түр-тұлғасы қарап 73 жаста екеніне сену қиын. Тіл көзіміз тасқа!
Жуырда, Талдықорған қаласында жыл сайынғы дәстүр бойынша Президенттік көпсайыстан VI спартакиада өткізілгені белгілі. Бұл жарыста аудан намысын қорғай барған ішкі істер қызметінің ардагері Бұлар Мирманов 5 жарыс түрінен бірінші орын алып, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының грамотасы мен медаліне ие болды.
Жүлдегер қарияның қуанышына қатарластары да ортақтасты. Ақсақалдар кеңесінің жиналысы барысында арнайы құттықтап, марапатын салтанатты түрде табыстаған ардагерлер ұйымының төрағасы Сайлаубек Қыдыралиев жеңімпазға өз ізгі тілегін білдіріп, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.
Айта кету керек, көпсайысқа қатысушылар көздеп атудан, граната лақтырудан, суға жүзуден, 60 метрге және бір шақырымға жүгіруден бәсекеге түскен. Міне, осының бәрінде де қарасайлық ардагер жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Алдағы кезде ол Атырау қаласындағы республикалық осындай жарысқа барып бақ сынамақ. Белсенді қарияға тек жеңіс тұғырынан көрініп, әрдайым жастарға осындай үлгі өнегеңізді көрсете беріңіз, демекпіз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.