Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2015 жылғы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 70-қадамында «ЭКСПО – 17» инфрақұрылымдары арқауында, арнаулы мәртебе бере отырып, Астана халықаралық қаржы орталығын (АІҒС) құру белгіленген болатын. Ол болашақта әлемнің 20 алдыңғы қатарлы қаржы орталықтарының қатарына енуі тиіс екендігі де мақсат ретінде қойылғанды.
Енді, міне, сол үлкен міндет орындалып отыр. Атап айтқанда, жақында ғана егемен еліміздің бас қаласында «Астана» халықаралық қаржы орталығы ресми түрде ашылды!
«Қазақстан – ғасырлар тоғысында кең далада әсем астана тұрғызған жалғыз мемлекет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы» деп атап көрсетті Елбасымыз осы салтанатта сөйлеген сөзінде.
Иә, біздің ертеңі нұрлы республикамыздың келешегін қалыптастыруда экономикалық тұрақтылыққа бағытталған жұмыстар жүйелі атқарылуда. Ал, мына жаңадан өз ісін бастаған «Астана» қаржы орталығы да ел экономикасының одан әрі өсіп-өркендеп, дамуына зор үлес қосатыны белгілі. Ол әрі жаһандық деңгейдегі ірі бизнес орталықтарын өзіне тартатыны да даусыз.
Біз алысты болжайтын, көреген Президентіміздің белгілеген стратегиялық жоспар-жобаларының әрдайым осылайша орнықты орындалып келе жатқанын жақсы білеміз!
Алдағы күндерде де солай болатынына сеніміміз мол.
Смағұл САДЫРҚҰЛҰЛЫ,
Іргелі ауылдық округі
ардагерлер кеңесінің төрағасы.