Осы аптада аудан әкімі Махаббат Бигелдиев Қаскелең мәдениет колледжінде болып, осы білім ордасының тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты.
Алдымен аудан басшысы алпыс жылдық тарихы бар, республикамыздың кітапханалары, мектептері, мәдениет үйлері мен өнер ұжымдары үшін маман даярлайтын аталған оқу орны ғимаратын асықпай аралап шықты.
Атап айтқанда, домбыра, қобыз және тағы басқа музыкалық аспаптарды жасайтын, жөндейтін шеберханада, кітапханада, би залында, көркемсурет кабинетінде, колледж оқытушылары мен студенттерінің қолынан шыққан өнер туындылары қойылған мұражайда, спорт залында, сондай-ақ, басқа жерлерде де болып, олардың жұмысына ден қойды.
Мұнан кейін осындағы ұжым мүшелерімен кездесіп, кеңінен отырып әңгімелесті. Басқосуды колледж директоры, белгілі өнер иесі, күйші-композитор, дирижер Дүйсебай Шаштайұлы ашып, өзі басқаратын оқу орнының тарихы, қазіргі жағдайы және атқарылған істер мен алдағы міндеттер туралы баяндап берді, кейбір ортақ шаруаға қатысты өзекті мәселелерді де ортаға салды. Экономика мен шаруашылық жайына жетік Махаббат Садуақасұлының өнер мен мәдениетке де өте жақын екенін, сонымен қатар, колледжге бірінші болып келіп отырған аудан әкімі екенін атап айтты. Оқу орнында жүз елуге жуық білімгердің барлығын, оларға 47 ұстаз сабақ беріп, өнер өріне, мәдениет биігіне жетелеп отырғанын жеткізді.
Мұнан кейін аудан әкімі сөз алып, өнер мен мәдениеттің адам өміріндегі мән-маңызы туралы әсерлі әңгімеледі, колледждің мәдени-көпшілік жұмыстарымен шұғылданатын мекемелерге кадр дайындаудағы айтарлықтай еңбегіне тоқталды.
– Мұнда келу ойда жүрген мәселе еді, – деді Махаббат Садуақасұлы. – Біраз дүниені көрдік. Осылай жалғастыра беріңіздер. Өзім басқарған бес ауданда да ұлттық ән-би ансамблін құрдым. Бұл өте керек, себебі, өнерді сүйген, мәдениетті жұрттың ғана еңсесі биік, жаны таза, ойы орнықты болады. Сондықтан біз алдағы кезде де ауданның осы саласын өсіріп, өркендетуіміз керек. Бірлесе жұмыс істейік, мәдени іс-шараларға белсене қатысып, аудан абыройының артуына үлестеріңізді қосыңыздар. Бірақ, бұл ретте көп ізденіс, жақсы жаңалық, нағыз сапалы жұмыс болуы тиіс. Ал, енді өздеріңіз айтқан кейбір мәселелер жөнінен міндетті түрде көмек-қолдау жасаймыз.
Соңынан аудан басшысы және оған еріп жүрген Қаскелең қаласының әкімі Біржан Нұрлыбаев, «Үшқоныр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің жетекшісі, белгілі композитор Бағлан Омаров және т.б. колледж оқытушылары мен студенттерінің шағын концертін тамашалады.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.