Жер беті жаңарып, көктемнің алғашқы лебі ескені кімге ұнамас? Өйткені бұл мезгілдің өз әсемдігі, ерекше тылсымы бар. Алайда ауа райының айтып келмейтін апаты, ауыртпашылығы бары да жасырын емес. Солардың бірі – су тасқыны. Қар еріп, жауын-шашын тоқтамай, бөгеттердің бітелгені, өзен-көлдердегі су деңгейі күрт көтерілуі – өте қауіпті құбылыс. Сондықтан дер кезінде тілсіз жаудың алдын алу өте жауапты жұмыс. Ал бұл жағдай Қарасай жерінде қаншалықты назарға алынған?
Жақында аудан басшысы Жасұлан Естенов аудан аумағындағы су басу қаупі бар аумақтарды аралап, жай-күйін бақылап қайтты. Әсіресе, ауылдық жерлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін су тасқынының алдын алу шарасының қалай жүріп жатқанын назарға алды. Сондай-ақ жауапты мекеме өкілдеріне тиісті тапсырма жүктеп, халық зардап шекпейтіндей жұмысты дер кезінде атқаруды ескертті.
Қарасай ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2025 жылға аудан аумағындағы төтенше жағдайлардын алдын алу және оларды жоюға жергілікті бюджеттен 140 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін ауданның жергілікті атқарушы органының төтенше резерві 70 млн.теңге және шұғыл шығындарға арналған ауданның жергілікті атқарушы органының резерві 70 млн.теңге құрайды.
Бүгінгі таңда Қарасай ауданында су тасу қаупі бар үш аумақ анықталып отыр. Олар – «К-25», «Октьбрь-1» су қоймалары және «Жан-Кулюк» каналы. Алдағы уақытта мұндағы қауіпті жою мақсатында күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Мәселен, «К-25» су қоймасы үшін өткен жылы облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлінген. Биыл көктем айында жұмысты бастау жоспарлануда. Оған жауапты мердігер ұйым – «Оймақ құрылыс» ЖШС. Ал «Октьбрь-1» су қоймасы мен «Жан-Кулюк» су каналын қалыпқа келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған.
Су басу қаупі жауған қардың дер кезінде тазаланбауына да байланысты. Бұл ретте Қарасай жеріндегі аудандық маңызы бар жолдардың қары аса қауіп төндіре қоймаған. Өйткені бұл жұмысқа жауапты «Amanat Cleaning» компаниясы қызметін уақтылы атқарып, қала мен ауылдық округ аумағынан 8000 тоннадай қар шығарған.
Аудандағы өзендер мен су шаруашылығындағы нысандардың жағдайы Төтенше жағдайлар бөлімінің үнемі бақылауында. Осы мақсатта аталмыш бөлім «Қазселденқорғау» мен «Алматы облыс су шаруашылығы» мекемелерімен бірлесіп, су деңгейіне және таудағы қардың қалыңдығына апта сайын мониторинг жүргізіп тұрады. Ол үшін арнайы екі маусымдық және бір тұрақты гидробекет қарастырылған.
Жақында аудандағы қала мен ауылдық округтер бойынша жергіліктің әкімдердің көктемгі су тасқынына қарсы материалдық дайындықтары тексерілді. Анықталған кемшіліктерді дереу жою мақсатында басшыларға тиісті тапсырмалар берілген.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ақпаратына сенер болсақ, барлық су қоймаларында, су құрылыстарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта аудандағы су қоймаларының көлемі бірқалыпты. Нормадан жоғары ұлғаю мен толып кету қаупі жоқ.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.