Мемлекеттік саясатты іске асырып, ұлттық мүддені қорғай білетін мемлекеттік қызметшілердің еңбегі қашанда елеулі. Осындай мәртебелі міндетті арқалап жүрген қарасайлықтар өткен сенбіде Үшқоңыр тауының етегінде бас қосып, қысқы спорт ойындарынан сынға түсті.
Денсаулықтың кепіліне айналған қыс мезгіліндегі спорттық фестиваль бұрын да аудан көлемінде өткізілген болатын. Білек күші пен бойдағы ептілік сыналатын қысқы спартакиада 9 жылдан кейін қайта жаңғырып отыр.
Мемлекеттік қызметшілердің осылай сынға түсіп, спорттық бағытта жарысуына Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов қолдау білдірген.
Аудан басшысы арнайы келген спорттық сайысқа қала мен ауылдық округтерде еңбек ететін мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ аудан әкімі апаратының мамандары қатысты.
Спорттық шарада алдымен аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек сөз сөйлеп, аудан басшысына әріптестерінің атынан осындай шараның өтуіне қолдау танытқанына алғыс айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Шара барысында аудан өнерпаздары ән шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
– Мемлекеттік қызметте жүргендер – олар мемлекеттің саясатын жүзеге асырушылар. Олар әрдайым халық үшін еңбек етіп келеді. Күнделік күйбең тірліктен бір сәт алыстап, таза ауада демалсын деген ойман осы шараны ұйымдастырудамыз. Сонымен қатар әріптестер арасында қысқы спорт түрлерін дамытып, одан кейін қарым-қатынасты нығайтуды мақсат етудеміз, – деді аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы.
Фестиваль аясында өткен жарыста мемлекеттік қызметшілер бірнеше спорт түрінен бақтарын сынады. Атап айтқанда, садақ ату, қол күрес, футбол, шаңғы тебу және басқа да эстафеталық ойындар болды.
Сайыстың нәтижесіне келер болсақ, футболдан Қаскелең қаласының әкімдігі І орын алса, ІІ орынға Қарасай ауданының білім бөлімі ие болды. ІІІ орынның жүлдесі Райымбек ауылдық округінің әкімдігіне бұйырды. Садақ атудан бұл жолы Қарасай ауданының білім бөлімі үздік атанды. ІІ орынға елтайлықтар лайық деп танылса, үздік үштіктен Жамбыл ауылдық округі әкімдігінің мамандары көрінді. Эстафеталық ойын бойынша Райымбектің мемлекеттік қызметшілері қарсыласына дес бермеді. Әйтейліктер ІІ орын алса, ІІІ орынға Іргелі ауылдық округі әкімдігінің ұжымы тұрақтады.
Білек күші сыналған қол күрес те қызық өтті. Мұнда ерлер мен әйелдер бөлек сынға түсті. Азаматтар арасында білім бөлімінің жігіттері үздік нәтиже көрсетті. Ал ІІ және ІІІ орындарды, сәйкесінше Іргелі ауылдық округі мен Мәдениет саласының мамандары иеленді. Қыздар қауымы да бұл сайыстан қалыс қалмады. Бұл жақта Жібек жолының арулары күштілік танытты. Ал білім бөлімінің мамандары ІІ орын алып, Райымбектің қыздары ІІІ орынды қанағат тұтты.
Өз тілшіміз.