Біз кейде қариялар жайлы әңгіме қозғағанда олардың арамыздан алыстап, қатары сиреп бара жатқанын тілге тиек етеміз. Алайда халық барда қазыналы қарттарымыз азаймайтынын түсінгеніміз абзал. Себебі бір буынның орнын екіншісі басып, ақылшы абыз ақсақалдар қашанда қоғамда өз орнын тапқан. Олар – отаудың ғана емес, Отанның болашағын ойлап, елдің ертеңі үшін еңбек еткен жандар.
Дәл осындай өмір тәжірибесін көріп өскен, көңілге тоқығанын кейінгі ұрпаққа үйрете білген, әр сөзін парасаттылық деңгейде жеткізетін, білмегенді жөнге салып, тентек жанды ақылымен тиятын үлкендеріміз, Құдайға шүкір, арамызда әлі де аман-есен жүр. Кісілігінен кішілігі дара көрініп тұратын сондай ақсақалдың бірі – Қарасай жерінің тумасы, бүгінде Ұлан ауылының жергілікті тұрғынына айналған Қаһарман Зағыт.
80 жастың сеңгіріне шыққан сергек тұлға жайлы қалам тербесек артық болмас. Өйткені ақсақалдың өмір өткелдері де, жаңылмай таңдаған мамандығы да, қалтқысыз қызметі де жазуға тұрарлық. Әсіресе, оның ветеринария саласына сіңірген еңбегі зор.

Шарбақты аудандық «Трибуна» газеті редакторының орынбасары кезіндегі жұмыс барысынан

Қаһарман Зағыт пен жұбайы Ғалия Тоқтарова қыздарының ортасында
Қаһарман Зағыт жайлы әңгіме бастамас бұрын алдымен оның әкесі Қаматайға қатысты бірер сөз айтпасқа болмас. Себебі Қаһарман ақсақалдың бүгінгі күнге аман-есен жетуінің өзі әкесінің ашаршылық кезінде аман қалуымен байланысты.
Баймағанбеттің тұқымынан үш ұрпақ өрбісе, соның ішіндегі Нұрғазы баласынан Зағыт тараған. Ал оның алты ұлы, төрт қызы болған. Ең кенжесі – осы тақырыпқа тұздық болып отырған Қаһарман қарияның әкесі Мұхаммедхамис. Оның есімінің Қаматай болып өзгеруінің өз тарихы бар. 1928-1929 жылдары қылышынан қан тамып тұрған Кеңес үкіметі орта байлардың малын тәркілеп, жер аударған кезде Баймағанбеттің ұлдары және одан тараған ұрпағы да айдауға кеткен. Солардың ішінде, Нұрғазының медресе бітірген Рашид, Ғабдулрашид, Ғабдулмұхаммед, Мұхаммедрашид және Зият атты ұлдары болған. Бесеуі де амалсыздан отбасын тастап, Кемерово облысынан Новокузнецкке жер аударған. Дәл осындай қиын жағдай бастан өтіп жатқанда ауылдық Советте хатшы болып жұмыс істейтін ағайындылардың ішіндегі Зияты ағаларына ой тастап: «Біз енді айдалып бара жатырмыз. Енді қайтамыз ба, қайтпаймыз ба, оны бір Құдай біледі. Артымыздан бір тұяқ қалсын. Үйдің кенжесі – Мұхаммедхамисті өлді деп жазып, тұрғындардың тізімінен шығарайын. Ал оған Қаматай деген есім беріп, кәмелеттік жасқа толмаған деп көрсетейік. Оны құтқарайық», – деп айтыпты-мыс.
Осылайша 1915 жылғы Мұхаммедхамис 1918 жылы дүниеге келгендей жазылып, аты-жөні Загитов Қаматай болып өзгеріпті. Одан кейін оның ағалары бар ақшасын жинап, орыс досына Алматыдағы нағашыларына апарып тастауын өтінген екен. Сөйтіп, ол осы қалада туысқандарының қолында білімін жетілдіріп, немере ағаларын тауып алып, олармен бір үйде тұрыпты. 1934 жылы ҚазМУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) заң факультетіне түскен. Аталмыш оқу ордасының 3 курсын бітіріп, тәжірибеден өту үшін Павлодар қаласына аттанған. Бұл жерде 1,5 айдай болып, Алматыға қайта оралғанда әскерге шақырту келіп, 1938 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге кетіпті. Әскерде жүріп ІІ дүниежүзілік майданға қатысқан. Кеңес үкіметін қорғау үшін немістерге қарсы соғысып, талай рет жараланған. Жарақатының салдарынан мүгедек атанып, 1943 жылы Отанға қайтып келіп, ел қатарлы тіршілікке араласқан. Ал 1944 жылы Пұсырманова Фатима Ыбырайымқызымен некелесіп, үлкен өмірге қадам басқан. Үйленіп, үй болып, Райымбек ауылында өмір сүрген. Орнықты отбасының шаңырағында жеті айлық болып, 1945 жылы 5 ақпанда біз сөз етіп отырған Қаһарман Қаматайұлы дүниеге келген. Алайда ана сүті аузында кеппеген шағында, алты ай өткенде басқа отбасыға, яғни асыранды бала атанған. Бұл құпияның сырын Қаһарман ата әңгіме барысында айтып, себебін түсіндірді.
– Менің Айтжан есімді нағашы ағам болған. Тегі – Малбағаров. Ол 17 жасында Райымбек ауылындағы совхозды басқарды. Міне, сол нағашым әскерге аттанбас бұрын үйленген. Некелі жарымен сәбилі болар сәтті асыға күткен. Алайда оның жұбайы босанып жатқанда көз жұмып, одан кейін жарық дүниені көрместен баласы да өмірден өтіпті. Сөйтіп, уақыт өте келе Бәтима есімді келіншекпен көңіл жарастырып, екінші рет некесін қиған. Одан кейін әскерге баруды мақсат етіп, қалтасында «әскерге шақырылмасын» деген қағазы болса да, әскери комиссариатқа қайта-қайта барып, өз бетінше сұранып, 1941 жылы қараша айында азаматтық парызын өтеуге аттанған. Өкінішке орай, Сталинградтың түбінде опат болды. Ал әкем мен анам осы кезде нағашымның жесіріне әлдекімдер қырындап жүргенін байқап, кетіп қалмасын деген ниетпен мені емшектен шығарып, алты айлығымда жеңгемнің етегіне салып берді. Осылайша менің сол уақыттағы аты-жөнім – Малбағаров Қаһарман Айтжанұлы болды, – деп атамыз бір сырды ақтарды.
Расымен, түсінген адамға бұл да бір қызық өмір. Тағдыр тартуынан ешкім бас тарта алмасы анық. Сол кездегі бала Қаһарман 1949 жылға дейін Бәтима жеңгесінің тәрбиесін көрген. Себебі нағашы әжесі қызындай көрген келінінің бағын байламай, Бәтимаға өзге адамға тұрмысқа шығуына рұқсатын беріпті. Ал 5 жастағы Қаһарман болса әжесі Жезбала Оразбайқызының тәрбиесін көріп, «кемпірдің баласы» атанған. Арада айлар өтіп, жылдар жылжып, Қаһарман 12 жасқа келген шағында туған әке-шешесінің қолына өткен. Жезбала апа күйеу баласы Қаматай мен қызы Фатиманы шақырып алып, туған-туыстың алдында балаларын өз қолдарына табыстапты.
«Сендерге көп рақмет. Менің қанша ғұмырым қалғаны белгісіз. Алайда көзімнің тірісінде балаларыңды өз қолдарыңа табыстайын. Кезінде соғыста шейіт болған ұлым – Айтжанның аты өшпесін деген ниетпен балаларыңды беріп едіңдер. Өздеріңе ризамын. Енді ол далада қалмасын. Ұлдарыңды қолдарыңа алыңдар», – деп Жезбала апа аманаттап тапсырыпты.
Атұстарын қолына алған Қаматай Зағытұлы ертесінде-ақ ауылдық Советке барып, төлқұжатын ауыстырып, «Загитов Қаһарман Қаматайұлы» деп жаздыртып алыпты. Міне, осы сәттен бастап үйдің тұңғышы қайтадан өз туған ата-анасымен қауышып, орнықты отбасының бір мүшесіне айналған.
Қаһарман Зағыт жалпы көп ағайынды болған. Анасы Фатима мен әкесі Қаматайдан 13 ұрпақ тараған. Атап айтар болсақ, тұңғышы – Қаһарман, одан кейін Қатыран, Марат, Ғабдыжапар, Бейсен, Мұрат, Дәурен, Мұхтар, Мәлік, Анар, Сәрсен, Мұхаммедқали және Жәмила.
Өмір болған соң оның жолындағы пенделердің сапары Алланың бұйрығымен аяқталып, айтып келмейтін ажалға жолығатыны бар. Сол сияқты Қаһарман Қаматайұлының артынан ерген інілерінің көбі жалған ғұмырдан ерте қош айтысыпты. Өзінің айтуынша, 1965 жылғы Мұхаммедқали дүниеге есігін аша салып, мәңгілік мекенге аттанған. Ал 1951 жылғы Бейсен 3 жасында дуадан өлсе, 1955 жылғы Дәурен мен 1958 жылғы Мәлік көз тиіп қайтыс болған. Өзінен кейінгі 1946 жылғы інісі Қатыран марқұм 49 жасқа қараған шағында ажал құшқан. Сондай-ақ осы жас шамасында 1948 жылғы Марат та жалған ғұмырдан жыраққа кеткен. 2002 жылы 40 жасында Сәрсен де, 2014 жылы 64 жастан асқан шағында Ғабдыжапар да келместің кемесіне мінген. Ал Мұрат Загитов осыдан бір жыл бұрын қаңтар айында 71 жасқа қарағанда бақилық болды.
Бүгінде Қаматай Зағытұлының өмірлік жалғасы 1957 жылғы Мұхтар ағамыз туған жері Райымбек ауылынан алыстаған емес. Ол осында өсіп-өніп, зейнет жасына жетіп, қазіргі таңда мал шаруашылығымен айналысуда. 1959 жылғы Анар Қаматайқызы – ауданымызға қарасты Жандосов елді мекенінің тұрғыны. Үйдің кенжесі 1966 жылғы Жәмила Қаматайқызы Шамалған ауылында ғұмыр кешуде. Әрбірінің отбасы, өз шаруасы бар дегендей, ел қатарлы өмір сүруде.
Ал жоғарыда айрықша атап өткендей, Зағыт әулетінің тұңғышы әрі асқар тау әкеден кейін құрметке ие болған, сондай-ақ осы мақаланың негізгі кейіпкері Қаһарман Қаматайұлы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Ұлан ауылында тұрады. Ендеше, жақында ғана 80 жасқа сергек жеткен ақсақал жайлы азды-кем ой өрбітейік.
Оның балалық бал дәурені Алматы қаласының Советский деп аталатын ауданында өтті. 1952 жылы Қарасай жеріндегі «Абай» совхозының ІІ өзбек ауылындағы Н.Чернышевский атындағы орта мектептің алғаш табалдырығын аттап, оны 1962 жылы аяқтаған. Одан кейін «Ленинский» көкөніс-сүт өндіретін совхоздың «Қырғауылды» бөлімшесінде бір жыл жұмыс істеп, 1963 жылдың тамызында Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ветеринария факультетіне оқуға тапсырған. Аталған оқу ордасында бір жыл білім алып, 1964 жылдың 12 қарашасында Кеңес одағының әскер қатарына шақырту алған. Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, 1967 жылдың қарашасында жоғарыда аталған институтты 2-курстан бастап жалғастырған. 1968 жылы жазғы демалыс кезінде Талдықорған облысының Ақсу ауданына құрылыс жасақта еңбек ету үшін ата-анасының батасын алмақшы болып аттанар кезде әкесімен әңгімелесіпті.
«Әкем мені ешқашан «ұлым» деп өзіне қаратып айтпайтын. Тек «ұл» деп сөйлейтін. Жақсы көріп тұрғанда осылай шақыратын. Сол күні: «Әй, ұл! Мен 5 класс арабша медреседе оқығанмын. Сен жеті атаңды біліп жүр», – деп 12 атаны жаздыртты. Оны мен қойын дәптеріме түртіп алдым. Содан кейін 10 шақты мекенжай беріп, былай деді: «Егер ойда-жоқта Павлодар облысына жолың түсіп жатса, осы жерлерге кіріп шық. Үлкендер жоқ болса, балаларына жолығып, Зағыттың немересі екеніңді айт. Туыстарыңды тауып ал». Осылай айтқан әкемнің аманаты есімде қалыпты. Бұл 1968 жылдың 23 шілдесі еді», – деп Қаһарман ата сол бір сәтті тебірене еске алды. Өйткені дәл осы жылдың 7 тамызында асқар тауы Қаматай Зағытұлы 52 жасында (құжат бойынша 49 жас) өмірден өтіпті. Бір қызығы, әкесінің бақилық болғанын ол түсінде көріп, ұйқысынан шошып оянған екен. Сол күні көрген түсі шындыққа айналып, телеграм арқылы қаралы хабар жетіпті. Құрылыс жасақтан бірден кете алмай, басшылардан сұранып жүргенде бір күнін жоғалтып, келесі күні жолға шығыпты. 120 шақырымды артқа тастап, үйіне жеткенімен, әкесін ақтық сапарға шығарып салуға үлгермепті. Фатима анасы күннің ыстығына байланысты марқұмды ерте жер қойнына тапсыруға мәжбүр болғанын түсіндірген. Сөйтіп, көңілі құлазыған бала бірден ауыл молдасын ертіп, бейіт басына барып, рухына Құран бағыштаған. Осы сәтте Қаһарман Қаматайұлы әкесінің өлер алдындағы әңгімесін еске түсіріп, қалайда ол аманатқа қиянат жасамай, орындау керек екенін түсінген.
Уақыт көші алға жылжып, студент Қаһарман 1971 жылы 11 маусымда оқуын аяқтап, ветеринария саласының маманы атанған. Диплом иесі ретінде арнайы жолдамамен әрі өз қалауымен Павлодар облысына жол тартқан. Бұл аймаққа баруының тағы бір себебі – әкесінің айтқан аманаты. Осылайша, Қаһарман Қаматайұлы алғаш еңбек жолын аталған өңірдің «Маралды» кеңшарының 1-бөлімшесінде ветеринарлық техник лауазымында бастаған. Қызмет бабында жүрсе де әкесінің айтқанын ұмытпай, Павлодар өңірінің маңайындағы Баянауыл, Ертіс, Май, Успен сияқты аудандарды 11-12 күндей аралап, мекенжайлардың бәрін тапқан. Ағайынды аралап жүріп аталас туысы, яғни бес атадан тарайтын Сейітқазин Оспан атты ең жақынын да кездестіріпті. Міне, әке аманатын осылай орындаған.
Қаһарман Қаматайұлының еңбек жолын жалғастырар болсақ, ол жоғарыда атап өткен «Маралды» кеңшарының бөлімшесіндегі қызметінен кейін сол жерде 1972 жылдың 26 наурызында мал дәрігері лауазымына тағайындалған. Айтпақшы, осы кезеңде жұмысын атқарып жүріп, өзінің жеке өмірін де қолға алып, үйленуге бел буған екен. Ол болашақ жарымен кеңшар мен мектептің комсомол ұйымның қоғамдық негізіндегі жиналыстарында танысып, 1972 жылдың жаз мезгілінде, нақты айтар болсақ, 23 шілде күні 7 сырласына айналған Павлодардың қызы Ғалия (азан шақырған аты – Жаңыл) Тоқтаровамен шаңырақ көтерген. Қолына қондырған құсы сол жылдары орыс тілі пәнінен сабақ берген. Содан бері екеуінің бүгінге күнге дейін арасы ажырамай, жарасымды жұптың үлгісін көрсетіп келеді.
Қаһарман Зағыттың «Маралды» кеңшарындағы жұмысы өте жауапты болды. Мал дәрігері ретінде оған үлкен міндет жүктелді. Ол лауазымға бекітілген кезде кеңшардағы ірі қара малдың 42%-ы туберкулезге, 27%-ы сарып-бруцеллезге шалдыққан. Осы қос індетпен күресу жолында Қаһарман Қаматайұлы халықпен бірлесе жүйелі жұмыс атқарып, ірі қара малды сауықтыру жолында барын салды. Тиісті залалсыздандырудың нәтижесінде еткен еңбек, төккен тер ақталып, 1980 жылдың наурыз-сәуір айларында малдардың жоғарыда аталған дерттерге деген бейімділігі едәуір төмендеген. Мәселен, туберкулез 0,02%, сарп-бруцеллез 0,04% болған.
Осындай нәтижеге жеткен соң Қаһарман Зағыт мал дәрегерлік қызметінен кейін Павлодар облыстық партия комитетінің ұсынысымен 1980 жылы 4 сәуірде «Боровое» кеңшарының бастауыш партия ұйымы парткомының хатшылық қызметіне тағайындалған. Бұл лауазымда 1987 жылдың 13 сәуіріне дейін еңбек етіп, 7 жылдың ішінде ауыз толтырып, ел мақтап айтатындай елеулі істер атқарған. Атап айтар болсақ, кеңшарда қордаланған мәселелерді партия, кеңес, комсомол және кәсіподақтың жиындарында көтеріп, соны шешу мақсатында тиісті қаражат бөлуді қарастырған. Осындай бастамалардың арқасында жергілікті мектепке жапсаржай ретінде 240 оқушыға арналған қосымша сыныптар, асхана және денешынықтыру залы салынған. Сондай-ақ бұл білім ошағы үш ауысымдықтан екі ауысымға өзгерген.
Тағы бір нәтижелі істің бірі – 1982 жылы Галкин ауылындағы 400 көрерменге арналған Мәдениет үйінің салынуы. Сонымен қатар 1987 жылы 140 баланы қабылдайтын балабақша пайдалануға берілді.
Қаһарман Қаматайұлы жастар қауымына да жанашырлық танытқан. Кәсіби тұрғыда өсуіне, дамуына үлкен септігін тигізген адам. Тіпті, 1980-1987 жылдары аралығында орта лауазымда қызмет етіп жүрген мамандарды жоғарғы оқу орындарға түсуіне қол ұшын созып, білім мен біліктілігін арттыруға көмектескен. Озық ойлы, қабілет-қарымы бар жас буыннан резерв жасақтап, ауданның шаруашылығында жұмыс істеу үшін қызметке орналасуына қолдау білдірген.
Нәтижелі іс әрдайым бақ-беделді арттыратыны сөзсіз. Жұмысының табысты болуының арқасында Қаһарман Зағыт 1987 жылы сәуір айында Шарбақты аудандық атқару комитетіне қарасты халықтық бақылау бөлімінің инспекторы болды. Мұнда да табандылық танытып, қызметін абыроймен атқарып, 1988 жылдың тамызында Шарбақты аудандық «Трибуна» газеті редакторының орынбасары және партиялық өмір тіршілігі бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалған. Мерзімді баспасөздің тіршілігіне де білек сыбана кірісіп, ауданның айнасы арқылы жұртшылықты жақсы жаңалықпен сүйіншілеп отырды. Оның ішінде өңірдің дамуына үлес қосып жүрген жандарды дәріптеп, кейбір елеусіз жандардың еңбегін жұртқа таныстырып, оқырман қауымға жеткізген.
Газеттегі жұмысының жемісті болуы оның Шарбақты аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміндегі нұсқаушы қызметіне орналасуына жол ашқан. 1990 жылдың алғашқы айында аталған қызметке орналасып, тамыз айына дейін міндетін мінсіз атқарды. Одан кейін Қаһарман Қаматайұлы «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалында төраға орынбасары, одан кейін көп ұзамай төраға лауазымына тағайындалды. Ол ешқандай жалақы төленбейтін осы қоғамдық жұмысты қолына алып, ана тілдің мәртебесін асқақтату жолында талай жыл еңбек етті. Сондай-ақ аталған жауапты істі атқара жүріп, 1993-1998 жыл аралығында Шарбақты аудандық тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі, одан кейін аудандық әкімдіктің ішкі саясат, тіл, мәдениет және спорт бөлімінде тілдерді дамыту мәселелері бойынша бас маман қызметін атқарған. Бұл лауазымда Қаһарман Қаматайұлының елеулі еңбегі анық байқалған. Ол осы қызметте жүріп аудандағы 42 мектептің жетеуін толық қазақ тілді етіп, алтауын аралас орыс-қазақ тілдерінде оқытатын мектепке айналдыруға күш салған. Сонымен қатар 1997-1998 жылдары талай студенттің оқу ақысын төлеуге жағдай жасап, тіл мамандарын мектепке орналасуына мұрындық болған. 1993 жылы еңбек шарты негізінде Моңғолиядан көшіп келген 100 отбасын жылы қабылдап, қандас бауырлардың атамекенде бейімделуіне бар күшін салды. Жалпы алғанда 500 адамға қамқорлық танытып, олардың атажұрттағы тұрмыс-тіршілікке етене араласып кетуіне жағдай жасады. Одан бөлек 1997 жылы басқа да қандастардың, оның ішінде Моңғолияның еңбек шартымен келген оралмандардың ықтияр хат арқылы құжаттарын заңдастырып, өз елінде азаматтық алуына қолғабыс еткен.
Қаһарман Қаматайұлы Шарбақты ауданындағы діни ахуалдың реттелуіне де көп көңіл бөлген. Аудан әкімінің өкімімен діни конфессиялардың бөлімшелерін тіркеуден өткізіп, үйлестіру ісімен айналысқан. Нәтижесінде 1997-2019 жылдар аралығында аудандағы 9 мешіттің, бір католик шіркеуінің, және үш православия шіркеуінің елге қызмет етуін қолға алып, ғибадатханалардың құжаттарын реттеп, заң жүзінде тіркеткен.
Шекара шебіндегі жұмысын да ерекше атап кеткен жөн. 1992 жылы Шарбақты ауданында құрылған шекара комендатурасымен тығыз байланыста болып, бекеттерде жергілікті ұлт өкілдерін қабылдауға ұсыныстар жасап, ашық ақпараттармен қамтамасыз еткен. Былай қарағанда, естіген адамға бұл жай жұмыс болып көрінуі мүмкін. Алайда қырағылық қызметтегі мұндай жауапты істер өте мұқияттылықты талап етеді.
Қаһарман Қаматайұлының осындай түрлі салада атқарған қызметіне қызыға қарап, оның жан-жақты, епті, ізденімпаз, байыпты іске бастамашыл екеніне көз жеткізуге болады. Осыншама еліне арнаған еңбегі елеусіз қалмаған. 2001 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған медалімен марапатталса, Шарбақты ауданының ахуалын арттыруға үлес қосқаны үшін осы ауданның «Құрметті азаматы» атанған. Сонымен қатар 2016 жылы Б.Момышұлы атындағы «Шапағат» және 2017 жылы «ҚР Шекара қызметінің құрылуына – 25 жыл» медальдарын кеудесіне тағып, одан кейін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Дәл сол сияқты облыс пен аудан басшылығы да құрмет көрсеткен. Анығын айтқанда, Павлодар облысының әкімі мен Шарбақты аудының әкімі өз аттарынан Алғыс хат пен Құрмет грамоталарын табыс еткен.
Қаһарман Зағыт жоғарыда атап өткен қоғамдық жұмыс болып саналатын Шарбақты ауданындағы «Қазақ» тілі қоғамының төрағалық қызметін 2019 жылдың 30 тамызында аяқтаған. Дәл осы күні ол аудан әкімдігінде «Қазақ тілі» қоғамындағы 29 жыл 6 ай атқарған жұмысына есеп беріп, жергілікті халыққа, әріптестеріне риясыз ризашылығын білдірді. Тіл жанашыры ретінде талай ауқымды шаруа атқарғанын оның жерлестері көріп, жоғары бағалаған.
Осы бір есеп беру сәтінен кейін Қаһарман Қаматайұлы ниеттес, рухтас жандардың жақсы тілегін арқалап, жұбайы Ғалия Төлешқызымен туған жері – Қарасай жеріне қоныс аударған. Ағайын-туыстың ортасына келіп, «қызықты қыздан көресің» дегендей, қызғалдақтарының қасына келуді жөн санаған.
Қызғалдақтар демекші, Қаһарман Зағыт пен Ғалия Тоқтарова шаңырақты шаттыққа бөлеген алты қыздың ата-анасы болды. Тұңғыштары егіз болғанмен, Гүлбаршын жарық дүниені көрместен, бақилық болған. Ал екіншісі Әлия Қаһарманқызы өзінен кейінгі сіңлілеріне аяулы әпке атанды. Одан кейін қыздардың ізін Әсия, Айгерім, Бақыт, Балжан жалғап, ата-ананың перзент сүю қуанышын еселей түсті. Қыз мұратын ұққан орнықты отбасының қарлығаштары өз ұяларынан қанат қағып, бүгінгі таңда бір әулеттің түтінін түтетіп, бақытты ғұмыр кешуде. Ал Қаһарман атамыз бен Ғалия апамыз Қарасай жеріне қоныс аударған соң, қыздары Бақыт пен ұлындай болып кеткен күйеу балалары Мейірханның шаңырағында қазыналы қарт атанып отырған жайы бар. Жиендеріне ақылшы ретінде ардақты ата, мейірман әже болып, солардың қызықшылығын бірге көруде.
Қос қарияның отау құрғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Осы аралықта екеуі талай қызықты бірге көріп, біраз сынақты еңсерген. Бүгінде екеуі қол ұстасып, махаббаттың құдірет күшінің арқасында бір-бірін демеп, жақсылықтың ортасынан табылуда. Әсіресе, Қаһарман ақсақал Ғалия апамызды ерекше құрметтейді. Тіпті, әңгіме барысында әрбір жетістігіне оның үлесі көп екенін айтты.
«Мен оны алғаш Павлодарда көргенде мұндай сұлу жанды енді кездестірмейтінімді түсіндім. 7 ай сырлас адамға айналдық. Кейін шаңырақ көтердік. Менің қызмет бабымдағы әрбір жетістігіме оның үлесі зор. Үнемі тілеулесім болып, сын сағатта қасымнан табылды», – деп Қаһарман қария өмірлік жарына деген ыстық ықылысын білдірді.
Біз таныған қадірлі қария Қаһарман Қаматайұлының өмір жолы, міне осындай. Еселі еңбегі ел жадында жатталып, өнегелі істері кейінгі ұрпаққа үлгі болады деген сенімдеміз. Мерейлі 80 жасқа жетуімен шын жүректен құттықтаймыз! Әрдайым абырой биігінен көрініп, ұрпағымен ұлағатты, ақылымен сымбатты болып, құрмет төрінен көріне берсін, деп тілейміз!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.