Мемлекет саясатына сәйкес, Қарасай ауданында қоғамның бір бөлшегі саналатын жастарды қолдау үшін жыл сайын жаңа жобалар енгізіліп келеді. Олардың сапалы білім алуына, лайықты жұмысқа орналасуына барынша көңіл бөлінуде. Десе де атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, жастар арасында өзектілігі артып, шешімі табылмай тұрған маңызды мәселелер әлі де баршылық. Ауданда жастар тарапынан жасалған және де оларға қарсы жасалған бұзақылық, буллинг, зорлық-зомбылық, өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік секілді мәселелердің деңгейі қазірдің өзінде төмендемей келеді.
Мәселен, 2024 жылы ауданымыз бойынша кәмелетке толмағандардың арасында қылмыстық пен құқық бұзушылық бойынша алты қылмыс, 2448 әкімшілік құқық бұзушылық орын алған. 26 кәмелетке толмағандар ПБ ЖПҚБ ЮПТ-ның есебіне қойылған. Құқықбұзушылық бағытындағы өзге де мәселелерге қатысты көрсеткіштер де көңіл көншітерлік деңгейде емес.
Осыдан бір апта бұрын аудан әкімі Жасұлан Естеновтің төрағалығымен өткен Жастар ісі жөніндегі Кеңестің отырысында осы және жастарға қатысты өзге маңызды мәселелер талқыланған еді. Басқосуға аудан прокуроры Жәнібек Жақаев, ҰҚК Алматы облысы бойынша департаментінің және аудандық полиция басқармасының өкілдері, бөлім басшылары, қала және округ әкімдері, ардагерлер мен кеңес мүшелері қатысты. Күн тәртібінде жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және профилактикалық шаралар жайында, сондай-ақ аудан аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен қылмыстың алдын алу бағытында цифрландыру («Сергек» пен басқа бейнебақылау камераларын орнату) жұмыстары туралы сөз қозғалды.
Алғашқы мәселе бойынша бірінші болып аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жарқынай Садуова жастар саясатының жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама оқыды. Оның айтуынша, бүгінде Қарасай ауданында жастар саны 74310 жетіп, халық санының 22 %-ын құрап отыр. Оның 15 622-сі қалада, 58 688-і ауылда тұрады. Жұмыспен қамту бағытында жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, ақылы қоғамдық жұмыстар және кәсіби оқыту бағдарламалары арқылы 997 жас азаматқа көмек көрсетілген. Сондай-ақ 1555 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 431 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 20 жас қамтылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 42 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 310 млн теңге бюджеттік несие және 90 маманға көтерме жәрдемақы төленген. «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында 9 азамат қайтарымсыз грант алған.
Сонымен қатар құқық бұзушылыққа бейім жастардың саны көбейгендіктен арнайы сауалнамалар жүргізілген. Нәтижесінде 189 белсенді, 81 маргиналды, 30 бұзақы жастар анықталып, қажетті жұмыстар атқарылған.
Одан бөлек жылдағы жоспарға сәйкес мәдени – 35, спорттық – 13, патриоттық – 11, құқық бұзушылық – 40, neet санатындағы жастармен – 14, волонтерлік бағытта – 30 шаралар ұйымдастырылған.
Жарқынай Қыдырханқызының баяндамасын тыңдаған аудан басшысы, бүгінде Жастар орталығы барлық саланы қамтығаннан гөрі 3-4 бағытта ғана нақты жұмыс істеп, жақсы нәтижелерге қол жеткізу керектігін айтып, орынбасары Ақылбек Бексұлтанға тиісті тапсырма берді.
Ал жастар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелері бойынша аудандық полиция басқармасының өкілі айтып өтті. Баяндамада айтылған көрсеткіштер көңіл көншітерлік емес. Анығырақ айтқанда, кәмелетке толмағандардың арасында қылмыстық пен құқық бұзушылық бойынша 2024 жылы 6 қылмыс, 2448 әкімшілік құқық бұзушылық орын алып, 26 жас аудандық полиция басқармасы ЖПҚБ ЮПТ-ның есебіне қойылған. Сондай-ақ есепке міндетін тиісінше орындамағаны 13 ата-ана тұрғызылған. Девинатты мінез-құлықты екі бала ерекше режимде ұстайтын арнайы мектеп-интернатына орналастырылған.
Сонымен қатар бес ата-ананы құқығынан айыру бойынша құжаттар сотқа жолданған. Нәтижесінде соттың шешімімен үшеуі ата-аналық құқығынан айырылып, екеуінің құқықтарына шектеу қойылды. Үш жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды.
Ювеналдық полиция қызметкерлерінің тарапынан жасалып жатқан түсіндірмелік, тәрбиелік және рейдтік жұмыстар арқасында бірқатар көрсеткіштер төмендегенімен, жастар арасындағы және оларға қарсы қылмыстар мен құқықбұзушылықтар санын азайту оңай болмай тұр.
Полиция өкілінің баяндамасы бойынша Жасұлан Естенов көрсеткіштердің өскені тек аталған органның ғана емес жалпы қоғамның мәселесі екенін сөз етті. Сондай-ақ, аудандық ювеналдық полиция қызметкерлері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың белсенділігін арттыру қажеттігін жеткізді.
Мектеп оқушылары арасындағы құқық бұзушылық, оның ішінде буллинг жане зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева баяндады.
Әсел Әблеқызының мәлімдеуінше, аудандағы білім беру мекемелерінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психологтардың бірлескен жұмыс жоспары бекітілген. Соған сәйкес оқушылармен әртүрлі профилактикалық дәрістер, лекциялар, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
2024 жылы кәмелетке толмағандар арасында өзіне қол жұмсау бойынша төрт факт, екі суицид әрекеті және 4 оқыс оқиға тіркелген.
Ерте жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу бойынша құқық қорғау органдарымен бірлесе жалпы білім беретін мектептердің 8-11 сынып оқушылары арасында «Жасөспірімдер тәрбиесі», «Безопасное половое развитие подростков» тақырыптарында пікір алмасулар, «Қатыгездіктің озбырлығы», «Қылмыс және отбасы», «Әлімжеттікке тосқауыл», «Построим мир без насилия», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» тақырыптарында ата-аналар жиналыстарын өткізіп, жасырын сауалнама алынған. Атқарылған жұмыстар өз нәтижесін берген. Алайда оны жақсы деуге болмайды. Ашып айтқанда, осы шаралар барысында бір мектеп оқушысының үйінде өгей әкесінен жәбір көргені белгілі болды. Әрине бұған байланысты барлық тиісті жұмыстар жүргізілген. Жасөспірімге жан-жақты қолдау көрсетіліп, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.
– Жоғарыда айтылған жаға ұстатарлық оқиғада тағы бір адамды таңғалдыратын жайт бар. Істің анық-қанығын зерттеу кезінде болған нәрсені жеткіншектің анасының білгені, бірақ неге екені белгісіз ештеңе істемегені белгілі болды. Бұл бір жайт қазіргі орын алып жатқан оқиғалардың көбінің түпкі мәселесін көрсетіп отыр десе болады. Яғни біз өз тарапымыздан жастармен қаншалықты жақсы жұмыстар жүргізсек те, егер ата-аналар қолғабыс етпесе, олар балаларымен ата-ана болып қарым-қатынас нығайтпаса, ата-аналық міндеттерін ұмытса, мәселе шешімін таппайды. Сондықтан бізге бірінші кезекте ата-аналардың белсенділігі қажет болып отыр, – деді баяндама соңында Әсел Еркімбаева.
Білім бөлімінің басшысын мұқият тыңдаған аудан әкімі, шын мәнінде, бұл өте маңызды мәселе екеніне тоқталып, білім бөлімі ювеналды полиция қызметкерлерімен бірлесе ата-аналармен жүргізілетін жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Бөлім басшыларынан кейін қарасайлық жастардың көп бөлігі тұратын Қаскелең қаласы мен Іргелі ауылдық округінің әкімдері баяндамаларын оқып, өз аймақтарында жастарға қатысты бірқатар мәселелерді көтеріп, аудан әкімінен қолдау сұрады. Мәселен, Іргелінің әкімі Арман Қамалбектің айтуынша, округке қарасты «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі 10, 12, 18-ші үйлерде компьютерлік клубтар және 7-ші үйде киностудия орналасқан. Олардың көбі түнгі уақытта да жұмыс істегендіктен, көптеген жасөспірімдер сонда жиналады. Ал жастар жиі шоғырланған жерде әртүрлі құқықбұзушылықтар орын алуы әбден мүмкін екені белгілі. Осыған байланысты округ әкімі аудан басшысынан аталған орындарды жабуға көмек сұрады.
Жасұлан Тоққожаұлы жалпы «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі үйлердің астындағы жер төленің барлығы дерлік заңсыз екенін айтып, Арман Даниярұлына полиция басқармасы және прокуратура қызметкерлерімен бірлесе отырып, тексеріс жұмыстарын жүргізуді, талапқа сәйкес келмейтін нүктелерді жабуды тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша бейнебақылау камераларын орнатуға жауапты «Көркем Телеком» ЖШС-нің жоба менеджері Алишер Мунатаев сөйледі. Оның айтуынша, бірқатар облыстық мекемелер мен «Көркем Телеком» ЖШС-нің жасасқан мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты аясында Алматы облысы бойынша жалпы саны 9100 бейнебақылау камера орнату жоспарланған. Соның 1000-ы Қарасай ауданына қойылады. Жобаның аяқталу мерзімі – бес жыл алты ай.
Қазірдің өзінде аудан орталығы Қаскелең қаласы мен Жандосов, Шамалған, Бекболат, Қайнар, Шалқар, Жамбыл, Әйтей, Еңбекші ауылдарында 110 бейнебақылау камерасына арналған тіреуіштер орнатылған. Қосымша тағы 140-ын орнату қолға алынуда. Осы жұмыстар аяқталып, желілер толығымен іске қосылғанда аудан аумағында жалпы 1000 бақылау бейнекамерасы іске қосылатын болады. Сондай-ақ ауданда қосымша жылдамдықты қадағалайтын 52 «Сергек» камералары да орнатылады.
Бұл құрылғылар болған жайды тәулік бойы таспаға түсіріп, жазбаны 30 күнге дейін сақтайды. Оның үстіне бақылау камераларының түсіру сапасы өте жақсы болғандықтан, ауданның полицейлері құқық бұзушылықтардың алдын алады әрі оның салдарын еркін анықтауға мүмкіндіктері бар. Жаңа камералар арқылы көлік жүргізушілерін де тәртіпке салуға болады.
Осы жұмыстар арқасында 2029 жылға қарай жол-көлік оқиғалары, қоғамдық орындардағы қылмыстар, оқыс оқиғаларда қайтыс болғандар мен жараланғандар санын 40 %-ға азайту жоспарланған.
Аталған мәселеге үлкен назар аударып отырған аудан басшысы Қарасай жері Алматы облысы бойынша халық саны ең көп қоныстанған аудан болғандықтан, жоспарланған 1000 камера аздық ететінін жеткізді.
– Қарасай ауданы үшін 1000 камера аздық етеді. Мәселен, аталған жоба бойынша Балқаш ауданына шамамен 700-дей камера орнатылмақшы. Бірақ халық саны біздікі секілді көп емес. Сондықтан облыстан жобаға өзгертулер енгізіп, басқа шағындау аудандарға орнатылатын камералардың біразын біздің ауданға сұрау қажет, – деді Жасұлан Естенов.
Аудан әкімінің бұл ойын құптаған аудан прокуроры Жәнібек Жақаев бейнебақылау камералары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жақсы құрал екенін жеткізді. Оның айтуынша, ауданда бір қылмыс немесе құқықбұзушылық орын алса, камералар арқылы күдіктіні анықтау және тауып алу жұмыстары жеңілдей түседі. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қылмыстарға жедел әрекет етуге және тез ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан ол аудандық прокуратура тарапынан да облысқа хат жіберіп, камералар санын көбейтуді сұрайтынын жеткізді.
Жиын соңында аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы кеңес отырысында қаралған мәселелерге байланысты кемшіліктер жайында айтып, бірқатар ескертулер жасады. Сонымен қатар көтерілген мәселелерді шешу үшін барлық бөлімдер мен тиісті мекемелер бірігіп жұмыс істеу керектігін ескертіп, жиналған басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.