Азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жақсарту мәселесі басты назарды болуы тиіс. Осы мақсатты орындау өзекті болғандықтан, жыл сайын ақпан айының алғашқы бейсенбісі кәсіби мереке ретінде Дүниежүзілік сайлау күні болып бекітілді.
Бұл айтулы дата Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының 2005 жылғы қыркүйек айында Будапешт қаласында өткен Бас конференцияда белгіленіп, Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдауға ие болды. Міне, осы сәттен бастап әр елде Дүниежүзілік сайлау күні атап өтілуде.
Дүниежүзілік сайлау күнін белгілеу қоғам санасында демократияландыру процесін жүйелей отырып, сайлау процесіндегі жетістіктер туралы халықты хабардар ету болып табылады. Сонымен қатар сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға бейімділікті қалыптастыруға болады.
Қазір кез келген елдің саяси өмірінде сайлау маңызды рөл атқарады. Тіпті, тұтас мемлекеттің болашағы саяси науқанға байланысты екені жасырын емес. Сондықтан әрбір мемлекет өзінің Ата заңында оны жүзеге асырудың ережелері мен нормаларына ерекше басымдық береді. Осы ретте елдегі аталмыш саланың маңыздылығын сөз етсек, артық болмас.
Қазақстандағы сайлау және сайлану құқығы 1995 жылғы қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында реттелген. Конституцияның және осы Заңның ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Президентін, Парламенті Мәжілісінің, мәслихаттарының депутаттарын, сондай-ақ аудандарының, облыстық маңызы бар қалаларының, аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жағдайында өткізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті жеті жыл мерзімге сайланады. Республика Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда соңғы 15 жыл тұратын, жоғары білімі және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі бар республика азаматы сайлана алады.
Ал Қазақстан Республикасының Парламенті елдің жоғары өкілді органы болып табылады және тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан, яғни Сенаттан және Мәжілістен тұрады. Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы 10 жыл тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады.
Сенатты 50 депутат құрайды. Оның 40-ы әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және республика астанасынан екі адамнан сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Сенаттың 10 депутатын, оның ішінде бесеуінҚазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша ел Президенті тағайындайды,
Жасы 30-ға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Олардың өкілеттік мерзімі – алты жыл.
Мәжіліс аралас сайлау жүйесі бойынша сайланатын 98 депутаттан тұрады. Оның 69-ы саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша бірыңғай жалпы ұлттық сайлау округі бойынша, ал 29 мәжілісмен бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. 25 жасқа толған адам Мәжіліс депутаты бола алады. Олардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Мәслихаттарды халық жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша анықталады. Нақты айтар болсақ, бірыңғай аумақтық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша депутаттардың жартысы, сондай-ақ бір мандатық аумақтық сайлау округтері бойынша екінші жартысы сайланады.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттары бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы мәслихат депутаты бола алады
Қазақстан Республикасы аудандарының, облыстық маңызы бар қалаларының, аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің әкімдерін Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының және Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сай 25 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматтары арасынан жасырын дауыс беру кезінде жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы төрт жылға қызметке сайлайды.
Ел мүддесі үшін халықтың дауыс беруі арқылы шешілетін сайлаулардың біразы өткен жылы біздің ауданда да өтті. Оның ішінде мемлекеттік деңгейдегі референдумды айрықша атауға болады. 2024 жылдың 6 қазанында өткен республикалық референдумның басты мақсаты – Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша халықтың таңдауын анықтау.
Сонымен қатар былтыр Қарасай ауданы бойынша төрт ауылдық округ әкімдерінің сайлауы және №6 округ бойынша Қарасай аудандық мәслихатының шығып қалған депутаттың орнына сайлау өтті. Аталған саяси науқандарға Қарасай ауданының тұрғындары саяси сауаттылығын және ұстанымдары көрсете отырып, белсенділіктерін байқатты.
Қарасай ауданында осындай саяси науқан өтетін күндерде аудандық аумақтық сайлау комиссиясы әрдайым жауапкершілікті жоғары қояды. Өйткені сайлау құқығы сақталып, ел болашағы үшін жасалатын халықтың таңдауын нақтылау өте мұқияттылықты талап етеді. Сондықтан жоғарыда ең бірінші атап өткендей, Дүниежүзілік сайлау күнінің өзектілігі де осыны көздейді.
Ғалия АМАНОВА,
Қарасай ауданының аумақтық
сайлау комиссиясының төрағасы.