«AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов партияның сайлауалды бағдарламасы аясында аудан көлемінде атқарылған жұмыстар бойынша брифинг өткізді. Есеп беру барысында «AMANAT» партиясының Алматы облысы бойынша 2023-2027 жылдарға жоспарланған істердің барысы айтылды.
Белгілі болғандай, аталмыш партияның жоғарыда көрсетілген кезеңі бойынша «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының 106 іс-шараны қамтитын Жол картасы бекітілген болатын. Оның ішінде Қарасай ауданына қатысты ағымдағы жылға 62 іс-шара бекітілген. Бүгінгі күнге аталған іс-шаралардың 39 орындалды, 17-і орындалу барысында, 5-і белгілі себептермен ағымдағы жылы орындалмайды және 1 іс-шара қате сұрақ болып табылды. Ол – Қарасай ауданының Алатау елді мекенінде өрт сөндіру бекетін құру. Бұл ретте айта кету керек, Қарасай ауданында Алатау деп аталатын елді мекен жоқ.
Брифинг барысында «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжановтың баяндамасында ауданның даму көрсеткіштері те айтылды. Атап айтқанда, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша облыста жетекші орынға шығып, бір қатар көрсеткіштерге қол жеткізген. Нақтырақ айтсақ ағымдағы жылдың 10 айында өнеркәсіп өндірісі – 510,3 млрд. теңгеге жетіп, 8,1%-ға өсті (2023 ж. 10 айы – 488,3 млрд.теңге), оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 467,7 млрд. теңгені құрап, 8,5%-ға өсім көрсетіп отыр (2023 ж. 10 айы – 430,9 млрд.теңге), ауыл шаруашылығында 68,6 млрд.теңгенің өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 100,4% құрады (2023 ж. 10 айы – 70,0 млрд.теңге), 148,3 млрд.теңге инвестиция тартылып, 12,2%-ға өсті (2023 ж. 10 айы – 124,9 млрд.теңге), іске қосылған тұрғын үй көлемі 227,8 мың ш.м жетіп, 1,6%-ға өсім көрсетіп отыр (2023 ж. 10 айы – 224,3 мың шаршы метр), орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 44,4 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 114,0% құрады (2023 ж. 10 айы – 48,6 млрд.теңге). Бөлшек тауар айналымы 178,1 млрд.теңгеге орындалып, 1,4%-ға өскен (2023 ж. 10 айы – 166,5 млрд.теңге).
Қазіргі таңда ауданда жаңа өндірістер құруға бағытталған инвестицияларды тарту бойынша және инвесторлардың жобаларын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсету арқылы жұмыстар жүргізілуде.
Ағымдағы жылы Қарасай ауданы әкімдігінің қолдауымен жаңа өндірістер ашылды:
– Шамалған ауылында 2,4 га жер телімінде «Қазақстандық құбыр арматурасы зауытының» (КЗТА) құрылысы аяқталды. Инвестиция көлемі – 2,6 млрд. теңге. Тұрақты 80 жұмыс орындары құрылды;
– Сауыншы ауылында «BMG Holdinq» компаниясы жалпы алаңы 2000 шаршы метрді құрайтын сэндевич-панель шығаратын зауыттың құрылысын аяқтап, 60-қа жуық жаңа жұмыс орындары құрылды. Бұл жобаның инвестициялық құны – 1,8 млрд. теңге.
Аудан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті дамыту. Аталған сала бойынша «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 367 кәсіпкерлерге 37,6 млрд. теңге көлемінде бөлінді.
Сонымен қатар «AMANAT» партиясының қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» және «Қарызсыз қоғам» жобаларын атап өтуге болады. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында аудан бойынша жалпы соммасы 2,7 млрд. теңгеге 313 жобаның өтінімі жинақталды, оның ішінде 2,3 млрд. теңгеге 263 жобаның құжаттары «Қонаев әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясына» өткізілді (СПК «Қонаев»). Қазіргі уақытта 54 жобаға 467,0 млн. теңге несие берілді. Аталған бағдарлама шеңберінде аудан бойынша жалпы 590,0 млн. теңге несие алу үшін 20 өндірістік кооперативі құрылып, «Қонаев әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясына» 9 кооперативтердің құжаты өткізілді.
«Жер аманаты» жобасы бойынша мақсатына сай пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет тарапына қайтару, оны қайта айналымға қосу жөніндегі жұмыстар жүруде. Бүгінгі күнге ауданда мақсатты бағыты бойынша пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы 34 149,6 га жер телімі анықталып, оның 4696,5 га жер қорына қайтарылды.
Ал Азаматтардың қызығушылығын арттырған партиялық жобаның бірі «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында биыл ауданда 1500 азаматты қаржылық сауаттылық оқу курсынан өткізу жоспарланып, бүгінгі күнге 1676 адам білім алды немесе 11,7%-ға жоспардан артық.
Ауданымызда әлеуметтік салалар да назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, білім саласы бойынша ең өзекті мәселелердің бірі үш ауысымдық мектептер. 2024-2025 жылдары “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасы аясында аудан бойынша 13 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 10 мектеп салу қарастырылған. Қазіргі таңда аталған жоба бойынша 6 жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Олар – Қаскелең қаласы мен Қошмамбет, Елтай, Долан, Көкөзек, Кемертоған ауылдары. Оған қоса 2025 жылдың 2-ші тоқсанында Алмалыбақ және Бұлақты ауылындағы мектептердің құрылысы аяқталып, қолдынысқа беріледі. Дәл сол сияқты Жандосов және Қырғауылды ауылдарындағы мектептердің құрылысы 2025 жылға жоспарлануда.
Осылайша «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасының 38-ші тармағы «Жайлы мектеп Ұлттық жобасы аясында мектептер салу» және 49-ші тармағы «Қошмамбет ауылында орта мектеп салу» іс-шаралары толық орындалған.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, жалпы айтқанда басқа да сала бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылуда.