Ауданымызда бұрын-соңды болмаған ота жасалды. Анығырақ айтқанда, өткен аптада Қарасай клиникалық көп бейінді орталық аудандық ауруханасында алғаш рет лапароскопиялық тәсіл арқылы қуық асты безінің қатерлі ісігін алып тастау бойынша операция жасалды.
Бұл тәсіл арқылы бұрынғыдай адамның денесін кесіп, ашық түрде ішкі құрылыс мүшелерін тазалаудың қажеттілігі болмайды. Тек денеге кішігірім тілім жасалып, арнайы құрылғы арқылы қатерлі ісік алып тасталады. Яғни ол науқас үшін аз тәуекелдермен қажетті операциялық әрекеттерді жасауға мүмкіндік береді.
Жалпы соңғы жылдары ауданымыздағы медицина саласы белсенді түрде дамып келеді. Әсіресе, орталық ауруханада жаңа заманауи құрал-жабдықтар алынып, жас әрі дарынды дәрігерлер жұмысқа орналастырылуда. Сонымен қатар дәрігерлердің, әсіресе хирургия бөлімшесінің қызметкерлері заманауи әдістерді қолдана отырып, күрделі операциялар жасау бойынша білімдері мен тәжірибелерін жетілдіруде. Ол мақсатта өзге үлкен ауруханалардың мамандарының қатысуымен түрлі шеберлік сабақтары да ұйымдастырылуда.
Өткен аптаның сенбісі күні де аудандық орталық ауруханаға ҚР Президенті іс басқармасының медициналық орталығынан мамандар келіп, урологтар мен онкоурологтар үшін «Лапароскопиялық простатэктомия» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.
Шараның бірінші бөлімінде мамандарға арналған конференция өтті. Оның барысында аурухана директорының орынбасары Максим Стадников қонақтарға келгендеріне басшылық атынан алғысын білдіріп, осындай жұмыстардың маңызы жоғары екенін айтып өтті.
– Сонау Астана қаласынан келіп отырған әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз. Мұндай шеберлік сабақтары біздегі аудандық және ауылды жерлердегі ауруханалардың жұмыс сапасын көтеру үшін өте маңызды. Қазіргі уақытта басшылығымыздың арқасында Қарасай аудандық орталық ауруханада жас әрі белсенді мамандар көбеюде. Ал сіздер секілді кәсіби мамандардың тәжірибесі жастарға аса қажет.
Бүгінгі шеберлік сабақтары аясында жоспарланып отырған отаның сәтті өтуіне тілектеспін, – деді Максим Александрович.
Орынбасардан кейін тәжірибелі, өз ортасында танымал хирург Талғат Байтілеуов те сөз алып, бүгінде Қарасай ауданындағы хирургиядағы урология біраз шетте қалып қалғанын тілге тиек етіп, аталған шараны ұйымдастырған аурухана урологы Жәнібек Исаевқа алғысын жеткізді.
Астанадан келген қонақтар да өз тараптарынан олардың кәсібилігіне сенім білдіріп, шақырғандарына ризашылықтарын айтып, барынша тәжірибелерімен бөлісетінін алға тартты.
Конференцияның соңын Жәнібек Исаев қорытындылап, шеберлік сабағын ұйымдастыруға мүмкіндік берген аурухана басшысы Алмат Чормановқа және ҚР Президенті іс басқармасының медициналық орталығынан келген Бақтияр Қасымовқа ықыласын білдірді.
Мұнан соң шараның негізгі бөлігі басталып, дәрігерлер отаға дайындала басталды. Салыстырмалы түрде жаңа лапароскопиялық әдіспен жүргізілген ота қуық асты безінің қатерлі ісігін алып тастауға бағытталды.
–Жалпы біз лапароскопиялық тәсілмен операция жасауда біраз уақыттан бері жоспарлап жүргенбіз. Бұл өз санатында өте күрделі оталардың бірі болып саналады. Біздің ауданымызда осыған дейін жасалмаған. Барлық қажетті жабдықтар сатып алынған. Енді, міне жоспарымыз жүзеге асып отыр. Келген мамандардың тәжірибесі мол.
Астанадан мамандарды шақырудың да өз себебі бар. Ағымдағы жылдың көктем айында еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресей мемлекетінің урология саласының мамандары қатысқан үлкен басқосу өткен еді. Сол жерде мен Бақтияр Қасымовпен танысып, оның уролог маманы ота кезінде лапороскопиялық тәсілін қолдануда тәжірибесі көп екен біліп, шеберлік сабақтарын жүргізу бойынша келіскен едім. Осы арқылы алдағы уақытта біз өзіміз өзгенің көмегісіз осындай оталарды жасайтын боламыз, – деді Жәнібек Исаев.
ҚР Президенті іс басқармасының медициналық орталығынан келген Бақтияр Қасымовтың жетекшілігімен жасалған операцияны жоғарыда айтып өткеніміздей, хирургияның заманауи лапароскопия әдісі арқылы жүргізілді. Маманның айтуынша, кез келген науқас онсыз да ауырып, мазасы кетіп тұрған соң, ең жеңіл тәсілмен ем алғысы келеді. Ал лапароскопиялық технология арқылы науқастың денесін ешбір тілусіз емдеуге болады. Тек 3-4 жерден көлемі 0,5-1,5 см болатын саңылаулар жасалады. Бұндай тәсіл емделушінің қалыпты жағдайға келуін тездетеді. Ал дәстүрлі жолмен жасалатын отада науқастың қалыпқа келуі ұзағырақ болады. Сол себепті пациенттер өздерін осы әдіспен емдегенді қалайды екен.
Айта кетейік, аудандық көп бейінді аурухананың қызметкерлері операцияның барысын бақылап қана қойған жоқ. Олар процестің өзіне де белсенді қатысты. Ал Жәнібек Исаев дәрігердің ассистентті болды. Үш сағат уақытқа жуық созылған операция сәтті аяқталды. Қазіргі уақытта науқастың жағдай жақсы. Денсаулығына деген шағымдары жоқ. Ол көп ұзамай үйіне қайтады деп күтілуде.
Осылайша қарасайлық дәрігерлер қатерлі дертті емдеуде және алдағы уақытта күрделі операцияларды өз қолдарымен жасай алатындай астаналық әріптестерінен біраз нәрсеге үйрене алды. Бұл бір жағынан біліктілікті арттырса, екінші жағынан қауіпті ауруларды емдеуге септігін тигізеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.