Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шара Алматы облысында алғаш рет өткізіліп отыр. Мұнда өтінім берген қала тұрғындары мен қонақтары ұялы телефонының ақауын шеберлерге көрсетіп, сынған жерін тегін түрде жасатуға мүмкіндік алды.
Байқауға жалпы 15 мобильді сервис өтініш беріп, жетеуі іріктеуден өтті. Күні бойы жеті шебер 61 телефонды қайта іске қосты. Олардың шеберліктеріне әділ қазылар алқасы мен тұтынушылар баға беріп отырды.
Шара мақсаты Талдықорғандағы инженер кадрларының жетіспеушілігіне назар аударту, жастар арасында кәсіби шеберлерді анықтау, үздік мобильді инженерлердің жетістіктері мен тәжірибесін насихаттау дамыту.
««Mobile Service-2018» жәрмеңкесіне кәсіби шеберлерді тандауда бізге оның жасы, білімі мен жынысы маңызды болмады. Бастысы техниканың тілін жақсы меңгерсе болғаны. Жоба үлкен сұранысқа ие болып жатса, келешекте жалғасын таппақ», – дейді шара ұйымдастырушысы Динара Асетбекова.
Айта кету керек, аталмыш шара Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен Өңірлік коммуникациялар қызметінің қолдауымен өтті.