Бұл заманда елдің етегінде өмір сүріп жатқан қаншама мемлекет бар. Олар үшін еркіндік деген ұғым арманның жетегінде келе жатыр. Сондықтан тәуелсіз болудан асқан бақыт жоқ. Бостандығын аңсаған Қазақстанның болашағы 33 жыл бұрын бұлыңғыр еді. Алайда азаттықтың ақ туы желбіреп, 1991 жылы мемлекетіміз КСРО құрамынан бөлініп, ата-баба арман еткен егемендікке қол жеткіздік.
Тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып келгенімізге 33 жыл болса да бүгінгі ұрпақ оның бізге қалай келгенін ұмытуға хақысы жоқ. Тарих беттерінде тасқа қашалғандай сақталған анық ақпараттар ұлт жадынан өшпеуі тиіс. Әсіресе, желтоқсанның ызғарында кеудесін оққа тосқан боздақтардың ерлігі мәңгі есімізде. Сол бір 86 жылдың соңғы айында орын алған қанды оқиға суреттелгенде «Желтоқсан желі» әні құлағымызға жағымды естілетіні бар. Туындының құдіреттілігі соншалық санамызда сақталып, жыл сайын ел Тәуелсіздігі тойланғанда қосыла шырқап, құлазыған көңілді жұбатқандай боламыз.
Әрбір шығарманың өз тарихы болса, көптің жүрегіне жол тапқан «Желтоқсан желі» әнінің дүниеге келуі де әсерлі әңгімеге ұласады. Жақында Тараз қаласына жол түсіп, осы бір керемет туындының әнін жазған композитор Әбиірбек Тінәлімен сұқбаттасудың сәті түсті. Оның бұл әнінен бөлек «Анамның тілі», «Фариза»,«Қайрау», «Толғанай» сияқты біраз шығармасы бар екенін айрықша атап өту керек.
Ән әлемінің Әбиірбегі өте қарапайым жан екеніне таңғалдық. Ешкімде шаруасы, шатағы жоқ, айрықша атап айтар атағы жоқ, осындай құнды шығармаларды дүниеге әкелгенімен, биліктің беріп жатқан марапаты не жауып жатқан шапаны жоқ. Бұл өкінішті болса да, ақиқаты – осы. Әрине, ағамыз өзі айтқандай, халықтың ықыласынан асқан марапат табыла қоймас.
«Желтоқсан желі» әнінің тарихын Әбиірбек Берденұлы ауыр күрсініспен жеткізді. Санаға сілкініс әкелген композитор үшін жүректің үнін көпшілікке тыңдату қиынға соққан.
– Желтоқсан – қазақ үшін қасірет болғанмен, тәуелсіздіктің бастауы, – деп сөзін бастаған Әбиірбек аға сонау 86 жылдардың ұмытылмас сәттерін еріксіз еске алды. Сол бір кезеңде Әбиірбек Тінәлі Жамбыл облыстық драма театрында актер болып қызмет етіп жүрген. Айтуынша, 15 желтоқсанда бәрі тыныш болған. Алайда қар қалың жауып, 40 градус аяз болған келесі күні түсініксіз жайттар орын алыпты. Дәл сол күні таңғы уақытта жұмысқа кетіп бара жатқанда көшеде елдің дүрлігіп жатқанын байқап, «Алматыда бірнәрсе болыпты» деген сөзді естіген. Ол кезде бүкіл жаңалық мерзімді басылым арқылы тарағандықтан, жас актер Әбиірбек Тінәлі не жағдай болғанын білу үшін жұртпен бірге газет іздеген. Бірақ жұмысқа кетіп бара жатып, жолдың арғы бетіне өткенде 8 қабатты технологиялық институт жатақханасының ең жоғарғы жағынан қыз-жігіттердің бір-біріне жалғанған ақ мата арқылы төменге түсіп жатқанын көрген. Сөйтсе, студенттердің бәрі осылай қашып шығып жатыр екен. Ал ғимараттың алдында тәртіп сақшылары қырағылық танытып тұрыпты. Осы көрініске Әбиірбек аға Алматыда болып жатқан жағдайдың әсері барын бірден сезген. Бұл жағдайға қатты алаңдаған ол жұмыс орнына жеткенше іштей ыңылдап (әннің бас жағындағы алғашқы әуен) барған. Театрға кірген сәтте газет-журналдарға бірден көзі түсіп, «Ленин жолы» мен «Социалистік Қазақстан» газеттерінің алғашқы беттерінен «Информациялық хабар», «Алматыдан хабар» деген тақырыптағы мағлұматтарды оқыған. Онда: «20 мыңнан астам қазақтың қыз-жігіттері басбұзарлық жасады. Брежнев алаңында машиналарды еш себепсіз өртеп жатыр. Құқық қорғау органдарына бағынбай жатыр. Бәрі ішіп алған» деген сынды ойға қонымсыз сөздер жазылыпты.
Әбиірбек Берденұлы Тінәлі
Әбиірбек Тінәлі 1957 жылы, 22 сәуірде Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Жамбыл мәдени-ағарту училищесін «театр-көркемөнер режиссер» мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
Өнер жолын Талас ауданы Мәдениет үйінде қызмет етуден бастаған. 1978-1990 жылдары Жамбыл облысы драма театрында актер болып еңбек етіп, кейінгі жылдары Алматыдағы саз аспантар мұражайында ғылыми қызметкер, Алматы облысы Қазақ драма театрында музыкалық бөлімінің жетекшісі қызметтерін атқарған. Бүгінгі таңда А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында актер болып жұмыс істейді.
Әбиірбек Берденұлы қалың көпшілікке актер ретінде ғана таныс емес, оның әнші, композитор, қаламгер екенін де айта кету керек. Ол сондай-ақ, Қазақстан Жастар одағы сыйлық иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.
Әбиірбек Тінәлінің «Анамның тілі», «Фариза», «Толғанай», «Желтоқсан желі», «Әттең-ай», «Ұрпақ үні», «Сәлемдеме», «Мұнар», «Гүлнарым» сияқты әндері халыққа кеңінен танымал. 1998 жылы Т.Айтбайұлының «Ән әлемінің Әбиірбегі» атты сұхбат-кітабы жарық көрді. «Желтоқсан желі» атты ән жинағын шығарған.
– 8 қабатты жатақханадағы көріністердің әсері мен газет беттеріндегі ақпараттар жаныма тыныштық бермеді. Жастардың бас көтеруі, алаңда қиналып жатқаны есімнен шықпай, әуен болып төгіле берді. Содан осы әнге сөз жазу үшін ақын іздедім. Сол күндері Таразға Әбдірахман Асылбеков келгенін естіп, жолығу үшін әркімнен мекенжайын сұрастырдым. Жазушылар одағының облыстық филиалына, одан кейін газет редакциясына барып, әйтеуір бір жерден ақын ағаны таптым. Сөйтіп, оған жатақханадан көргенімді, қазақтың қыз-жігіттеріне жабылып жатқан ақпаратты оқығанымды айтып, ойымдағыны бүге-шүгесіне дейін баяндап бердім. Әбдірахман аға бәрін мұқият тыңдап, «әуеніңді ыңылдап айтып көрші» деп өтінді. Тыңдаған соң, былай деді: «Аааа! Бұл желтоқсан болды ғой». «Солай шығар, аға! «Алматы алаңында қаңсырап қыз бен бала қалды, ауылда аңырап әке мен ана қалды» деп жазайық», – деген едім, Әбдірахман аға бірден бұл ойым дұрыс емес екенін түсіндіріп, ертең мені полиция ұстап әкететінін айтты. Осы ретте Әбдірахман ағаға: «Бұл бәрібір желтоқсан жайлы болса, ендеше 1969 жылы 40-45 градустағы қақаған қыстың салдарынан жайылымдағы малдардың орнында қатып қалғаны, яғни жұт жылы жайлы жазайық», – деп айттым. Әбдірахман аға осы ойымды бірден қолдап, табылған ақыл, әннің мәтінін жазу үшін 1 сағат уақыт беруін өтінді, – деп Әбиірбек Берденұлы ақынмен болған алғаш кездесуін осылай еске алды.
Арада бірнеше сағат өткеннен кейін Әбдірахман Асылбеков әннің мәтінін дайындап беріпті. Әбиірбек аға ақынның сұлу сөздеріне ерекше тамсанып, оның ыждаһаттылығына таңғалған. Әрбір сөзі буын-буынға түсіп, жүректегі бұлқынысты жұлып алғандай жазған. Сол сәтте әннің авторы ақынның алдында «Желтоқсан желі» әнін домбырада шырқап беріпті.
Сазы мен сөзі үйлескен шығарма дайын болған соң Әбиірбек Тінәлі өзінің досы, актер Жүніс Әлімбековке осы әнді Алматыға барып жаздыруға қолқа салған. Желтоқсаншылардың рухын құлатпауға медеу әрі жақындарына жұбаныш болсын деген ниетпен алып шаһарға аттануға бел буған. Алайда Алматыда көтеріліс болып жатқан уақытта ол жаққа шығуға мүмкіндік болмаған. Себебі жолдың бәрін жауып, ешкімді жібермеген. Тек 20 желтоқсан күні мүмкіндік туыпты. Осы сәтті пайдаланған екі дос ұшаққа бірден барып-қайтудың билеттерін алып, Тараздан алып шаһарға аттанған.
– Алматыға келе сала бұрын бірнеше әнімізді жаздырған «Дядя Степа» деп атап кеткен Высочанский деген дауыс жазатын мықты маманға келдік. Оның студиясы Қазақ радиосының ғимаратында орналасқан. Соған кіріп мән-жайды түсіндіріп, тағы бір әнді шұғыл жарыққа шығару керек екенін айттық. Ол болса, «бұл не деген асығыстық, қандай шығарма алып келдіңдер» деп сұрады. Бірден алаңда болып жатқан жағдайды қолмен нұсқап, осыған қатысты ән екенін жеткіздім. «А, ну-ка, послушаем», – деді Степа ағайымыз. Қос дауыста шырқай жөнеле бастап едік, «Давай, мотор», – деді ол. Жүніс екеуіміз ащы дауыста күңірене әнімізді бастан-аяқ айтып шықтық. Ән аяқталған соң Степа ағайымыз бас бармағын жоғары көтеріп, «жарайсыңдар!» деген бағасын берді. Әнімізді жаздырып алған соң, ақыры Қазақ радиосында екенбіз, неге бірден тікелей эфир арқылы таратпасқа деген оймен 2-қабатқа көтеріліп, радиожүргізуші бір апайға ұсындық. Ол алғаш шумақтарын естіп, «Ойбай, «желтоқсан» деген сөздері көп екен, басым екеу емес, менің де бала-шағам бар. Эфирге бере алмаймын», – деді. Осы сөздерді естіп Жүніс екеуіміз басымызды төмен салбыратып, далаға шықтық, – деді әнші аға күрсініп.
Екі дос радиодан шығып ақырын аяңдап Алматының Мира көшесінің (қазіргі Желтоқсан) бойымен болған жағдайды күңкілдеп талқылап келе жатқанда қастарынан жіңішке, сұңғақ бойлы, жирен шашын артқа қайырған, көзі көкшілдеу, әдемі жігіт бұрылып қарап, «Әй, жігіттер! Қайдан келдіңдер. Қолдарыңда домбыраларың бар екен. Жай жүрсіңдер ме?», – депті. Екі әнші жөндерін айтып, болған мән-жайды түсіндіріп, әндері эфирге шықпайтынын түсіндірген. «Менімен жүрсеңіздерші, ішке қарай қайтадан кірейік», – деп Әбиірбек пен Жүніс ағалардың шыққан ғимаратына қарай бағыт алған.
– Жүніс екеуіміз іштей: «сен қайбір оңдырасын» деп артынан ілесе бердік. «Жігіттер, мен де осы мекеменің 2-қабатындамын. Жеке кабинетім бар. Мүмкін кірерсіңдер, сөйлесіп көрейік», – деді кездестірген жігіт. Көңілде жылт еткен үміт пайда болып, досым екеуіміз лента жүргізетін магнитофон арқылы әнімізді тыңдаттық. Алғаш шумағына құлақ түрген ол: «Бүгін қайда боласыңдар?», – деп сұрады. Жөнімізді айтып, «Қазақстан» қонақ үйінің 23-қабатында жатқанымызды, күні бүгін ұшақпен қайтатынымызды айттық. «Олай болса, біраз әңгімелесейік», – деп «Ән қашан шықты?» «Қандай мақсатпен?», «Не болып еді» деген сұрақтарды бірінен соң бірін қоя бастады. Жүніс екеуіміз оның сауалдарына жарыса жауап бердік. Қазақтың қыз-жігіттерінің көрген қорлығын, Тараздан Алматыға шыға алмай жатқанымызға дейін түсіндіріп, беріліп әңгімеледік. Сөйтсек, біздің бір сағат тілдескенімізді ол таспаға жазып алыпты. «Жігіттер, сендер бүгін қайтпаңдар. Радио сатып алыңдар немесе тауып алыңдар. Бөлмелеріңе апарып қосып қойыңдар», – деп қолымызға екі парақтан тұратын қағазды ұстатты. Сыртында «Азаттық радиосы. Қазақ бөлімшесі. Алматы қаласы» деп жазылса, ішкі бетінде радионың толқыны, жиілігі, бағдарламасы жазылған екен. Ал сағат 19:35-те біздің сөйлегеніміз эфирге берілетіні көрсетілген. Содан Жүніс екеуіміз таң-тамаша болып, әлгі жігіттен: «бұл қай жақтың радиосы, біз қалай сөйлейміз», – деп сұрақтарды жаудырдық. «Азаттықтан сөйлейсіңдер. Бұл – Америкадағы қазақ бөлімшесі», – деп жауап берді ол. «Әй, бұл да оттай береді екен ғой!» деп іштей ойладық та көңілде күдік болмас үшін барып радио сатып алып, не болса да 19:35-ті күттік. Кешке таман сол уақытта радионың шиқылдаған дауысы шығып, Құрманғазының Сарыарқа күйі күмбірлей жөнелді. «Ассалаумағалейкум, қандастар! Эфирде Американың Азаттық радиосындағы қазақ бөлімшесі. Арнайы хабар. Сіздерге кеше ғана Алматы қаласында орын алған оқиғаға қатысты репортажды ұсынамыз», – деген диктордың дауысы шығып, одан кейін бағана біз кездестірген жігіттің үні саңқ ете қалды. «Құрметті ағайындар! Эфирде мен – Қиял Сабдаллин. Сіздер үшін кеше Алматы қаласында болған жайтқа қатысты репортаж ұсынамыз, қасымда екі жігіт тұр», – деп сөзін бастағанда аң-таң болып қалдық. Содан біздің онымен радиода танысқанымыз, қалай келгеніміз, жалпы Жүніс екеуіміздің бүкіл айтқаны-мыз 55 минут көлемінде радиода беріліп, ең соңында әнімізге кезек берілді. Алғаш ыңылдағанымыздан кейін бірінші емес, екінші шумақ шырқалғанда Жүністің жылап отырғанын көріп, мен де оған қосылып, егіле жыладым, – деп Әбиірбек Берденұлы сол сәтті әсерлі жеткізді.
Екі достың көз жастарына ерік беруі рухтың оянғаны деп түсіндік. Ағамыздың өзегін өртейтін өкініші – қайдағы бір құрлықтағы радио сенің әніңді бүкіл әлемге паш етіп, ал өз еліңнің адамдары қолдау көрсетпей, ат-тонын ала қашқаны. «Ең болмаса, осы әнді есту арқылы ұл-қызын жоғалтқан, қайғы жұтқан әке-шеше мен туыстары жұбанар еді ғой!», – деп кейіпкеріміз әңгіме арасында күрсінісін білдірді.
Композитор Әбиірбек Тінәлінің Желтоқсан оқиғасына арнаған әні тек біреу емес, екеу екен. Екінші шығармасының дүниеге келгенін өзі де кеш біліпті. Оған қатысты деректі ағамыз әңгіме барысында кеңінен баяндап берді.
– «Мұңайма бала,
Қайғырма бала.
Өмірге қанат,
Жайдың ба жаңа.
Әнімді менің,
Жанымды менің.
Жарқырап жатқан,
Айдынға бала», – деп шырқап жүрген белгілі әнші Мейрамбек Беспаевтың орындауындағы «Қайрау» әні Желтоқсан оқиғасына арналғанын кейін білдім. Оның сөзін жазған ақын – Исраил Сапарбай. Мен ол өлеңді ақынның кітабынан көріп, сөздерін ұнатып, тебіреніп, шабыттанып, ән шығарған болатынмын. Уақыт өте келе Исраил ағадан осы туындыны неге «Қайрау» деп жазғанын сұрағанымда: «Мен негізі бұл өлеңді Желтоқсан оқиғасына арнап жазғанмын. Ол кезде ешбір газет-журнал, кітаптар қабылдамай қойғанда қулық ойлап тауып, өлеңнің астына «ұлым Еркебұланға» деп жаза салдым. Кейін барлық жер басып шығаратын болды», – деп ақын аға айтқаннан кейін Желтоқсан оқиғасына қос бірдей ән жазғанымды түсіндім. Ал осы екі шығармамды кезінде Азаттық радиосының қазақ бөлімшесіне басшылық еткен Хасен Оралтай бірнеше жыл бойы 16 желтоқсанға екі ай қалғанда эфирден беріп тұрыпты. Бұл жайында Хасен ағамыз өзінің қолжазбасында жазып кеткен екен. Оны кейін оқып, мән-жайын түсіндім. Осылайша 1986-1989 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болған Г.Колбин қызметінен кеткенше әндерім беріліп тұрды, – деп әңгімеледі Әбиірбек Берденұлы.
Сұқбаттың соңында әнші ағамыздан осынау ерекше туындыны қазақтың қара домбырасымен орындап беруін өтіндік. Әбиірбек аға әдетінше, күңірене, тебірене шырқап берді.
Бір қызығы, композитордың «Желтоқсан желі» әнін алғаш қабылдамай қойған Қазақ радиосы Г.Колбин орнынан кеткеннен кейін эфирден бере бастапты. Міне, содан бері 38 жыл өтсе де тәуелсіздіктің бойтұмарына айналған, рухты оятатын ғұмырлы ән өміршең екенін дәлелдеп келеді. Бүгінгі таңда телеарналарда, әлеуметтік желіде кеңінен таралып, сонау желтоқсанның ызғарын еске салуда.
Әуезді әннің тағы бір шарықтау тұсы 2008 жылы болған. Дәл осы уақытта Әбиірбек Тінәлі «Желтоқсан желіні» өмірлік жары – Майра Аманжолқызымен орындап, оған бейнебаян дайындап, қалың көпшіліктің жүрегіне тағы да жол тапты.
Күллі қазақ халқының санасында сақталған, кең даласында жаңғырған «Желтоқсан желі» ән әлемінде өзектілігін жоғалтпайды деген сенімдеміз. Ғибратқа толы ғұмырлы шығарманы дүниеге әкеліп, ұрпаққа мұра етіп қалдырған Әбиірбек Берденұлына ризашылықтан басқа айтарымыз жоқ.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.