Ұлт құндылығы ұлықталып, дәстүріміз дәріптеліп, өресі биік өнеріміз төрге шығатын, тарихи тұлғаларымызға тағзым етілетін, жалпы айтқанда мәдениетіміз жан-жақты насихатталатын «Ауылым – алтын бесігім» атты аудан, қала мәдениет күндерінің аясындағы байқау жақында өз мәресіне жетіп, Қонаев қаласында Гала-концерт өтті. Қорытынды шарада байқауда бағы жанғар өнерлі өлкелер марапатталып, осы саланың майталмандары құрметке бөленді. Осынау үздіктердің қатарында Қарасай ауданы да абырой биігінен көрінгенін мақтанышпен айта аламыз.
Салтанатты шарада алдымен Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев құттықтау сөз сөйлеп, мәдениет пен өнер саласының өкілдеріне лайықты марапаттарын табыс етті.
Биыл байқаудың Бас жүлдесі Райымбек ауданына бұйырып, жеңімпаздарға «Chevrolet Cobalt» автокөлігінің кілті табысталды.
Ал І орын мен 1,5 млн теңгенің жүлдесіне біздің аудан лайық деп танылды. Қасиетті өлкенің мәдениетін дәріптеп, осы саланың шашбауын көтеріп жүрген өнер ұжымының бұл жетістігі аудан абыройын асқақ еткені анық.
Игі шарада үздік атанған ауданның марапатын жоғарыда аталған басқарманың басшысы Данияр Абзалиденұлы Қарасай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсеноваға табыс етті.
Байқау қорытындысы бойынша Қарасай ауданының тағы бір жеткен ерекше жетістігі – «Жыл жаңалығы» номинациясына ие болуы. Дәл осы марапат аудандық Мәдениет үйіндегі «Саңыраулар» қоғамдық клубы лайық деп танылып, меңгерушісі Гаухар Көкебаеваға қаржылай жүлде табысталды.
Сонымен қатар бұл шара барысында Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Ляззат Нұржанова мәдениет саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Мәдениет жәна ақпарат министрі Аида Балаеваның Құрмет грамотасымен марапатталды .
Ал «Ауылым – алтын бесігім» атты аудан, қала мәдениет күндерінің аясындағы байқау қорытындысы бойынша II орын және 800 мың теңге Іле және Талғар аудандарына, III орын және 500 мың теңге сертификаты Балқаш және Еңбекшіқазақ аудандарына берілсе, арнайы номинация жеңімпаздары 100 және 200 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыға ие болды.
Гала-концерт барысында Алматы облысының әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан зор үлесі үшін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің арнайы «Ақтаңгер» стипендиясымен 20-ға жуық адамның еңбегі бағаланды. Одан бөлек 11 суретшіге Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай өткізілген плэнер стипендиясы табысталды.
Жоғарыда аталған шаралардың барлығы ел мәдениетін жан-жақты ілгерілетуге арналған. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да қызу түрде жалғаса бермек. Қарасай ауданының мәдениетін дамытып, осы бағытта күш-жігерін аямай еңбек етіп жүрген өнерпаз қауымды тағы жемісті жетістіктерімен құттықтаймыз! Бедел биігінен көріне беріңіздер.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Суретті түсірген Аслан Қажеке.