2021 жылы қаржылық салада өзгерістер орын алып, елімізде жалпыға бірдей декларация енгізілген еді. Бұл ауқымды бастаманың мақсаты – жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетіктерін құру, сондай-ақ әділ салық салуды қамтамасыз ету мен әлеуметтік саясатты жетілдіру. Бұған қоса оның арқасында мемлекетімізде тамырын тереңге жайған сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету жоспарланған болған. Таяуда нақтырақ айтқанда, қыркүйек айының 16-сы күні жалпыға бірдей декларациялау жөніндегі науқанның үшінші кезеңі аяқталды.
Экономикалық ауқымды науқанның үшінші кезеңі Қарасай ауданында қалай өткендігі және де оның қорытындысы бойынша толыққанды ақпарат алу үшін біз Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына арнайы барып, мекеменің басшысы Айгүл Жолдыбекпен тілдескен едік.
– Айгүл Жолдыбекқызы, ағымдағы жылдың қыркүйек айында елімізге әділ салық салуды қамтамасыз ету мақсатында енгізілген жалпыға бірдей декларацияның үшінші кезеңі аяқталған болатын. Жалпы Қарасай ауданында науқанның үшінші кезеңі қалай өтті? Нәтижесі қандай?
– Айта кетейін, жалпыға бірдей декларациялау осыдан үш жыл бұрын басталып, кезең-кезеңімен өтуде. Биылғы жылы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлік басшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырды. Алғашында соңғы мерзім қыркүйек айының 15-і болған. Алайда бұл күн демалысқа түскендіктен ол 16-шы қыркүйекке ауыстырылды.
Біздің Қарасай ауданы халық саны жыл сайын өсетін өңір болғандықтан, оның әрбір кезеңінде жұмыс өте қарқынды жүргізіледі. Бұл жылы да солай болды.
Анығырақ айтқанда, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінгі күні аудан бойынша 40 981 салық төлеушілер декларацияларын тапсырды. Олардың барлығы «Активтер мен міндеттемелер туралы декларация – 250.00 формасын» өткізді.
Бұл формада адамдарға негізінен еліміздің аумағындағы үй, қазақстандық банктердегі шоттар туралы мәлімет енгізудің қажеті жоқ. Оның бәрі мәліметтер базасында бар. Ал шетелде үйі, шетелдік банкте қаржысы болса, онда оларды міндетті түрде енгізу керек. Яғни, өзге елдердегі жылжымайтын мүліктерін, жер учаскелерін, көліктерін, көлемі 1000 АЕК-ден асатын шетелдік банкте жатқан ақша немесе 10 мың АЕК шегінде (34,5 млн теңге) қолма-қол ақшасын, компаниялардағы акцияларын және өзге де цифрлық активтерін толықтай көрсетуі қажет.
Адамдардың есептерін қабылдау тоқтатылса да қазірдің өзінде осы бағытта күнделікті жұмыстар әлі де жүргізілуде.
– Биыл декларацияны мерзімінде тапсырмаған немесе жалған дерек ұсынғандар болды ма? Оларға шара қолданылды ма? Жалпы заң бойынша мұндай тұлғаларға қандай жауапкершілік қарастырылған?
– Әрине, өткен жылдағыдай биыл да тапсырмағандар болды. Нақты ақпарат бойынша 3638 қарасайлық тұрғын 250 салық нысанын өткізбеген.
Осыған байланысты бүгінде салық төлеушілерге қоңырау шалу және байланыс деректерін белгілеу, WhatsApp мессенджерлері арқылы декларацияны ұсынбаған салық төлеушілердің тұрғылықты жері бойынша МКБ-ға келгені туралы хабарламалар жолданды. Декларацияны ұсынбаған салық төлеушілер хабарламаны алғаннан кейін сол сәттен бастап 30 жұмыс күні ішінде декларация немесе түсініктеме беру арқылы заңбұзушылықты жоюы тиіс. Немесе оларға заңда көрсетілген шара қолданылатын болады.
Жалпы декларацияны мерзімінде тапсырмаған немесе жалған дерек ұсынған салықтөлеушілерге қатысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы кодекстің 272-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Оны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 55 380 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
– Мәселен, азамат декларацияны қате толтырғанын байқамай, оны тапсырды делік. Бұл жағдайда не істеуге болады?
– Егер де салық төлеушілер ұсынған салық есептік нысанда қате немесе мәліметтерді толық көрсетпеген жағдайда Салық кодексінің 48 бабының 2-тармағына сәйкес, салық төлеуші үш жылдың ішінде салықтық есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, салықтық есептілікті кері қайтарып алуға құқылы.
Бұл жерде ескерте кететін жайт, декларацияда деректерді толық көрсетпесеңіз не жалған ақпарат берсеңіз, алғашқыда ескерту аласыз. Бір жылдың ішінде сол жағдай тағы қайталанса, онда 11 076 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 272-бабы) салынады. Ал егер де салық органының өзі жасырған мүлік не кірісіңізді анықтаса, онда ол деректерді қосымша есепке енгізуіңіз керек. Олай болмаған жағдайда, салық сомасының 200 пайызы мөлшерінде айыппұл, ал қайталап бұзғаныңыз үшін – 300 пайызы мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 275-бабы) салуы мүмкін.
– Осыдан бір-екі күн бұрын елімізде 8 млн қазақстандық Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде жеке тұлғалар кірістері мен мүлкін міндетті декларациялаудан босатылғаны белгілі болды. Бұл өзгерістер немен байланысты?
– Иә, Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай декларациялау тәсілдерін қайта қарауды тапсырды. Еліміз бойынша қазір декларацияны 4,8 млн-нан аса адам тапсырды. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес өкілдері болды. Ал келер 2025 жылы азаматтардың қалған барлық санаты декларацияны тапсырады деп жоспарланған еді. Алайда қарапайым халықтың арасында алаңдаушылықтар пайда болды. Бұл мәселеге Президентіміз баса назар аударып, өзгерістер енгізуді тапсырды. Нәтижесінде 1 қаңтардан бастап декларация тапсыру міндетінен жеке тұлғалар, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер мен студенттер, жалпы 8 миллион адам босатылды.
Десе де 2025 жылы мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор басшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер де табыс декларациясын тапсыратын болады. Олар бұл міндеттен босатылған жоқ.
– Тағы бір маңызды мәселе – мүлік, жер және көлік салықтарына байланысты. Бұл бойынша Қарасай ауданында қандай жұмыстар атқарылды?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің ауданда халық саны тым көп. Соған байланысты мүлік және көлік көп. Оның үстіне адамдардың біразы салық төлегілері келмей, жалтарады. Әрине, біз бұл бағытта жұмыс істейміз. Алайда адами факторды түзету өте қиын нәрсе.
Қазіргі таңда Қарасай ауданы бойынша мүлік салығына 5142 салық төлеушілердің 4 136 137 теңге берешегі анықталса, көлік салығына 8478 салық төлеушілердің 575 971 837 теңге қарызы бар.
Бұл берешектер бойынша бүгінгі күні аумақтағы ауылдық округ әкімдігінің салық агенттерімен бірлесіп жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар жеке сот орындаушыларымен рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
– Бұл мәселелер бойынша бәрі түсінікті, рақмет. Ендігі сұрағымыз тікелей ауданымыздың көрсеткіштеріне байланысты. Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының жұмысының қорытындысы жайлы айтып кетсеңіз. Ағымдағы жылы ауданда салық жинау мәселесі қалай?
– Жалпы өздеріңіз білетіндей біздің Қарасай ауданы Алматы облысы бойынша жақсы нәтижелер көрсететін өңірлердің бірі болып табылады. Биылғы жылы да көрсеткіштер жақсы. Яғни 2024 жылға мемлекеттік бюджеттің жоспары 85,2 % пайызға орындалды. Яғни жоспар бойынша 101 903 088 мың теңге болса, түсім 86 817 247 мың теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 17 824 мың теңгеге артық түсім түсіп, өсу қарқыны 109,0 % пайызды құрады.
Республикалық бюджеттің жоспары 73,2% пайызға орындалды немесе жоспар 43 091 714 мың теңге болса, түсім 31 525 533 мың теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 140 689 мың теңгеге кем түсім түсіп, өсу қарқыны 90,9 % пайызды құрады.
Жергілікті бюджеттің жоспары 94 пайызға орындалды. Яғни жоспар бойынша 58 811 374 мың теңге болса түсім 55 291 714 мың теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 312 512 мың теңгеге артық түсім түсіп, өсу қарқыны 122,9 пайызды құрады.
Мұнан бөлек 2024 жылға қосымша резервке жалпы 3 168,7 млн.теңге түсім түсті (оның ішінде РБ – 1 534,7 млн.теңге, ЖБ – 1 634 млн.теңге). 2024 жылға камералдық бақылу бойынша қосымша резервтің республикалық бюжетке жоспар бойынша 2 900,0 млн.теңге бекітілген.
Жалпы 2024 жылға 1 297,0 мың.теңге өндірілді, болжам 1 603 мың.теңге немесе 44,7 пайызға орындалды.
– Жалпы соңғы жылдары ауданымызда көптеген кәсіпорындар ашылуда. Соның арқасында бүгінде Қарасай ауданы ірі өнеркәсіптік аумақ деп саналады. Осы ретте қояр сұрағымыз аудандағы бизнестің дамуы мен кеңеюі салық жүйесіне қалай әсер етуде?
– Еліміздің экономикасының дамуы, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық, бюджетке түсетін салық төлемдерінің толықтығы, халықтың құқықтық сауаттылығы мен салық мәдениетін арттыру мемлекеттік кірістер органдарының басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне көрсетiлетiн мемлекеттiк қолдаудың арқасында кәсiпорындар мен кәсiпкерлердiң саны ұлғаюда, соның арқасында мемлекетке түсетiн салық сомасы жылдан жылға өсуде.
Қарасай ауданында қазіргі уақытта «Logistock», «HOME MART», «Kelun-Kazpharm», «Құрылысшы – ТБС», «Алматыгазсервис-ХОЛДИНГ», «Мобильная компания Энерго Сервис», «Каз Энерго Пауэр», «Хамле Компания ЛТД» секілді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Эфес Казахстан» және «Азия АгроФуд» сияқты акционерлік қоғамдастықтары бар. Олардың арқасында ауданның бюджетіне жылда қомақты қаражат түсіп отырады.
Нақты айтсақ, жоспарлы қызметтің нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан қазынасына бюджет кірісі 79,8 млрд.теңге түсті. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 105,4 млрд.теңге салық жинау жоспарланып отыр.
Десе де біздің алдымызда әлі де жоғары мақсатқа жету міндеті тұр.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.