Жастар – кез келген қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңі екені айтпасақ та белгілі. Сондықтан да еліміз еңсесін көтеріп, есін жиып, егемендігін алғалы бері жас буынды қолдау бағытында шараларды дамылсыз жүзеге асырып келеді. Олардың сапалы әрі қолжетімді біліммен және жұмыспен қамту мақсатында түрлі гранттар, «Болашақ» халықаралық стипендиясы, «Серпін», «Дипломмен – ауылға», «Жастар практикасы», «Жастар кадрлық резерві» жобасы секілді өзге де ірі масштабты бағдарламалар іске асырылды. Бұған қоса елімізде жыл сайын жастардың өмірінде туындаған мәселелерді талқылап, оның шешу жолдары қарастырылатын жастар форумы да ұйымдастырылып тұрады. Мұның бәрі қазақстандық жастарды қолдауға бағытталған.
Сондай бастамалардың бірі – еліміздің барлық өңірлерінде ашылған Жастар ресурстық орталықтары. Аталған мекеме уақыт өте келе жастардың мәселесін шешуге көмек көрсететін орталық ғана емес, сондай-ақ олардың басы қосылып, қызықты, тың идеяларды ойлап тауып, оны іске асыра алатын мекемеге айналып кеткен. Бүгінде жастардың шығармашылығын дамытуға, жаңашыл жобалардың қанат бітуіне орталықтың берер бағыты мен мүмкіндігі мол.
Таяуда біз Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Жарқынай Садуовамен арнайы жүздесіп, орталықта атқарылып жатқан жұмыстар мен аудан жастарының қоғамдағы белсенділігі жайлы сұқбаттасқан едік.
– Жарқынай Қыдырханқызы, әңгімемізде алдымен жастардың мәселесі жайында сөз етсек. Олармен тікелей жұмыс істейтін маман ретінде қазір жас буын қаншалықты елмізде болып жатқан жағдайларға назар аударып, қоғам өміріне белсене араласып, маңызды бастамалардың іске асуына атсалысып жатыр деп ойлайсыз? Жалпы қазақстандық жастардың жарқын болашаққа деген тартылысы қандай?
– Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға, тұтас ұлттың болашағы. Елдің дамуы жолында олардың орны айрықша. Бұл оймен келіспеу мүмкін емес. Расында қай мемлекет болсын жастар саясаты елдің саясатының ажырамас бөлшегі болып табылады. Әсіресе қазіргі ашық саясат, дамыған цифрландыру заманында жастардың қоғамда болып жатқан өзгерістерге араласуы белсенді байқалады.
Біздің Қарасай ауданының жастарына да қатысты. Олар түрлі акцияларға, пікірсайыстар мен білім жобаларына қатысу арқылы саяси және әлеуметтік мәселелерге қызығушылық білдіруде. Ауданымызда өткен барлық саяси науқандардан, реформалардан шет қалмауда.
Мәселен, таяуда елімізде Қазақстанда АЭС салу жөнінде жалпыұлттық референдум өткен еді. Маңыздылығы жоғары науқанға қарасайлық жастар аса мән беріп, бей-жай қараған жоқ. Мәселені тереңірек зерттеп, салаға қатысы бар мамандар шақырылған жиындарға қатысып, олардың ойларын тыңдап, уақыты келгенде дауыс беруге келгенде белсенділік танытты. Сондай-ақ аудандағы дауыс беру учаскелеріндегі жұмыстарға атсалысты. Бұл жастардың еліміздегі саяси өзгерістерге немқұрайлы қарамайтынын, нақ ортасында жүретінін көрсетеді.
Оның үстіне Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев өз саясатында міндетті түрде жастарға үлкен көңіл бөліп, оларға көмек көрсетуге, қоғамдық белсенділіктерін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдап, іске асырылуын қадағалап отырады. Бұл әлбетте қазақстандық жастарға үлкен жігер береді.
– Еліміздің барлық аймағында жұмыс істеп тұрған Жастар ресурстық орталығының маңызы зор екені белгілі. Бүгінде өзіңіз басшылық етіп отырған біздің аудандағы мекеменің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтсеңіз. Орталықтың мақсаты мен бағыты қандай?
– Жастар ресурстық орталығының негізгі мақсаты жастармен тығыз жұмыс істеу болып табылады. Оларға мемлекет тарапынан іске асырылған бағдарламалар мен жобаларды жіті түсіндіріп, тиімді жақтарын қолдануды үйрету, сондай-ақ спортқа, шығармашылыққа бағыттау арқылы бос уақыттарын дұрыс пайдалануларына көмек көрсету. Сонымен қатар жастардың сапалы білім алып, жұмыспен қамтылып, білікті маман атанып, өз елінің патриоты болуына бағыт беру міндетіміз.
Қарасай ауданында ресми статистикалық мәлімет бойынша 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны 74 310 адамды құрайды. Оның ішінде қала жастары – 15 622, ауыл жастары – 58 688.
Өзіңіз байқағандай біздің ауданымызда жастар көп. Сондықтан олардың жұмысын насихаттап, қолдау көрсету мақсатында ауданымызда жастар ресурстық орталығы жоспарға сәйкес жұмыс жүргізіп, әртүрлі бағыттағы шараларды жиі ұйымдастырып отырады.
Анығырақ айтқанда, ағымдағы жылы рухани-адамгершілікті дамыту бойынша 40 іс-шара, әскери патриоттық бағытпен 20 іс-шара өткізілді. Жастар арасында бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын ұстануды көздеген спорттық бағыт бойынша 35, мәдени-шығармашылық бағытымен 60 іс-шара ұйымдастырылды. Ал құқықтық бағыт бойынша 45, діни бағытта 50 іс-шара жоғары деңгейде өткен болатын. Сонымен қатар психологиялық танымдық 35, жастарға кеңес беру бойынша 65 іс-шара өткізілді. Экологиялық мәдениет бағытымен 30, этносаралық келісім бойынша 12, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытымен 20 іс-шараға жастар қатысып, белсенділік танытты. Мұнан бөлек еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында «Asyl mura», «Bilim», «Qamqor», «Taza Alem», «Мәдениет саласындағы волонтерлік» бағыттарымен де жұмыстар жүргізілді. Тоғыз бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Жоғарыда айтылғандардан бөлек қарасайлық белсенді жастар ауданда болған барлық шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, көмек көрсетеді.
– Ауданымызда жастарға арналған қандай жақсы бағдарламалар бар? Олар қаншалықты жүзеге асуда?
– Өз сөзімде айтып өткендей біздің еліміздегі жастар саясаты саласының басты міндеті оларды жан-жақты қолдау болып табылады. Атап айтқанда, білім беру, жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, спорт және мәдени шараларға тарту, бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету және тағы басқа түрлі қызмет салаларында көмек көрсету.
Осы бағытта елімізде қаражат жағынан қиындықтары бар жастарға арналған түрлі гранттар, шет елде тегін білім алуларына мүмкіндік беретін «Болашақ» степендиясы секілді өзге де бағдарламалар бар. Оқуларын тәмамдап, жұмыс іздейтіндер үшін «Жұмыспен қамту», «Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі» сияқты бағдарламаларды атап айтуға болады. Өз кәсібін бастағысы келетіндерге қолдау ретінде «Бизнес жол картасы – 2025» бағдарламасы, қайтарымсыз грант, төмендетілген пайызбен несиелер қарастырылды. «Қолжетімді тұрғын үй» секілді әлеуметтік жаңару бағдарламалары да іске қосылды. Осы бастамалардың барлығының игілігін біздің қарасайлық жастар да қолдана алады.
Тағы бір айта кететін жайт, өткен жылы Алматы облысының әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ «Алатау жастары» деп аталатын жаңа бағдарламаны іске қосқан болатын. Осындай тиімді бастаманың арқасында 2022 жылдың 1 қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығында Алматы облысы бойынша 1374 өтінім қабылданды. Нәтижесінде 60 жас отбасы баспанаға қол жеткізді. 2023 жылы бұл бағдарлама өз жалғасын тауып, 200 адамға 15 млн. теңгеден берілді. 2024 жылы «Алатау жастары» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында қазан айының 1-і мен 15-сі аралағында барлық критерийлерге сәйкес келетін 332 өтініш берілді. Тізімдегі алғашқы 40 үміткер «Отбасы банкінде» төлем қабілеттілігін растауы керек. Қалған 292 қатысушы негізгі тізімнің төлем қабілеттілігін бағалау аяқталғанша резервтік тізімде қалады. Бағдарлама бюджеті 708 млн теңге, ал бір қатысушыға берілетін несиенің максималды соммасы 18 млн теңгеге дейін. Бұл – жастарымыз үшін жақсы мүмкіндік.
Бұдан бөлек тағы бір қоса кеткім келетіні, өткен жылы Алматы облысының жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кенешевтің бастамасымен арнайы жоба ретінде «Кеңес орталығы» жұмысын бастаған болатын. Жоба өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жас отбасыларды, аудан жастарын қолдау мақсатында ақпараттандыру құралы ретінде ашылып отыр. Соның арқасында «Отбасы банк» АҚ, «Екінші деңгейлі банк» бойынша апта сайын ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде.
– Бүгінде жастар арасындағы жұмыссыздықты жою елімізде күрмеуі қиын мәселе екені анық. Бізде жұмыспен қамту, кәсіпкер жастарды қолдау қаншалықты бір жолға қойылған?
– Иә, бұл күрделілеу мәселе. Соңғы жылдары жұмысқа орналасу бойынша мүмкіндіктер саны артқанымен, жұмыссыздар саны әлі де жетіп артылады. Ең қиыны жоғары білімі барлардың өзі мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай, арнайы білімді, жоғары біліктілікті қажет етпейтін жұмыстарда жүр. Анығын айтар болсақ, оның ішінде 35 жасқа дейінгі жастар саны – 679, өзін-өзі қамтыған, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын жастар саны – 492. Яғни, олар уақытша жұмыста, тұрақты қызмет орындары жоқ. Бала күтімімен 872 жас айналысса, үй тіршілігі бойынша үйде отырған жастар саны – 531 адамды құрайды. Осыған байланысты қазіргі уақытта «NEET» санатындағы (жұмыссыз) жастар арасындағы мәселені шешуді басты назарға алып отырмыз. Ауданымызға қарасты қала мен ауылдық округ бойынша «NEET» санатындағылармен ұдайы жұмыс жүргізудеміз.
Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Елімізде қазіргі таңда дәстүрлі жобалар жалғасын тауып келеді, олар «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыс» тағы басқалар. Тұрақты жұмыспен қамту бағытында жаңадан ашылған кәсіпорындарға жастарды жолдау арқылы шешуге болады.
Оған қоса ауданымыздағы Мансап орталығымен бірлесе тоғыз бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген еді. Кейінгі жәрмеңке SDU университетінде мемлекеттік мекемелердің қатысуымен ұйымдастырылған болатын. Ол болашақ мамандығы ретінде мемлекеттік қызметті таңдайтын жастарымыз үшін өте пайдалы шара болды.
Бұдан бөлек мәселені алдын алу мақсатында әлі де мектепті немесе жоғарғы оқу орынының аяқтамаған, болашақтарын таңдап үлгермеген жастарымыз үшін ақпараттық шаралар ұйымдастырып отырамыз. Оның барысында еріктілер «Дипломмен – ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Zhas Project», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» және тағы да басқа бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бұл аталғандар аудандағы жұмыссыз жастардың санын азайтуға едәуір септігін тигізуде.
– Тағы бір өзекті мәселе – соңғы жылдары елімізде жасөспірімдер мен жастар арасында саны өскен құқықбұзушылықтар. Бүгінде Қарасай ауданындағы жағдай қандай? Аудан жастары арасында қылмыстың алдын алу бағытында қандай кешенді шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылуда?
– Бұл бағыт бойынша ауданымыздағы бірқатар мекемелермен бірлесіп әртүрлі шаралар атқарып жатырмыз. Ауданға қарасты 11 жергілікті қала мен ауылдық округ жастарымен бірігіп, мәдени дөңгелек үстелдер, семинар-тренингтер, түнгі рейдтер жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың 21-31 қазан күндері мен 11-15 қараша күндері аралығында арнаулы орта оқу орындарында ата-аналарымен, колледж студенттерімен 14 профилактикалық жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ, колледж мекемелерінде әлеуметтік желідегі инстаграмм парақшаларына қылмыстың және құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде ата-аналар, студенттер назарына видео хабарландыру жарияланып, 1596 студент арасында сауалнама жүргізілді. Буллинг, өз-өзіне қол жұмсаудың, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін тұрақты бақылау үшін оқу орындарында арнайы сауалнама кестесі құрылды. Қазіргі таңда студенттер арасында құқық бұзушылықты жасауға бейім жастар және арнайы ашылған топтар анықталған жоқ. Дегенмен осындай жұмыстардың арқасында аудандағы қала мен ауылдық округтері бойынша жастарды тәрбиелеуге теріс әсер ететін 276 сауалнама жүргізіліп, 81 маргиналды, 59 белсенді, 20 бұзақы жастардың тізімі анықталды.
Жалпы бүгінде аудан көлемінде 8 қала, ауылдық округтерінде жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушылары жұмыс істейді.
Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығы және қала, ауылдық округтерінің жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушыларының ұйымдастыруымен 11-15 қараша күндері аралығында «Құқық әлемінде», «Құқықтық тәрбие-құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыптарында 11 профилактикалық жұмыстары атқарылды. Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың арасында қылмыс пен заң бұзушылықты болдырмау үшін кафе, бар, мейрамхана, көңіл көтеретін орындарда «Түнгі рейд» ақпараттық түсіндіру шаралары жүргізілді.
Теріс қылықтармен (арақ, темекі, есірткі, ұрлық, құқық бұзушылықты алдын алу және т.б) айналысуларына жол бермеу, сондай-ақ отбасылық құндылықтарын насихаттау, нығайту мақсатында 5000-ға жуық жастың қатысуымен 30 іс-шара өткізіліп, психологиялық тұрғыда кеңестер берілді.
Бұдан бөлек жыл басынан 10000-ға жуық жастың қатысуымен жастарға қажет әртүрлі бағытта патриоттық, мәдени, отбасылық құндылықтарын насихаттау, құқық бұзушылықтың алдын алу, нашақорлықты алдын алу, тегін психологиялық кеңестер, волонтерлер қатысқан қайырымдылық жұмыстары атқарылды. Оған қоса жоспарға сәйкес «Қызға 40 үйден тыйым», «Репродуктивті денсаулықты қорғау, ерте жүктіліктің алдын алу», «Электронды темекінің адам ағзасына тигізетін зияны» тақырыбында дөңгелек үстелдер, «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ», аудан имамының қатысуымен діни кездесулер, «Сыбайлас жемқорлықты алдын алу» және тағы да басқа жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуге арналған 345 іс-шара өткізілді.
– Қарасай ауданында еріктілер қозғалысы қаншалықты дамыған және оған жастардың қатысу деңгейі қандай? Нәтижесі бар ма?
– Ауданымызда жалпы 500-ден астам ерікті тіркелген. Жыл басынан бері қоғамдық жұмыстарға атсалысқан волонтерлермен 170 іс-шара ұйымдастырылды. Соның бірі – ата-апаларымызға көрсетілген қайырымдылық жұмыстары.
Аудан үшін еңбек етіп, қоғамдық жұмыстан қалмайтын қарияларымызды әлі күнге дейін іс-шараларымыздан қалдырмауға тырысамыз. Олардың кеңестерін тыңдап, өмір жолынан үлгі аламыз. Ардагерлерімізді ардақтауды ешқашан ұмытқан емеспіз. Алайда біздің қоғамнан жасыра алмайтын, кейде оқшауланып қалатын ата-әжелеріміздің де барын жоққа шығара алмаймыз. Бұл тұрғыда біздің Жастар ресурстық орталығы жыл сайын Қаскелеңдегі «Нұр Отау», «Мирный Казахстан» қарттар үйлеріне барып, қарияларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, құрмет көрсетіп жүр. Одан бөлек «Қарттарым – асыл қазынам» атты акция барысында жыл бойы қайырымдылық жұмыстарын жүргізуде.
Бұған қоса жалғызбасты қарияларымыздың үйіне арнайы барып, ауласын тазалап, барынша көмек қолын созуға тырысамыз. Ауданымызда орналасқан«Azamatsha.kz» қайырымдылық мекемесімен де бірлесе жұмыстар атқарамыз.
Жалпы біздің ауданымыздың еріктілері қатарында өте белсенді әрі дарынды жастар жетерлік. Олар әртүрлі байқауларға қатысып, жақсы жетістіктерге қол жеткізуде. Мәселен, таяуда Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» Ұлттық акционерлік қоғамының қолдауымен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тұжырымдамасы шеңберінде идеологиялық іс-шаралар кешенін өткізу басым бағыты бойынша «Адал азамат – саналы қоғам» жобасы іске асырылған еді. Оған қарасайлық белсенділер Рената Алексеева мен Малика Авахриева қатысқан еді. Нәтижесінде «Жарқын болашақ» жобасымен шағын гранттар конкурсы жеңімпазы ретінде 200 000 теңгенің сертификатын Рената Алексеева жеңіп алды. Ал Малика Авахриева өзінің «Қамқор» жобасымен 100 000 теңге көлемінде шағын гранттар конкурсы жеңімпазының көтермелеу сертификатын алды. Айта кетейік, жеңімпаз атанған екі жас волонтеріміз (суретте) көп балалы отбасындағы балаларға тегін ағылшын тілі мен орыс тілін үйретеді.
Жалпы біздің ауданымызда мақтанышқа тұрарлық осындай жастарымыз көп.
– Өзіңіз білетіндей биылғы жылы елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен ауқымды «Таза Қазақстан» акциясы басталған еді. Аталған науқан бойынша біздің ауданда қандай жұмыстар атқарылды? Жалпы қарасайлық белсенділер ауданның тазалық жұмыстарына қаншалықты өз үлестерін қосып келеді?
– Ауданымызда жас белсенділердің басы қосылғалы бері көптеген тазалық шаралары жүргізілген еді. Жыл сайын олар көшелерді, өзен жағалауларын, тау бөктерін қоқыстан тазартып, бұзақылар жазу жазып кеткен ескерткіштерді жуып, тазалап, айналасын абаттандырумен айналысып келеді. Сонымен қатар ауданымызды жасыл аймаққа айналдыру мақсатында тал бұтақтарын отырғызу шараларынада үлестерін қосуда. Ал Президентіміздің «Таза Қазақстан» атты бастамасы осы жұмыстарды одан сайын жетілдіріп, жандандыра түсті.
Жалпыұлттық акция аясында, «ЭкоВолонтер» жасағы құрылып, оған ауданымыздың 500-ден астам жастары қосылды. Бұл жасақтың мақсаты – Қарасай ауданының табиғатын қорғау және қоршаған ортаға қамқорлық көрсету, көрікті жерлерін қоқыстан тазарту, жастарға экология жөнінде түсінік беру, табиғатты аялау. Сондай-ақ олар алдағы уақытта жастар арасында экомәдениетті дамытуға бағытталған семинарлар мен тренингтер өткізетін болады. Қазіргі уақытта «ЭкоВолонтер» тобы өз қатарын көбейту мақсатында ауданның тазалығына бей-жай қарамайтын жандарды шақыруда.
Бұған қоса «Таза Қазақстан» аясында аптаның әр бейсенбісі күні ауданда өткізілетін арнайы сенбіліктерден жастарымыз шет қалмай, белсенділіктерін танытуда.
Жоғарыда айтып өткенімдей, біз әрқашан ауданымыздағы қарияларға барынша көмек көрсетеміз. Осыған байланысты аталған акция аясында қарасайлық ардагерлердің үйлерінің аулаларына тазалық жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Мәселен, таяуда «Өнегелі ұрпақ» атты «Алматы облысының жастар ресурстық орталығының» қолдауымен Қарасай ауданының жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен «Жасыл ел» еңбек жасақшыларының қатысуымен Әйтей ауылдық округіне қарасты Жамбыл көшесі, №3 тұрғыны, көп балалы ана Зейнепхан Қожахметқызы апамыздың үйінің есік алдында тазалық және абаттандыру жұмыстары жасалды. Нәтижесінде 15 қап қоқыс шығарылды.
– Бүгінде жастар арасында түйткілді мәселелер бар ма? Бар болса оны шешу жолдары қарастырылып жатыр ма?
Қазір жастарды толғандыратын екі өзекті мәселе бар. Біріншісі – жұмыссыздық. Өкінішке орай, елімізде жоғары оқу орындарын бітірген жастардың 35 %пайызы ғана өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады екен. Екіншісі – тұрғын үй мәселесі. Қазіргі ажырасулардың көбейгендігіне де осы баспана мәселесі тікелей әсер етуде. Оған қоса, жас отбасылардың ажырасуларына қаржы жетіспеушілігі де себеп болуда.
Шешу жолдарына тоқталсақ, жоғарыда айтып өткенімдей мемлекеттік бағдарламалармен жұмыссыздық бойынша да, тұрғын үй мәселесі бойынша да жастарға мүмкіндіктер берілуде. Ал біз өз тарапымыздан жастарымызға дұрыс бағыт беріп, тиісті көмекті қалай қолдану керектігін түсіндіріп отырамыз.
– Жастарға мол мүмкіндік беретін орталықтың алдағы жоспары қандай? Сонымен бөлісіп өтсеңіз.
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының дамуына әлі де қосар үлесіміз көп. Келер жылы біз «Жастардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету», «Білім, еңбек және жұмыспен қамту саласындағы кепілдіктермен қамтамасыз ету», «Жастардың кәсіптік, рухани және дене тәрбиесі дамуына жағдай жасау», «Жас таланттарды қолдау мен шыңдау», «Жастарға әлеуметтік көмек көрсету мен қазіргі жағдайға бейімделу жүйесін қалыптастыру», «Жастар мен балалар бірлестіктерін дамытуға жәрдемдесу» бағыттары бойынша жұмыстарымызды белсендеткіміз келеді. Бұдан бөлек алға қойған жоспарларымыз жетерлік. Бұл тек басы ғана.
Жастар орталығының негізгі мақсаты барынша дұрыс бағыт-бағдар беріп, көмек көрсету болғандықтан алдағы уақытта да қолымыздан келгенше жастардың тың идеяларына қолдау көрсетіп, демеу беру жолында тоқтамай, аянбай еңбек ететін боламыз.
– Уақытыңызды бөліп, ауданымыздың белсенді жастарының атқарған жұмыстары жайында ауқымды ақпарат бергеніңізге рақмет. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Сұқбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.