Денсаулық – адамның өмірінің сапасын анықтайтын ең басты құндылық. Сондықтан адам өзінің әл-ауқатын қадағалап, жүйелі түрде тексеріліп, уақытылы ем алып отыру қажет. Себебі бүгінде бірден білінбейтін қауіпті аурулар жетерлік. Соның бірі – ХХ-ХХІ ғасырларының дерті, көптеген адамдардың өмірін қиған ЖИТС инфекциясы.
Алғаш пайда болғаннан осы күнге дейін 35 млн-нан астам адамның өмірін қиған бұл індетті толығымен емдейтін дәрі әлі де табылмаған. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) шешімі мен 1988 жылы қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының шешіміне сәйкес, желтоқсан айының алғашқы күні ЖИТС-қа қарсы Халықаралық күрес күні деп бекітілген болатын. Мәселеге назар аударуға бағытталған маңызды халықаралық шараның мақсаты – АИТВ/ЖИТС туралы жаһандық хабардарлықты арттыру, індетке қарсы күресте қоғамның күш-жігерін жандандыру және пандемия жағдайында халықаралық ынтымақтастықты көрсету. Барлық мемлекеттік және жеке құрылымдардың ұйымдастырылған күш-жігері АИТВ/ЖИТС-тың таралуының алдын алу бағдарламаларын қолдауға, оқуды ұйымдастыруға және АИТВ/ЖИТС-тың барлық аспектілері бойынша ақпарат беруге бағытталған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта республикада ВИЧ індетін жұқтырған 30 984 қазақстандық диспансерлік бақылаудан өтіп жатыр. Оның 18740-ы (60,5%) – ерлер, 12244-і (39,5%) – әйелдер, оның ішінде 298-і – АИТВ жұқтырған балалар. Алайда соңғы анықталған көрсеткіштерге сүйенсек, биылғы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша елімізде 33 712 адам АИТВ жұқтырған. Өткен жылдың мамыр айында 31 мың адам болған еді. Яғни ауырғандар саны былтырғы жылмен қарағанда тағы өскен.
Жылда елімізде 1 желтоқсан қарсаныңда осы дерттің таралуын алдын алу мақсатында түрлі жұмыстар ұйымдастырылып отырады. Аптаның сейсенбісі сондай шараның бірі Қаскелең қаласында орналасқан SDU университетінде өтті.
Қарасай клиникалық көп бейінді орталық аудандық ауруханасы Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығымен бірлесе өткізген ақпараттандыру жұмыстары барысында студенттерге АИТВ/ЖИТС инфекциясының қазіргі таңдағы адамзаттың басты проблемаларының бірі екені және оның зиянды жақтары бойынша мәліметтер берілді. Сонымен қатар арнайы келген мамандар ЖИТС-тің алдын алу жолдары мен қауіптер туралы маңызды ақпарат жеткізді.
Бұған қоса аталған ауру туралы ақпараттық жадынамалар таратылды, ниет білдірушілер адамның иммундық тапшылық вирусына қан тапсырып, өз нәтижелерін біле алды.
– Ауруға шалдыққан адам өмірден түңіліп немесе өзін жазылмайтын сырқатқа шалдықтым деп ойламауы керек. Қазіргі таңда медицинаның күші барлық ауруды құлан таза айықтырып жібермесе де, ұзақ өмір сүруге мүмкіндік береді. Ең бастысы ұялмай, қорықпай дәрігердің көмегіне уақытылы жүгіну қажет. Біздің өткізіп отырған шарамыздың мақсаты да осы болып отыр. Яғни жастарымызды денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға, араларында осы дертке шалдыққандар бар болса, өзгенің сынынан қорықпай, бірден ауруханаға жүгінуге шақыру.
Дәрігер ретінде кеңесім адам өзі үшін жылына бір рет болсын денсаулығын тексеріп отыру керек. Бұл өзге де аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Қарасай клиникалық көп бейінді орталық аудандық ауруханасының медициналық-әлеуметтік және психологиялық қызмет бөлімінің басшысы Дана Тәждинова.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.