Аудан орталығында орналасқан Қаскелең гуманитарлы-техникалық колледжінің басшылығы аптаның сәрсенбісі күні студенттері үшін «Салауатты өмір салтын қалыптастырудағы дене тәрбиесі мен спорттың негізгі аспектілері» атты ауқымды республикалық семинар өткізді. Оған арнайы қонақтар ретінде облыстық спорт инфрақұрылымы, бұқаралық және ұлттық спортты дамыту бөлімі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, аудандық дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығы, «LOGORATIO» сөйлеуді дамыту орталығы, «Үзеңгілестер» өнер-мәдениет орталығының өкілдері, Алматы облысы черлидинг федерациясының жаттықтырушы және аудандағы бірқатар балабақшаларының тәрбиешілері қатысты.
Алыс-жақыннан келген қонақтарды мекеме директоры Майсам Бакиева қарсы алып, колледж басшылығы тарапынан білімгерлер үшін спортпен айналысуға қандай жағдай жасалғандығы және жас спортшылардың жетістіктерін көрсету мақсатында жасалған арнайы көрмені таныстырды. Нақтырақ айтқанда, «Қуат пен жігер: салауатты ұрпақ жолында» атты көрмеде семинарға шақырылғандар колледждің футбол алаңы мен ішінде шахмат, тоғызқұмалақ бөлмелері, волейбол мен гимнастикаға арналған зал, қажетті құралдармен жабдықталған фитнес залы бар екі қабатты спорт кешенін аралады. Сондай-ақ кубок, медальдар мен грамоталар қойылған көрмені де көріп, колледж спортшыларының түрлі деңгейдегі жарыстарда жеткен жетістіктерімен жақынырақ танысты.
Мұнан кейін шараның негізгі бөлімі басталып, оны Майсам Мүсретқызы ашып, шараға арнайы келгендер алғысын білдіріп, оқу орнының тарихы, спорт саласын дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылғаны және колледж мақтаныштары туралы айтып өтті.
– 2003 жылдан бері тарихын түгендеп келе жатқан колледжіміз 2012 жылы мамандықтар қатарына «Дене шынықтыру және спорт мұғалімі» біліктілігін беретін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын қосты. Алғашында мұнда тек 16 бала қабылданған еді. Ал қазіргі уақытта бұл мамандық бойынша бізде 351 студент білім алуда.
Біздің мекеме аудандағы жоғарыда аталған және жалпы ұстаздық мамандықтар бойынша мамандарды дайындайтын бірден-бір оқу орны болып саналады.
Спортта жеткен жетістіктеріміз жетерлік. Атап айтатын болсам, біздің студентіміз Айгерім Абилова бүгінде таэквандодан Азия чемпионатының жүлдегері, Вячеслав Колесников керлингтен әлем чемпионы, Наиль Халиуллин муайтайдан әлем чемпионы, Рысбек Мақсұтов, Медет Әжібек, Еркебұлан Сұлтанхабаұлы секілді спортшыларымыз киокушинкайдан бірнеше рет халықаралық турнирлердің чемпиондары атанған. Бұл атап өткендерім біздің колледждегі жас спортшыларымыздың аз ғана бөлігі. Дарынды жастарымыз одан да көп, – деді колледж басшысы.
Одан кейін сөз кезегі облыстық спорт инфрақұрылымы, бұқаралық және ұлттық спортты дамыту бөлімінің басшысы Жасұлан Қалиақпаровқа берілді. Ол спорт саласы денсаулықты нығайтып, жігерді шындайтын және адамның жан-жақты дамуына ықпал ететін бір ерекше әлем екенін тілге тиек етіп, Мемлекет басшысының елімізде бұқаралық спортты дамыту бойынша берген тапсырасына сәйкес, қазіргі таңда Алматы облысында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқандағын сөз етті. Оның айтуынша, өткен жылдың өзінде өңірге қарасты қала және аудандар мен ауылдық округтерде жастарға арналған 150 спорт клубы ашылған.
Бұған қоса облыста жылда «Алатау» лига өтуде. Аталған жарыс облыс жастарын спортқа тарту мақсатында ұйымдастырылып отырады. Ал оларды қатысуға жігерлендіру мақсатында жақсы жүлде қоры ойластырылған. Атап айтқанда, 2024 жылы жеңімпаздарға 1 орын үшін 2,5 млн.теңге, 2 орынға 1,5 млн.теңге және 3 орынға 1 млн.теңге берілген. Келесі жылы бұл сыйақыны тағы да өсіру жоспарланған.
Сөз соныңда спорт инфрақұрылымы, бұқаралық және ұлттық спортты дамыту бөлімінің басшысы залда жиналған жастарды келер жылы өтетін «Алатау-2025» лигасына қатысуға шақырып, маңыздылығы жоғары шараны ұйымдастырып, оған өзін құрметті қонақ ретінде шақырған колледж басшысы мен ұжымына алғасын білдірді.
Одан соң Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Жандос Мұқанұлы «Логотерапия немесе өмірге құштарлық кітабы. Білім алушылардың психологиялық төзімділігін арттырудағы рөлін көрсету, білім алушыларды белсенді өмірге ынталандыру» атты тақырыпта әңгіме қозғап, австриялық психолог Виктор Франкл ойлап тапқан «логотерапия» ілімі жайында сөз етті.
Педагогика ғылымдарының магистрі студенттерге логотерапия өмірде мән болса ғана ары қарай еш қиындыққа қарамай өмір сүруге болатынын көрсетеді деген ұстанымды негізге алатындығын, соған сәйкес, бұл ілім адам өзінің не үшін өмір сүріп жүргенін ұғынса ғана, барлық қиындықтарға төтеп беріп, кейбір жағдаяттардан сағы сынбай өте алатындығын насихаттайтындығын түсіндірді. Қиындықтарға ұшырап, өмірінен мән кетіп, өз-өзіне қол жұмсаудан тайынбайтын адамзат үшін Франклдың логотерапиясы қазіргі қоғамға қажет салалардың бірі екенін жеткізді.
Бұдан бөлек семинар барысында ортаға кезек-кезегімен шығып, аудандық дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығының директоры Бекзат Әбдікәрім «Жастар арасындағы спортты насихаттау және бұқаралық спортты дамыту», «LOGORATIO» сөйлеуді дамыту орталығының басшысы негізін қалаушы Райса Бегосылова «Инклюзивный спорт, как улучшение качества жизни и здоровья детей с нарушением», «Үзеңгілестер» өнер-мәдениет орталығының төрағасы «Амангелді Ұзақбайұлы «Рухани құндылықтарды қоғамда насихаттау арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру», Алматы облысы черлидинг федерациясының бас жаттықтырушы Анна Кокорева «Черлидинг – шаг к здоровому образу жизни и популяризации спорта» деген тақырыптарда ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар ауданымыздағы «Немере», «Айгөлек» және «Теремок» балабақшаларының тәрбиешілері баларға арналған өздерінің ерекше методикаларымен таныстырса, колледж оқытушысы Женис Кемалов дене тәрбиесі сабағы бойынша баяндамасын оқыды.
Жиналған студенттерге спорттың маңыздылығы оның жақсы жақтары жайында, спорттың әр салысынан жан-жақты ақпарат берілген республикалық семинар соңын колледж директоры қорытындылады. Қатысушыларға, келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттармен марапаттады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.