Алматы қалалық мобилділік басқармасы осы аптада елді мекендерге қатынайтын 8 жаңа маршрутты іске қосты. Оның ішінде Қарасай ауданына қарасты үш ауылға, атап айтқанда Қырғауылдыға, Кемертоғанға, Көктоғанға баратын автобустар да бар.
Қоғамдық көліктердің жүріс сызбасы келесідей: №238 автобус бағытын Алматының Төле би мен Яссауи көшелерінің қиылысынан бастап, Төле би, Момышұлы, Мөңке би көшелерімен жүріп, «Сорбұлақ» тас жолымен Қарасай ауданының Көкөзек және Көктоған ауылдарына барады. №246 маршрут Кемертоған мен «Барлық» базары арасында қатынайды. Ал №250 қоғамдық көлік болса, «Мамыр-7» шағын ауданынан жолға шығып, Алматы қаласының Абай даңғылы мен Момышұлы, Шаляпин, Әшімов, Жандосов, Тау Самалы көшелері арқылы Қырғауылды ауылына дейін барады.
Қоғамдық көліктердің қызметіне «НұржасТранс» ЖШС жауапты.
Автобустардың жүру уақыты шамамен 6:00 шамасында басталса, 22:00-23:00 аралығында тоқтайды. Жолақысы – 120 теңге. Оны «Оnay» төлем жүйесі арқылы төлеуге болады.
Айта кетейік, жоғарыда аталған қоғамдық көліктердің аялдамалары мен бағыттарын «Onay» мобильді қосымшасынан көруге болады.
Өз тілшіміз.