Аудандық кітапханада, «Ән атасы – Әміре» атты Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл толуына арналған, кеш өтті. Бұл шараның негізгі мақсаты қазақ халқының атын әлемге танытқан Әміре Қашаубаевтың өмір деректері мен шығармашылығын жастарға насихаттау еді. Кеш барысында өнер саңлағының, қазақтың дәстүрлі әншісі, әлемге қазақ халқын паш еткен Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Ағаш аяқ», «Дудар-ай», «Балқадиша», «Екі жирен» және т.б. әндер үнтаспа арқылы тыңдалып, Қаскелең мәдениет колледжінің 3 курс студенттері Ерекеев Мейірбек пен Әсенжан Жайдар әншінің репертуарындағы әндерді нақышына келтіре орындады. Сонымен қатар, Қаскелең мәдениет колледжінің студенттері Қырғызбай Абылай, Жолдас Айбол, Самижан Ақан, Сығайбаева Гүлназ, Керімбай Гүлсая, Ернауан Ақгүл және т.б. Әміре Қашаубаевтың өмірге шыр етіп келген сәтінен шағын көрініс көрсетіп, рөлді шынайы сомдап шықты. Соңынан Қарасай аудандық кітапханасының директоры Ұлдархан Өтеева шараны қорытындылап, кешті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Аққуға аспандағы үнін қосқан,
Жан аға, ән еркесі даңқың асқан.
Өмірден ағып өскен сен бір жұлдыз,
Жолыңды өнердегі еттім дастан,
– деп өлеңдеткен кештің жүргізушілері Пірмағамбетов Жандос пен Бержанова Шынар жиылған қауыммен жылы лебіздерін айтып қоштасты.
С. БАХИНА,
кітапханашы.