Мереке иелеріне деген өзінің ыстық ықыласын жеткізу үшін мінбеге көтерілген Жандарбек Ермекұлы адамның жарық дүниеге келуі мен алаңсыз өмір сүруіне тікелей қатысы бар медицина қызметінің мемлекеттің өсіп-өркендеуі жолында алатын орны зор екендігін атап айтты. Тәуелсіздік алғаннан бері болып жатқан өзгерістер мен ілгерілеу, даму мен өркендеудің баршасы еңбекші халықтың денсаулығының арқасында атқарылуда. Бүгінгі таңда қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан да, Елбасы денсаулық сақтау саласына әрдайым ерекше көңіл бөледі. Соған бір дәлел, Президенттің 2016-2020 жылдар аралығындағы «Денсаулық» бағдарламасында аурулардың алдын алуға және ерте анықтауға басымдық беріп, тұрғындардың заман талабына сай, қолжетімді медициналық көмекке ие болуына жағдай туғызуды тапсырған. Ауданымыздағы ақ желеңділер осы бағытта талмай еңбек етуі қажеттігін айтқан Ж.Далабаев алдағы күндерге жақсылық пен сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, ауданның бірінші басшысы еңбектерін елеп, бірқатар мереке иелерін өз атынан денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі мен адал қызметтері үшін Құрмет грамотасымен марапаттады. Бұдан бөлек, медицина саласында ұзақ жылдар жұмыс істеп, зейнетке шыққан ардагерлерге ерекше құрмет білдіріліп, гүл шоқтары табыс етілді. Әрі қарай ақ желеңділерге арналған әуезді ән мен әдемі бимен өрнектелген концерттік бағдарлама бастау алып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мереке сәнін арттыра түсті.
Бұрым ОРЫНБАСАР.