Елді мекеннің еңсесін тіктеп, ауылдастарының ыстық ықыласына бөлену – әкім үшін зор мәртебе. Тіпті, одан артық баға жоқ та шығар, сірә!
Жұрттың жүрегіне жақсы ісімен жол тауып, басшылық міндетін байыппен бағамдап, көпке үлгі болса, міне сонда: «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген тәмсілдің орындалғаны. Осындай нақыл сөзге нақты мысал бола алатын Қарасай жерінде округ әкімдері жетерлік. Десе де еліне етене жақын Елдос Мұқатаевтың жөні де, жолы да бөлек. Ол – бүгінде Бірінші Май ауылдық округіне жауапты азамат.
Жас та болса, алақандай ауылға бас болып отырған әкім жайлы 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай тақырыбымызға тұздық етіп, қалам тербеуді шештік.
Біз сөз етіп отырған халықшыл азаматтың жақсылық жолында жүруіне себепші – оған деген елдің шынайы ризашылығы. Бәлкім, бала кезден баталы сөзге ие болып жүргені оның ел арасында жүріп, жұртқа жақын қызмет етуі содан шығар.
Елдос Мұқатайұлы – көршілес жатқан Жамбыл ауданының тумасы. 1990 жылы 2 маусымда Талап ауылында дүниеге келген. Балалық балдәурені Бесмойнақта өтіп, осындағы Ә.Жангельдин атындағы орта мектепті бітірген.
Ұстаздың ұлы болып өскен бала Елдос анасын ұятқа қалдырмау үшін тентікке көп салынбай, бұзық болмай, үлгілі оқушы болуға тырысқан. Бастауыш сыныпқа жетекшілік еткен анасы Күлсара Жамантаева баласына дұрыс жолды нұсқап, халық даналығын санасына сіңіріп, тәрбиесіне берік болған. Бұл жайлы Елдос Мұқатайұлы әңгіме барысында кеңінен әңгімеледі.
– Анам мені өтірік айтпауға, ұрлық жасамауға, адал жолмен еңбек етуге тәрбиеледі. Бала кезден жалқаулық, еріншектік, жауапкершіліктен қашу деген қасиет болмады. Достарым доп теуіп, қызық қуып, ойнап жүргенде, мен анама көмектесіп, жер қазып, картоп егіп, арамшөптер жұлатынмын. Мен тіпті, зиянды заттарға да жоламайтынмын. Өйткені анашым былай айтатын: «Егер темекі шексең немесе арақ ішсең, мен өліп қаламын», – деп. Бәлкім, анамның осы бір сөздері менің осындай нәрселерге жолмауыма әсер еткен шығар деп ойлаймын. Ол әрқашан өз күшіме ғана сенім артуды үйретті, – деген кейіпкеріміз анасының тәлімін жоғары қоятынын жеткізді.
Елдос Мұқатайұлының анасынан бөлек үлгі тұтар жандардың бірі – мектептегі мұғалімі Қаматай Сванқұлова. Сынып жетекшісі өмірлік ұстазына да айналып, білім нәрімен сусындатқан. Талай ақылын айтып, баласындай көріп, адалдық ақ жолын нұсқаған. Осындай ізгі қасиеттерді үйреткен ұстазына Елдостың айтар алғысы шексіз.
11 жылдық мектепті аяқтай сала Елдос бірден Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетіне оқуға түскен. Дәл сол уақытта оның отбасы Ұзынағаш ауылына қоныс аударған екен. Оқу ордасын ойдағыдай аяқтап, «кадастр» мамандығының иесі атанған. Ол өзінің алғашқы еңбек жолын мемлекеттік қызметшімен байланыстырып, күні бүгінге дейін осы салада жемісті еңбек етіп келеді. Оның бұл бағытта қызмет етуі Жамбыл ауданында бастау алған. Елдостың мұндай жауапты жұмысқа кірісуі 2013 жылдан бері жалғасып келеді. Сол бір кезеңді ол есінен әлі шығарған емес.
– 2013 жылы ауылдың округ әкім аппараттарында қосымша штаттар ашылған болатын. Мен сол уақытта Ұзынағаш ауылының маңындағы Қарасу ауылдық округі әкімі аппаратына бас маман болып орналасып, кейін осы ауылдық округтің әкім орынбасары қызметін атқардым. Жинаған тәжірибемнің арқасында Ұзынағаш ауылдық округінде дп әкім орынбасары лауазымында еңбек еттім. Сондай-ақ мемлекеттік қызметші ретінде кәсібилігімді шыңдау үшін осы Қарасай ауданында жұмыс атқаруды жөн санап, 2018 жылы Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Мұнда бес айдың көлемінде еңбек еттім. Ал сол жылдың 31 қазанында Бірінші Май ауылдық округіне әкім болып келдім, – деп ол қызметтік жолына тоқталды.
Елдос Мұқатайұлы аталмыш ауылдық округке басшы болып келгелі әлі осы жауапты қызметте. Әкім ретінде мерзімі аяқалған соң, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайын деген ниетпен 2022 жылы ашық сайлауға қайта түсті. Осылайша жергілікті тұрғындардың сеніміне ие болып, округ әкімі ретінде бүгінгі күнге дейін жұмысын жемісті жалғастырып келеді.
Округ әкімі болу – жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Оны Елдос мырза да жақсы түсінгендіктен, күнделікті қызметін ертерек, яғни 8:30-дан бастайды. Алдымен ол ауылдық округке қарасты Бекболат, Қайнар, Сауыншы деп аталатын үш ауылдың көшелерін аралап, санитарлық жағдайына назар аударады. Одан бөлек екі мектептің, бір медициналық пунктің және екі пошта бөлімшесін жұмыс істеуіне мән беріп, солардың жай-күйін бақылайды. Ауылдың ахуалына көз жеткізген соң, әдеттегідей әріптестерімен аппарат жинынын өткізіп, округке қатысты мәселелердің мән-жайын зерделейді. Округ басшысы болғандықтан, әкімдіктегі жауапты қызметшілерге тиісті тапсырмаларды жүктеп, электрондық поштадағы, әлеуметтік желідегі елдің өтініш-тілектерін назарға алады. Олармен кері байланыс орнатып, мәселелерін шешуге ықпал етеді.
Елдос Мұқатайұлы үшін аптаның сейсенбісі және бейсенбісі ерекше әрі жауапты күндерге айналған. Өйткені ол 9:00-13:00 аралығында тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізеді.
Бүгінгі таңда Бірінші Май ауылдық округінің жалпы халық саны 11 мыңнан асады. Жергілікті халықты алаңдататын өзекті мәселелер жоқ емес. Олардың әрбірімен округ әкімі де хабардар. Ол халықты алаңдататын жайттарды ауылдастарымен ортақ байланыстыратын жалпы чат арқылы біліп отырады. Көпшілікке керегі – елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Десе де жақсы жаңалықтар жоқ емес. Мәселен, былтыр округ бойынша 9 көшеге асфаль төселген. Ал ауылдың дамуы үшін қол ұшын созып жатқан азаматтар бар. Оның әрбіріне Елдос Мұқатайұлының айтар алғысы шексіз.
– Округіміздің көлем жағынан кіші болуы қиындау, әрине. Өйткені мұнда өнеркәсіп өндірісінің салыстырмалы түрде қарқынды дамуы екіталай. Алайда елді мекеннің өркендеуі үшін қолдау білдіретін меценаттар бар. Атап айтар болсақ, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жеңіс Бектасов, кәсіпкер Әділтай Әлішев, сондай-ақ ауыл ақсақалдары үнемі көмектесіп тұрады. Атымтай жомарт азаматтарға алғысымды білдіремін, – деп округ әкімі ыстық ықыласын білдірді.
Ақсақал демекші, 2022 жылы Бірінші Май ауылдық округінде сайлау өтпей тұрып ауылдың қадірлі қариясы Марат Қағазбаев сол кездегі әкім болуға үміткер Елдос Мұқатаевқа: «Міндетті түрде әкім бол», – деп батасын берген екен. Округ басшысының айтуынша, қарияның да, басқа тілеулес жандардың да тілектері орындалып, әлі күнге дейін сенімінен шығу үшін еңбек етіп келеді.
– Ауылдастардың мәселелері біржақты шешілсе, іштей қуанамын. Одан артық маған ештеңе керегі жоқ. Сол мені қанағаттандырады. Кейде ауданның немесе облыстың ықпалынсыз шешілмейтін проблемалар болады. Ондай кезде көңіл-күй түседі. Бірақ ауылдың ахуалы үшін алға ұмтылып, жақсылыққа сеніп, ауыл халқының үмітін ақтауға тырысамыз, – деді Елдос Мұқатайұлы.
Кез келген адамның жетістікке жету жолына өзінің табандылығынан бөлек, қолдаушы жандардың себепкер болатыны анық. Олардың бірі жол сілтесе, енді бірі үлгі тұтар адамына айналады. Елдостың да осы күнге дейін абырой биігінен көрініп, қызметтік жолында тәжірибе жинақтауына қолдау білдірген азаматтар бар. Ол жайлы округ әкімі әңгіме арасында ашып айтып, еңбектері елеулі ел азаматтарының атын атап, рақметін жеткізді.
– Менің өмірде адам болып қалыптасып, еңбекке ерте араласуыма алдымен аяулы анам ықпал етсе, мемлекеттік қызмет барысында іскерлік қабілетімді шыңдауға басшылық қызметтегі азаматтар көп көмегін тигізді. Атап айтар болсақ, алғаш жұмыс орным болған Жамбыл ауданындағы Қарасу ауылдық окргуінің әкімі болған Асхат Өтеповке, Ұзынағаш ауылын басқарған, бүгінде Алматы облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ескелді Қасымовқа, Қарасай ауданының әкімі болған Жандарбек Далабаевқа, сондай-ақ бүгінгі таңда округтің дамуына қолдау білдіріп, жұмысымды қадағалап, баға беріп отыратын аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлына ерекше алғысымды білдіргім келеді, – деді округ әкімі Е.Мұқатаев.
Өз ісін жетік меңгерген жас әкім – қызметте ғана тыңғылықты емес, отбасына да ерекше көңіл бөліп, жауіпкершілікті сезіне білетін азамат. Өмірлік жары – Ақмарал оның үнемі сырлас, қолдаушы адамына айналған. Екеуі бақытты отбасының үлгісін көрсетіп, Дінмұхаммед, Іңкәр, Дінислам, Әлихан атты төрт балаға ақылшы ата-ана болып отыр.
Отбасының тірегі болып, халықшыл азаматқа айналып, ел алғысына бөленіп жүру – мемлекеттік қызметші үшін қашан да жарасымды сипат. Біз таныған Елдос та солардың бірі десек артық айтқанымыз болмаса. Округ әкімін кәсіби мерекесімен құттықтап, абырой биігінен түспеуін тілейміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.