Өткен аптада аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында Қарасай ауданының «Алатау жастары» жастар ұйымы мен аудандық жастар ресурстарының бірлескен форумы өтті. Жиынға төраға ретінде аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, Алматы облысының «Алатау жастары» жастар ұйымының басшысы Нұрсұлтан Орынбасаров, аудандық «Алатау жастары» ұйымының басшысы Бекжан Сүнбеков, Қарасай ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Ерлан Әбдіқалыков және Қарасай аудандық діни ахуал бойынша жастар ісі бағытына жауапты маман Дәурен Төкен және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Форумды өткізудегі басты мақсат – барлық қала, аудан, ауылдық жерлерде «Жастар ұйымын» құру. Айта кетейік, бұған дейін аталған ұйымды құру, оның міндеттері мен мақсаттарын таныстыру бойынша алғашқы жиындар өткен болатын. Бұл жолғы басқосу «Жастар ұйымын» құру, оның міндеттері мен мақсатын, жұмыс істеу бағытын түсіндіруге арналды.
Жиында алдымен аудан әкімінің орынбасары Рустам Әмірғалиұлы күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталды. Яғни, бірінші кезекте «Алатау жастары» жастар ұйымының Алматы облысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы және жастарға қойылатын талаптар мен міндеттерін түсіндіру туралы іс-шаралар өтіп жатқандығын сөз етті. Бұл жайында Нұрсұлтан Орынбасаров өз баяндамасында таныстырды. Оның айтуынша, ұйымды құрудағы мақсат жастардың тәрбиесін ұлт тәрбиесімен ұштастыру. Дәл осындай пікірді Бекжан Батырбекұлы да жалғап, Қарасай ауданындағы бір қала, 10 ауылдық округте «Жастар ұйымын» құру қажеттілігін, оның маңыздылығы мен атқаратын қызметтеріне тоқталды.
Келесі сөз кезегі Ерлан Төлеуғалиұлына беріліп, ол да жастар ісіне қатысты ойын жеткізіп, өскелең ұрпақты патриоттық бағытта тәрбиелеу жолдарына тоқталды.
Ал Қарасай аудандық діни ахуал бойынша жастар ісі бағытына жауапты маман Дәурен Болатұлы болса қазіргі таңдағы өте өзекті мәселені сөз етті.
– Қазір жастарымыз ұялы телефонға тәуелді болып, соның кесірінен жат ағым жетегіне еріп барады. Осындай «Жастар ұйымын» құрудағы басты міндет – жастарымыздың бос уақытын тиімді өткізуге үйрету, және ұстаздық етіп, әртүрлі бағытта білім беруге тырысу. Неге? Себебі, «ұстазы жоқтың – ұстазы шайтан», – деген сөз бар, – деді ол.
Форумның соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Ұлтарақұлы сөз сөйлеп, аталық ақылын жеткізді. Ақсақал өз тарапынан жастарға деген ізгі тілегін айтып, болашақ жастардың қолында екенін түсіндірді.Сондай-ақ ақсақалдар кеңесінің әрбір мүшесін медальдармен және Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың барлығын Рустам Әмірғалиұлы табыстады.
Шұғыла ТЫНЫС.