Қазақтың кең байтақ жерінен әр ғасырда көптеген ұлтының ертеңі үшін еңбек еткен ұлы тұлғалар, жаужүрек батырлар, дана би-шешендер, ел бастаған көсемдер, ақын-жазушылар шыққан. Олардың есімдері мен ерлігі, еңбегі бүгіннін өзінде де халық жадынан өшпей, үлгі болып келеді. Солардың бірі – қазақтың кәсіпқой көркем бейнелеу өнерінің бастауы болып саналатын әйгілі кескіндемешісі Әбілхан Қастеев. Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің: «Қазақты танығың келсе, Әбілхан Қастеевтің суреттерін көр, Әміренің әнін тыңда» деген сөздеріне қарап-ақ қылқалам шеберінің туындаларының еліміз үшін маңыздылығының айғағын түсінуге болады. Туған жердің әсем табиғатын, оның дидарындағы адам қолының жасампаз өзгерістерін зор шабытпен бейнелей алған даңқты суреткердің туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Осы атаулы күнге орай өткен аптаның бейсенбісінде Шамалған ауылдық округінде орналасқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Қазақ бейнелеу өнерінің бәйтерегі» атты ауқымды шара өтті.
Аталған кешке құрметті қонақтар ретінде Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев, Әбілхан Қастеевтің қызы Гүлдария Қастеева, Қастеев музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық Мосарик атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Алпысбай Қазғұлов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Жамбыл ауданының құрметті азаматы Әуелбек Ысқақов, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Жамбыл ауданының құрметті азаматы Ахат Манапов сынды өзге де танымал азаматтар қатысты.
Шараның негізгі бөлімі басталмай тұрып оның аясында алдымен түске дейін «Құдіретті қылқалам» атты жас суретшілер байқауы өтті. Оған Шалқар ауылындағы Өнер мектебінің және Қаскелең қаласындағы «Ёжик» студиясының оқушылары қатысып, ұшқыр қиялдарын қағаз беттеріне түсірді. Әртүрлі жанр, алуан түрлі бояу. Бірақ тақырып ортақ. Орталықтың алаңында ашық аспан астында ұйымдастырылған байқауда жас суретшілер қиялдарына ерік беріп, қылқалам арқылы Әбілхан Қастеев секілді еліміздің әдемілігін бейнелеуге талпынды.
Қылқалам мен бояуды серік еткен жас суретшілердің байқауы нәтижесінде бірінші және екінші орынды Шалқар ауылдық Өнер мектебінің Ясмина Рафатова мен Марьям Ғазиз иеленді. Ал жүлделі үшінші орын Қаскелең қаласындағы «Ёжик» студиясының оқушысы Айкүміс Серікке бұйырды.
Шараның негізгі бөлімі түстен кейін дөңгелек үстел барысындағы жиынға ұласты. Оған жиналған қонақтар алдымен арнайы дайындалған көрмені тамашалады. Онда Алпыспай Нығметұлының суреттерімен қатар оның жеке коллекциясындағы түпнұсқадағы Қастеевтің үш суреті қойылды. Бұл суреттерді ол іс-шараға қатысушылар мен жас сайыскерлер Әбілхан Қастеевтің төл туындыларымен жақынырақ танысу үшін әкелген.
Қонақтар көрмеге қойылған жұмыстарды қарап шыққаннан кейін мәжіліс залына жиналды. Дөңгелек үстел барысында алдымен сөз алған Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Абзалиденұлы халқымыздың мақтанышы саналатын өнер иесінің өмірі мен шығармашылық жолындағы басты белестерімен қысқаша таныстырып өтті. Сондай-ақ ол Әбілхан Қастеевтің бізге қалдырған мұрасын балалардың шығармашылығын дамытып, сақтау, одан кейін өскелең ұрпаққа жеткізу қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.
Ал Гүлдария Әбілханқызы әкесінің өмір жолын еске алды. Ол кісінің әңгімесінен суретшінің өнер жолы қаншалықты күрделі болғанын түсінуге болады. Бірақ та сол қиындықтарға қарамастан өзінің таланты, қайсар мінезі арқасында Әбілхан Қастеев қол жетпес биіктерге көтерілген. Енді міне, оның есімін замандастары да, ұрпақтары да асқақтатып, қастерлеп келеді. Ол елімізде кескіндеменің дамуына орасан зор үлес қосып, 8 жыл бойы Қазақстан Суретшілер одағын басқарып, көптеген жас қылқалам шеберлерін тәрбиелеп шығарған. Әсіресе қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы отбасын өте жоғары бағалаған. Суретші, тіпті балаларымен ақылдасып, туындының сәтті немесе сәтсіздігін, онда нені түзету керектігін сұрап отырған. Бұл олардың өмірінің баға жетпес бақытты сәттері болған.
– Әкеміз өте жақсы, жуас кісі болатын, бәріне жақсы қарайтын. Балаларға да ешқашан ұрсып көрмеген кісі. Әкеміз картинасын салып біткен соң үнемі бізді шақырып, «Көріңдер, қай жері дұрыс, қай жері бұрыс» деп ойымызды білгісі келетін. Ол кезде жаспыз, көп мән бермейтін едік. «Жақсы екен» деп кете береміз, – дейді Гүлдария апай.
Дөңгелек үстел барысында Ә.Қастеев мұражайының директоры Гүләйім Жұмабекова, сондай-ақ белгілі суретшілер кедей отбасында өмірге келіп, жастайынан жетімдіктің зарын тартқан суретшінің ерінбес еңбекқорлықпен қойшы таяғын беймәлім қылқаламға ауыстырып, Қазақстандағы көркем суреттін негізін салған кескіндеме шебері Әбілхан Қастеевтің ерекше еңбегіне тоқталды. Оның туындыларында сан алуан тақырыпты шебер бейнелеп, шығармашылығымен Қазақстанның даңқын асқақтатқаны жайлы әңгімеледі. Сонымен қатар, басқосуда қатысушылар соңғы жылдары елімізде балаларды сурет өнеріне үйретуде, оның ішінде көркемсурет мектептері, көркемсурет студиялары, үйірмелер арқылы жақсы жұмыстар атқарылғандығын және де осы үрдісті жалғастыруымыз керектігін айтып өтті. Бұдан бөлек жиында концерттік бағдарлама да ойластырылды, оның барысында мектеп оқушылары өлеңдер оқып, ауданымыздың өнерпазы домбырамен ән шырқады.
Шараның соңы жоғарыда айтып өткен байқау жеңімпаздарын марапаттау мен жиынға келген құрметті қонақтарға Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиевтың атынан Алғыс хаттар табыстаумен тәмамдалды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.