Қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік деңгейде көтерілуі біраз санаға сілкініс берді. Қарым-қатынас тілі ресми қазақ тілі болғалы бері біраз адамның қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі мен құрметін сезіндік. Егемендікпен бірге қазақи рух көтерілді. Қайтадан салт-дәстүр мен құндылықтарымыздың қадір-қасиеті пайда болды.
Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғаны бәрімізге мәлім. Осы заңнама аясында ұлт жанашырлары қазақ тілінің даму аясын кеңейту бойынша біраз ұсыныс тастаған еді. Сол уақыттан бері айналаға көз жүгіртсек, ешнәрсе де ескерусіз қалмады. Мысалға айтатын болсақ, қоғамдық көліктерде аялдамаларды алдымен қазақ тілінде баяндауы, «Тіл мерекесі» күнінің ерекше атап өтілуі, сонымен қатар жол белгілеріндегі жазбалар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері, мәзірлер мемлекеттік тілде жазылғанын байқаймыз. Алайда қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейінде дамыту жұмысы әлі де ақсап тұр.
«Мемлекеттік тіл» деген сөзге мән беретін болсақ, мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі тек қана қазақтардың тілі емес, осы мемлекетте тұрып жатқан баршамыздың ортақ тіліміз болу керек. Мемлекеттік тіл деп сол үшін айтылады. Мемлекет құрушы ұлт төңірегіне топтасып, бір тілде сөйлеу арқылы ғана біртұтас халық бола аламыз. «Көп түкірсе – көл» демекші, қазақ тілінің дамуына үлес қосу үшін ұсыныстарды жеткізіп, соның аясында өзіміз де жүмыс істеуіміз қажет. Ең алдымен, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың тілдік дайындығын күшейтуге баса назар аудару маңызды. Неге десеңіздер, халыққа қызмет ететін тұлғалар, ана тілдерінде еркін әрі сауатты сөйлесе, халықтың да сауаты сол кісілерге қарап түзелері хақ.
Қазақ тілін мемлекеттік тіл аясында дамыту бойынша ең маңызды бір ұсынысты айтқым келеді. Мысалы, біздің елде өмір сүріп жатқан әрбір азаматтың қолындағы ұялы телефонын қазақ тілінде қолданысқа берсе деген ойым бар. Себебі қазір жаңа технологиялардың дамыған уақытында адамға адамнан гөрі ұялы телефоны мың есе жақын. Сондықтан үнемі байланыс құрылғысының ішкі пәрменін тек қазақ тілінде қолданатындай етіп жасаған жөн. Сонымен қатар басқа елден келген азаматтардың да телефон құрылғысының ішкі пәрмені Қазақстан шекарасына өткен сәттен бастап автоматты түрде мемлекеттік тілге ауысса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда шетел азаматтары да қазақ еліне іссапармен немесе демалып келуі үшін өз тілімізді жетік деңгейде білуге ұмтылады.
Сондай-ақ Қазақстан азаматтығын өзге де ұлт өкілдері алуға мүмкіндігі бар екені бәрімізге мәлім. Дәл сондай азаматтық алу мәселесіне келгенде қазақ тілінен арнайы тест тапсыру міндеттелген заңнама қарастырылғаны дұрыс деп санаймын. Соңғы ескере кететін жайт, мемлекет дәрежесінде болған құрылтайлар, республика, облыс және аудандық, шет ауылдарда болатын жиналыс, жарыс, концерттік бағдарлама сынды іс-шаралар тек қазақ тілінде өткізілсе, бұл да қазақ тілінің мәртебесін арттырары сөзсіз.
Шұғыла ТЫНЫС.