Кеше Қарасай ауданы бойынша үстіміздегі жылы ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы болды. Оған аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева төрағалық етті. Жиында ҰБТ-ны сәтті өткізу мақсатында тиісті мекеме өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді. Атап айтсақ, аудандық ішкі істер бөліміне оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелді. Ал, аудандық орталық ауруханасына тестілеу өтетін білім мекемесіне жедел жәрдем көлігін қою қажеттілігі айтылды. Сонымен қатар, электр жүйелері торабына, аудандық төтенше жағдайлар бөліміне, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөліміне, «Автопарк» ЖШС мен Қаскелең қаласы әкімдігіне өз салалары бойынша міндеттер тапсырылды.
Айта кету керек, биыл тестілеу В.Г.Белинский атындағы орта мектеп базасында маусым айының 20-24 күндері аралығында үш кезеңмен өтетін болады.
Өз тілшіміз.