Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов белгіленген кестеге сәйкес осы аптада халықпен тұрақты кездесуінің бірін Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Мерей ауылында өткізді. Ауылдық Мәдениет үйінде өткен жиынға округ тұрғындары арнайы келіп, аудан басшысына әр ауылға қатысты қордаланған мәселелерді жеткізді.
Аудан басшысы алдымен есептік кездесуінде Ұмтыл ауылдық округінде атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта жүзеге асатын жоспарлы шаруалардың жай-жапсарын түсіндірді.
Жиын барысында Мерей ауылының тұрғыны Елена Цырман ауылдастардың атынан бірнеше сұрақ қойды. Атап айтқанда, бүгінгі таңда жергілікті халықты тозығы жеткен трансформатордың жағдайы, одан кейін Мәдениет үйіндегі стоматология кабинетінің қайда көшетіні алаңдатады. Одан бөлек тұрғындар Мерей ауылына бір банкомат аппаратының қажет екенін жеткізіп, кешкі уақытта мопед тізгіндеуші жас балалардың бей-берекет шуына шағымданды.
Әрбір сұрақты мұқият тыңдаған аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы ауыл халқы көтерген сауалдарға назар аударып, осы жиынға қатысып отырған тиісті мекеме басшылары арқылы мәселені бірден шешуін жөн деп тапты. Белгілі болғандай трансформаторға қажетті материалдар сатып алынған. Екі күннің ішінде толық жөнделмек. Мұны электр энергиясына жауапты «Алатау Жарық Компаниясының» өкілі растады. Ал тіс емдеу қызметі жеке кәсіпкердің құзырында болғандықтан, ол мәселені тек дәрігердің өзі шешуі тиіс екені айтылды. Мопедтердің жағдайына келер болсақ, аудан әкімі жергілікті полицияға тиісті тапсырма беріп, олардан жол жүру ережесін қадағалауды тапсырды. Банкоматтың орнатылу міндеті жергілікті әкімдікке жүктелді.
Әкімнің есептік кездесуінде жоғарыда аталған мәселелерден бөлек, қаңғыбас иттердің көптігі, көше жолдарының жай-күйі, қоқыстың уақтылы жиналмауы, көшедегі ағаштардың кесілмеуі жайында сұрақтар талқыланды. Аудан басшысы әрбірін назарға алып, жергілікті әкімдік пен әрбір салаға жауапты мекеме басшыларына тапсырма жүктеп, әрбірін оңтайлы шешілуін міндеттеді.
Жалпы алғанда тұрғындарды алаңдатқан мәселе көп деуге де келмейді. Өйткені осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар аз емес. Басқасы бойынша жоспар нақтыланған. Ол бойынша аудан басшысы жиын алдындағы баяндамасында тоқталды. Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл Алмалыбақ ауылында 1500 оқушыға арналған мектеп салынуда. Оны қолданысқа беру осы жылдың соңына дейін жоспарланған. Сонымен қатар Мерей ауылдық Мәдениет үйі қайта жаңғыртылмақ. Өнер ордасының күрделі жөндеу жұмысы осы аптада басталып, жылдың соңында аяқталмақ.
Құрылысы жүріп жатқан Қаскелең топтық су құбыры арқылы Жалпақсай, Алмалыбақ, Көлді, Мерей ауылдарының ауыз су тапшылығы мәселесі шешілмек. Сондай-ақ көшесі жоқ ауылдардың көбіне көше атауы берілмек. Бұл мәселе облыстық ономастика комиссиясының қарауында жатыр.
Сонымен қатар 2024 жылы Жалпақсай ауылының Т.Сарбасов көшесінде және Мерей ауылының Жастар көшесінде қосымша Street Workout алаңдарын салуға тиісті қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарын мамыр айында бастау жоспарлануда. Одан бөлек осы жылы Алмалыбақ ауылы бойынша 5 көше жөндеуден өтеді. Олар – «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынатын мектепке барар жол, Ерлепесов көшесі, Жалпақсай мен Көлді ауылдары арқылы өтетін КВ-68 көшесі және Мұхамедов көшесі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.