Өткен аптада «Алтын Орда» әмбебап сауда кешеніндегі кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен республика аумағында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жіберілді. Нақтырақ айтқанда, әмбебап сауда кешеннің әкімшілігі «Күшіміз бірлікте» акциясына қолдау білдіріп, кезекті көмек қолын жүк көлігімен Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласына аттандырды. Гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын, гигиеналық заттар, резеңке етіктер мен уақытша баспанадағы тұрғындарға қажетті құрал-жабдықтар, яғни бас-аяғы 20 тонналық жүк тиелді. Қайырымдылық акциясы аясында Алтын ордалық қызметкерлердің барлығы бір күндік жалақыларын аударды.
Айта кетейік, «Алтын Орда» әмбебап сауда кешені бұған дейін Қостанай (Жангелді ауданы), Ақтөбе, Атырау (Құлсары қаласы) облыстарына қайырымдылық керуендерін жіберген еді. Осындай қиын қыстау кезеңде бір-біріне көмек қолын созып жатқандар көп. Бұл жайында гуманитарлық көмектің жиналуына жауапты болып, басы-қасында жүрген Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Ескендір Егеубек пікір білдірді.
«Табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектесіп жүрген еріктілерге, сақшыларға, құтқарушылар мен кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз. Мұндай қиын-қыстау кезеңде біздің ауызбіршілікте болуымыз өте маңызды», – деді Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Ескендір Егізбекұлы.
Өз тілшіміз.