Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашыл болған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бүгінгі таңда Қарасай жерінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 8 сәуірден бастап қолға алынған бұл шара аясында тазалық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Мәселен, акцияның алғашқы аптасында, яғни 13 сәуірге дейін «Таза өлке» деген тақырыппен аудандағы елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері өз аумақтарындағы аулаларын қоқыстан тазартты.
Қарасай ауданы бойынша экологиялық шараның бірінші аптасына аудан әкімі Жасұлан Естеновтан бастап 10 мыңнан астам тұрғын белсенділік танытты. Олардың қатарында 500-дей кәсіпорын, ұйымдар мен басқа да мекемелер болды. Жалпы алғанда 32 мыңға жуық аула ретке келтірілді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) көму полигондарына 6000 тоннадай түрлі қоқыс шығарылды. Оған 55 бірлік арнайы техника мен 87 жүк автомашинасы жұмылдырылды.
Ал «Киелі мекен» деп аталатын экологиялық акцияның екінші аптасы тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналды. 14 сәуірден бастап аудан жұртшылығы жаппай тазалық жұмыстарына кірісті. Күні бүгінге дейін нысандардың айналасы ретке келтіру жұмыстары атқарылуда. Аптаның алғашқы күнінде бұл шараның басы-қасынан аудан әкімі де табылды. Ол Ұмтыл ауылдық округіндегі Д.Қонаев атындағы саябақтың аумағын аббаттандыруға атсалысып, ағаш отырғызды. Одан бөлек дәл осы демалыс аумағын көріктендіруге ардагерлер, жастар, спортшылар, басқа да мекеменің ұжымы өз үлестерін қосты.
Экологиялық акцияның екінші аптасы басталған күні аудан бойынша 10-нан астам тарихи-мәдени нысандардың айналасы тазартылды. Қоршаған ортаны аялауға қатысты мұндай жұмыстар сенбі күнге дейін жалғасады. Бұл шараға жаппай аудан тұрғындары белсене қатысуда.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар. Атап айтар болсақ, бірінші апта «Таза өлке» деп аталған. Елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалайды. Екінші аптасы – «Киелі мекен». Жоғарыда атап өткендей оның аясында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналады. Үшінші аптасы – «Жасыл аймақ». Мұнда көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүзеге асырылады. Төртінші аптаға «Өнегелі ұрпақ» деген тақырып таңдалды. Оның мақсаты – ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру. Ал соңғы, яғни бесінші апта «Мөлдір бұлақ» деп аталады. Бұл шараның аясында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылуы тиіс.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.