«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында әр өңірде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау бизнес» жобасы жүзеге асып жатқаны белгілі. Осы бағыт бойынша 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз грант соммасы тағайындалып, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар кәсібін бастап, ел игілігі жолында жұмыс істеуде. Оның ішінде қарасайлық азаматтар да бар. Олардың әрбірі тиісті қаражаттарын қолдарына алып, істерін дөңгелетуде. Сөзімізге дәлел ретінде кәсіпкерлер қатарын арттырып отырған Индира Құрманбаева жайлы айтуға болады. Көкшетау қаласының тумасы бүгінде 6 періштенің анасы ретінде «Күміс алқаның» иегері.
Бүгінгі таңда көп аурудың басты себебі дұрыс тамақтанбау екенін ескерсек, біз сөз етіп отырған кәсіпкеріміздің қазіргі игерген саласы қоғамда өте сұранысқа ие десек артық айтпағанымыз болар. Оның айтуынша, қазір ұсынылатын тағамдардың ішінде және балаларға беретін тағамдарда да денсаулыққа қажетті дәрумендер жоқ. Сондықтан асқазан аурулары көбеюде. Оның жалғыз емі – дұрыс тамақтану. Тіпті дұрыс тамақтану арқылы аутизм сыртқатын да емдеуге болады.
Индира Серікқызы бұл салаға келмес бұрын үй жағдайында тәтті торттар пісіріп сатқан. Басында тек тапсырыс қабылдап жүрген. Кейін тұтынушылар саны артқан соң мейрамханалардан арнайы тапсырыстар қабылдай бастаған. Кәсібінің алға жылжуының арқасында үйінен шағын кондитер ашқан.
– Менің тәтті тортымды сатып алушы тұрақты тұтынушыларым маған ой тастады. «Неге Сіз дұрыс тамақтану бойынша тағамдар сатып көрмейсіз, біз Сізден алар едік», – деп. Сол сәттен бастап бұл маған Алладан келген белгі болды, қайда жүрсем де, қайда отырсам да осы бағыт бойынша көп естіп жүрдім, тіпті мамандар керек екеніне де куә болдым. Содан кейін тәуекелге бел будым – дейді ол.
Индираның бұл салада жұмыс істеп жатқанына шамамен 1 жыл уақыт болды. Диетолог (нутрициолог) бағыты бойынша сертификаты да бар. Кәсіпкердің сөзіне сенсек, Қазақстанда тиімді тамақтану бойынша үйрететін маман жоқтың қасы. Сол үшін ол Украина еліндегі онлайн сабаққа қатысып, білімін жетілдірген.
Нәзік жанды кәсіпкерге бұл бизнесті бастар кезде қаражат жетпеген. Кейін ол таныстары арқылы мемлекеттен кәсіп дамытуға қатысты қайтарымсыз грант бөліп жатқанын естіп, тиісті мекемеге құжаттарын тапсырып, бағын сынып көрген. Нәтижесінде 1 380 000 тг алып, сол қаражатқа тоңазытқыш, толқынды пеш және ас үйге керекті біраз техникалық жабдық алған. Берілген қаржы толық жетпегендіктен, өз қалтасынан көтерме сауда орталығынан кәсібіне керекті азық-түлікті сатып алған.
Қалай болғанда да кейіпкеріміз мемлекеттік бағдарламаның арқасында кәсібін дамыта түсті. Қазіргі таңда тұрақты тұтынушылары, өзінің жеке қоймасы және көмекшілері бар. Индира Серікқызы әңгіме барысында мына нәрсені де айта кетті: «Мемлекеттің ұсынған қайтарымсыз грантына көп рахмет. Бұл болмағанда мен қазіргідей қаржылай тәуелсіз және бақытты болмас едім. Бастысы тұтынушыларым дән риза. Осы дұрыс тамақтанудың арқасында көбінің денсаулығы түзелді. Дұрыс тамақтану бағытын менің балаларым да тұтынады. Соның арқасында ұлымның бас аурынан мәңгілікке құтылдық», – дейді И.Құрманбаева.
Индира ханымның бүгінгі таңда күнделікті тұрақты тұтынушылары бар. Оларға өзінің жеке көлігімен тапсырыстарын жеткізеді. Дұрыс тамақтануды уақытылы қабылдау үшін әр тағамда нұсқаулық қағаздар жапсырылған. Онда түскі, кешкі ас уақыттарын нақтыланған.
Қарасайлық кәсіпкер өз сөзінде: «Іс қыламын деген адамға Алла да, мемлекет те мүмкіндік беріп отыр. Сол себепті жатпай, тұрмай еңбек етіп, әр мүмкіндікті дұрыс жағынан пайдаланған дұрыс», – дейді. Көзін тапса, бұл өте табысты тірлік екенін түсінетін Индира алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсібін одан әрі дамытуды көздеп отыр және жеке шебер оқу сабағын да ашпақшы.
Шұғыла ТЫНЫС.