Қазіргі таңда қасиетті Қарасай жерінде әртүрлі ұлттардың өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Олардың көбі осында отау құрып, балаларын өсіріп, Қазақстан елін өздерінің туған жеріндей көріп, бүгінде оның өркендеуіне үлестерін қосып жүр. Сондай отбасылардың ішінде Қаскелең қаласында тұрып жатқан Мамедовтар отбасын ерекше атап айтуға болады.
80 жылдан артық қазақ жерінде тұрып, қазақтың салт-дәстүрін ұстап, қазақ тілін ана тілі санап кеткен Мамедовтар әулеті – бүгінде нағыз қазақы қаймағы бұзылмаған, ауызбірлігі жарасқан үлкен отбасы. Кеңес үкіметінің күшімен елімізге жер аударылған өзге ұлт өкілдері ерекше атап өтетін 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай күні кеше аудан әкімі Жасұлан Естенов аталмыш отбасының үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтап қайтты.
Ақ дастархан басында небір қиын кезеңдерді бастан кешкен қарт ерлі-зайыптылар аудан басшысымен емен-жарқын әңгімелесіп, Қазақстанға келген уақыттары мен қазақ халқының көмегі арқасында қалай аяққа тұрғандары жайлы ерекше тебіреніспен еске алды. Қазақ еліне деген ризашылықтарын білдіріп, 80 жылдың ішінде өздерін таза қазақ болып кеткендерін де сөз етті.
– Сол 1944 жылдары бізді сенімнен айырылған адамдар ретінде әкелгенде қазақтар біздің аман қалуымызға көмектесті. Жатсынбай, дос көңілмен бауырына басты. Сондықтан да біздің қазақ халқына деген құрметіміз ерекше. Біз – таза қазақпыз. Себебі 80 жылдан артық Қазақстанның жерінде тұрып, осында балаларымызды туып-өсірдік, өз орнымызды таптық, қазақтың салт-дәстүрін ұстанып, қазақ тілінде сөйлеп, оған құрметпен қарап келеміз.
Қасиетті қазақ жерінде әр этнос өз үйін, өз Отанын, өз отбасын тапты. Бұл үрдіс әлі де солай жалғасын тауып келеді. Сондықтан да мемлекетімізде ешқандай алауыздық болмай, барлық ұлт өкілдері тату-тәтті, береке мен бірлікте өмір сүрсе деп тілейміз – деді Виладим мен Нарханым Мамедовтар.
Дастархан басындағы әңгіме барысында апа-атаның кіші қыздары Адиля Мамедова аудан әкімінен бір бастамаға қолдау көрсетуді сұрады. Анығырақ айтқанда, Адиля өзі зағип жандардың қатарында болғандықтан, бүгінде көзі нашар немесе мүлдем көрмейтін адамдарға жұмыс табу өте қиын екенін айтып, ауданда көзі көрмейтін жандарға арналған орталық ашқысы келетіндігін жеткізді. Бұл жерде жанарынан айырылған жандарға тек емдік қана емес, сондай-ақ жұмыс орнын табу жағынан да көмек көрсетілетін болады. Бүгінде орталықты орналастыруға арналған ғимарат та бар екен. Адиляның тарапынан айтылған өтінішті тыңдаған аудан басшысы Жасұлан Естенов бұл тамаша бастама екенін айтып, міндетті түрде қолдау көрсететінін жеткізді.
Мерекеге орай құрмет көрсетіп келген аудан әкіміне Виладим ата мен Нарханым апа өздерінің дәстүрлі тағамдарынан дәм татқызып, арнайы құттықтаумен келіп қана қоймай, сондай-ақ игі бастамаға қолдау білдіріп отырғанына шынайы ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді.
Айта кетейік, әулетінің отағасы 85 жасар Виладим Мамедов және оның жұбайы 81 жасар Нарханым Мамедова Қазақстанға көптеген халықтар жер аударылған жылдары келген. Виладим атамыз ол кезде небәрі 4-5 жаста болса, Нарханым апамыз бірде болған екен. Екеуі осында танысып, отбасын құрып, біраз жылдар Еңбекшіқазақ ауданындағы Тескенсу ауылында тұрған. Кейіннен 1971 жылдары Қаскелеңге қоныстанған. Олардың төрт баласы да қазақ топырағында дүниеге келген. Балаларын өсіріп, өмірден орындарын табуға көмектескен Виладим ата мен Нарханым апа бүгінде 12 немере мен алты шөберенің қызығын көруде.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.