Соңғы уақыттарда «Тайжарыс – талант» қоғамдық қоры (қор президенті Қазақ радиосының «Шалқар» ұлттық арнасының журналисі, радиожүргізуші Гүлбағыш Бостан), балалар шығармашылығын дамыту үшін, тұрақты түрде байқау өткізіп келеді. Осындай игі мақсатты көздеген аталған өнер сыны талай жас таланттың бағын ашты да.
Ауданымыздағы Райымбек ауылының тұрғындары Тұрсынбек пен Науатжанның отбасында гүлдей жайнап өсіп келе жатқан Аяла да, былдырлап тілі шыға бастағаннан-ақ әртүрлі әсем әуенге ерекше елтіп, өзінше ән айтатын. Таудай талап-талпынысы кішкентай қызды алға жетеледі. Сөйтіп, жоғарыда айтылған қор ұйымдастыратын республикалық «Тайжарыс» байқауына қатысып, жақсы танылды.
Алғашқы байқауда Аяла Тұрсынбекқызы үшінші орынға көтерілсе, онан кейін екінші, бірінші орындарға қол жеткізді. Ал, биыл, атап айтқанда, мамыр айында «Аққу-арман» әнін айтып, бас жүлде алды. Медальмен, алғыс хатпен марапатталды.
Ең бастысы, кішкентай әнші Түркияда осы айдың аяғында өтетін, «Art-dent– Аntalya» атты халықаралық байқауға баратын болды!
«Өркенің өсіп, өнерде жолың болсын, айналайын, Аяла!» дейміз біз сөз соңында.