4 маусым – егемендігіміздің ерекше белгісі болып табылатын рәміздеріміздің төл мерекесі. Жер бетіндегі барлық өзге мемлекеттермен еліміздің терезесі тең тұруы үшін ең алдымен Ту, Елтаңба, Әнұранымыздың қадірі қоғамда жоғары болуы тиіс. Осы мақсатта, жыл сайын, заңды түрде бекітілген бұл күні барлық өңір, әр аймақта ұлттық рәміздеріміз ұлықталады.
Қарасайлықтар да биыл аталған мерекені ыстық ықыласпен қарсы алып, аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға атсалысты.
Алдымен айбынды азаттығымызды аңсаған ата-бабаларымыздың ауыр тағдыры, тәңір өзі тарту еткен тәуелсіздігіміздің бағасы айқындалған композициялық қойылымды тамашалаған көпшіліктің алдына көк байрағымыз бен елтаңбамыз шығарылып, жиналғандар қосыла гимнді шырқады.
Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева қарасайлықтарды мерейлі мерекемен құттықтап, дербестігіміздің арқасында мемлекетіміз қол жеткізіп отырған жетістіктерді тілге тиек етіп, ізгі тілегін жеткізді.
– Мемлекеттік рәміздерді мақтан етіп, құрметтейік, себебі, әрқайсымыздың Отанға деген сезіміміз осы рәміздерге деген құрметімізден басталады. Еліміздің қасиетті Туы, Елтаңбасы, Гимні ұлы істердің бастауы болып, әлем алдында Қазақстан мемлекетін биік белестерден көрсетіп, абыройын асқақтата берсін!- деді Айжан Нұрділдәқызы өз сөзін қорытындылай келе.
Әрі қарай танымал патриоттық әндер шырқалған, мемлекетіміздегі береке-бірлік пен ұлттар достығын бейнелейтін билер биленген тартымды концерттік бағдарламаны аудан өнерпаздары жиналғандар назарына ұсынды.
К. КӨПБАЕВА.