1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісі тарихымызға өшпестей жазылып қалды. Бұл, шын мәнінде, Кеңес Одағы, Мәскеу үстемдігін, билігін жүргізіп тұрған кезде қазақтың өрімдей студент, жұмысшы жастарының ел еркіндігін, ұлт тәуелсіздігін аңсаған шынайы, жүрекжарды көтерілісі болды. Бұл сол бір ұмытылмас жылғы аязы бет қарып, күшіне енген желтоқсан айында талай қандасымыздың жанын қиған, көктей солдырған, тағдырын шырғалаңға салған көтеріліс болды. Бұл көтеріліс бір ғана Қазақстандағы халықтың ғана емес, сол кездегі Мәскеу билеп тұрған барлық ұлттардың арманын паш еткен, үмітін жаққан көтеріліс еді. Арада 4-5 жылдан кейін-ақ сол кезде Мәскеуде отырып, бір өзі көп ұлтты билеп тұрған КСРО-ның дәуірі бітіп, келмеске кетті. 1986 жылғы 16-17 желтоқсанда көтеріліске шыққан, «Менің Қазақстаным!» деп ұрандатқан, ұлт намысын, тәуелсіздігін ту еткен қазақ жастарының арманы орындалды. 1991 жылы қазақ елі өзінің сан жылдар аңсаған еркіндігіне жетті. Тәуелсіздігіне қол жеткізді. Әлемнің картасында Қазақстан Республикасы атты мемлекеттің туы жарқырады.
1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстанның бірінші басшысы, ұлт перзенті Дінмұхамед Қонаевтың орнынан алынып, Мәскеу арқылы Г.В. Колбин деген біреудің басшылыққа келуі отқа май құйғандай болды. Сол кездегі Л. И. Брежнев алаңына алғаш 300-дей жастар жиналса, кешке қарай 20 мыңнан аса жастардың басы қосылды. Олар негізінен «Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа – өз көсемі», «Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!» атты ұрандармен өз талаптарын қойды. Қазақтың өрімдей студент және жұмысшы жастарының талап-тілектері аяқасты етілді. «Ұлтшыл, жұмыссыз, бұзақы жастар» деген желеумен КСРО Ішкі Істер Министрлігінің «Құйын – 86» операциясы жүргізілді. Алматы қалалық ішкі істер бөліміне 2401 адам жеткізілді. Қаланың сыртына апарып тастағандары бар. 8500 жас ұсталып, қуғындалды. Е.Сыпатаев, С.Мұқаметжанова, Қ.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова секілді көтеріліс құрбандары мыңдап саналады. Ұсталған 8500 адамның дені студент қазақ жастары еді. Олардың дені оқудан, жұмыстан шығарылды. Түрмеге қамалды. Аяусыз азап пен тозақты көрді. Әбден 1991 жылы Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін қуғын-сүргінге ұшыраған жастарымыз ақтала бастады. Көтеріліс дұрыс бағасын алды. Әлі де ашылмаған аралдары, айтылмаған, жазылмаған дүниелерінің баршылық екені рас.
Қазір елімізде республикалық «Желтоқсан ақиқаты» атты қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Оның құрамында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазіргі алпысқа толған, алпысты алқымдаған жандар есепте тұрады. Бірлестіктің барлық аудан, қалаларда филиалдары бар. Кеген ауданында да бірлестіктің филиалы бар. Бірсыпыра уақыттан бері қарай оның жұмысын Желтоқсан ардагерлерінің бірі, аудандағы өрттен қорғау мекемесінде ұзақ жылдар жемісті, абыройлы еңбек етіп әрі басшылық жасап, зейнет демалысында жүрген Ерғали Талиповтай азамат жетекшілік жасап келеді. Ерғалиды жетекші етіп сайлауға арналған жиынға республикалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің басшысы Болат Құрымбайдың арнайы қатысып, аудандағы филиал жұмысына, Желтоқсан ардагерлерінің істеріне сәттілік тілеп аттанғанын орнымен айта кету керек. Аудандағы Желтоқсан ардагерлерінің арасында Нұргүл Қызайбекова, Бану Бозымбаева, Данагүл Мамырова, Берік Әбдіманапов, Гүлнара Жаңабатырова, Еркін Қоғамбаев, Қуанышбек Әділханов, Бақтыгүл Құдайбергенова, Гүлмарал Адасбаева, Оразбай Бекбатыров, Медет Доғаев секілді жандар бар. Олар аудан аумағында бірі ұстаз, бірі кәсіпкер, бірі тәрбиеші, бірі дәрігер,бірі мекеме басшысы, енді бірі үй қамы, ұрпақ қамымен жүріп жатқанын атап айтуымыз қажет. Олардың барлығы дерлік ақталып, прокуратура, сот арқылы қолдарына құжаттарын алған. Желтоқсан ардагерлері – бір-бір әулеттің иелері, немерелерінің сүйікті, қамқор әжелері мен аталары. Келін алып, қыз ұзатып, ұрпағын өсіріп, өркендетіп отырған бақытты жандар. Ең негіізі олардың өмірі – бүгінгі өсіп келе жатқан жастарға тағылым. Сонау КСРО билеп-төстеп тұрған кезде ел еркіндігін, мемлекет тәуелсіздігін аңсаған, сол үшін бір мақсат, бір тілекте ұрандатқан жастардың ісі шын мәнінде ерлік пен елдіктің өнегесі. Сол үшін де Желтоқсан ардагерлерін орнымен құрметтейміз.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.