Қазақ халқының исламдағы негізгі ұстанымы Ханафи мазхабы. Халқымыз неліктен ханафи мазхабын ұстанды, жалпы басқа мазхабтардан қандай артықшылығымен ерекшеленеді? Жалпы мазхаб деген не? Мазхабтың дін және ұлт тарихындағы орны қандай? Мазхаб ұстану керек пе? – деген сұрақ туындамас бұрын , ақыл-ой таразысына салып, мәніне үңілместен қабылдай аламыз. Себебі қазіргі дамыған заманда дәстүрлі емес діни ағымдар мен таным өкілдері, қоғамның діни сауатылығының төмендігін пайдаланып, жат елдің сенімі мен діндерін насихаттап жатқаны баршамызға белгілі.
Қазіргі таңда елімізде жат діни ағымдардың жетегіне кетіп жатқан жастарымыздың саны неліктен артып жатыр деген мәселеге тоқталар болсақ, себебі біздің қоғамның діни сауаттылығының төмендігі болып отыр. Олай дейтініміз бабаларымыз ұстанып кеткен ханафи мазхабының исламдағы орны қандай, исламды дала дәстүріне қалай ұштасыра білген,тарихымызда Ханафи бағытындағы мектептің жілігін шағып майын ішкен ғалым ғұламалар қаншама міне біздің қоғам әуелі осы салада еңбек еткен даналарымызды тани білу, міне біз сонда ғана әлемде қалыптасып, дамып жатқан жат діни ағымдарды ажырата аламыз. Қазақ халқы неліктен Ханафи мазхабын ұстанды жалпы мазхаб жайлы не білеміз?
Әбу Ханифа 699 жылы (х.80) Куфада туды. Әке жолымен мата саудасымен айналысты, бір жағынан терең ислами білім алды. Калам, фикх, қырағат салалары бойынша білімін жетілдірді. Кейіннен ұстазының орнын басып, мектепте 30 жыл ұстаздық етті. Ирак, Хорасан, Түркістан, Йеман, Арабстаннан келген шәкірттері 4000-нан асатын. Өмірінің 52 жылы Омайадтар, ал 18 жылы да Аббасилер билік құрған тұсқа сай келді.
Әбу Ханифа сахабалардан дәріс алғандықтан «табиғин» мәртебесінде танылды.Пайғамбарымыздан кейін пайда болған қайшылықтар мен мәселелерді шешу үшін атақты ислам ғалымдарының шешімдеріне қажеттіліктер туды. Ешкім өз үкімдерін қағазға түсірмеген еді. Алғашқы болып исламға қатысты фиқхтық үкімдерді Әбу Ханифа өзінің «Фиқх әл-акбар» атты еңбегінде түсіндірді.
Ұстазы Хаммад бин Әби Сулейман ал-Куфи, алғаш фиқх мектебінде «рай» методын ұстанған ғұлама. Әбу Шибли Алкама бин Абдуллаһ ал-Куфи де Ибн Масғұдтың шәкірті, Әбу ханифаның ұстаздарының бірі. Алкама Ибн Масғұдтан басқа, Хз.Омар, Осман, Али, Айша, Салтан ал-Фариси, Әбу-д Дарда, Хузайра, ал-Ашари сияқты сахабалардан хадис жаттаған тұлға.
Әбу ханифаның мазхабы негізінен оның көзқарасы мен ижтихадына сүйенетін сунни жол. Бүгін мұсылмандардың жартысынан көбі осы мазхабқа ұстанады. Бұл мазхаб Куфада пайда болып, Бағдадта орталығы қалыптасты. Ирактан Сирияға, Мысырға, Османлыға, Мавараннахрға, Дешті Қыпшаққа, Қытай мен Үндістанға тарады. Әбу Ханифаның ең үлкен шәкірті Әбу Юсуфтың Халифа Харун Рашид дәуірінде бас қазы болды, бұл мазхабтың ресми және кең тарауына ықпал етті. Осы дәуірде барлық қазылар Әбу Юсуф арқылы тағайындалды. Ханафи мазхабының ғұламалары бұл мазхабтың артықшылығы мен ерекшеліктерін таныстыруда, насихаттауда жанқиярлықпен қызмет көрсетті.
Әбу Ханифа исламнан бұрын да, тек пұтқа табынушылар ғана емес, сондай-ақ, зороастризм, иудаизм, христиан дінінің көптеген ағымдары секілді жоғары дамыған діндер жүйесі таралған Месопотамияда (қазіргі Ирак жері) өмір сүрді. Ол діндердің әрқайсысының Қасиетті кітаптары, ғибадатханалары және ғасырлары бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптары бар еді. Оның үстіне ол халықтарға араб тілі мен араб мәдениеті мүлдем жат болатын.
Сондықтан имам Әбу Ханифа араб еместерді үркітіп алмас үшін исламның аздаған жеңілдіктер қарастырды. Онда да ол жеңілдіктер идеологиясына емес, тек құқықтық және ғұрыптық нормаларына қатысты болды. Яғни, жергілікті халықтың исламға қайшы келмейтін ырым-жоралғыларына тыйым салмай, керісінше діни-құқықтық нормалардың кейбірін соған қарай икемдеді. Міне сол себептіде қазақ даласына ханафи мазхабы кеңінен тарады.
Абдилсамет Тойкылды,
Алмалыбақ мешітінің имамы.