Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Ауылшаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет», – деп атап айтты. Ауылшаруашылығы саласының аса маңызды бөлігі мал шаруашылығы болып табылады. Қаласы мен даласын тең асырап отырған ауылдарда төрт түлік малдың әртүрлі жұқпалы аурудан ада болып, аман-есен өсірілуі маңызды болып қала береді. Бұл орайда жер-жерлердегі ветеринариялық пункттердің атқарар шаруалары орасан.
Біз сөз еткелі отырған бүгінгі мекеме – облыстық ветеринария басқармасына қарасты «Ветеринариялық пункттері бар Кеген аудандық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ МКК. Жақында аталған мекеменің тыныс тіршілігімен танысқан едік. Бүгінгі таңда мұнда 8 маман 12 ветпункт меңгерушісі, 15 ветдәрігер, 17 ветфельдшер, 49 санитар, 7 күзетші, 2 жүргізуші, 3 еден жуушы, барлығы 114 маман жұмыс атқарады. Қазір барлық ауылдық округтерде ветеринариялық пункттер жұмыс істеп тұр. Мұның бәрі қуантарлық жағдай. Біз аудан әкімдігінің ШЖҚ «Ветеринариялық пункттері бар ветеринариялық станциясы» КМК директоры Төкенов Қабыл Ясинұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік.
–Қабыл Ясинұлы, өзіңіз басқаратын саланың басты міндеті қандай?
–Ветеринариялық қызметтің негізгі мақсаты шаруашылықтарда ветеринариялық шараларды сапалы әрі уақтылы жүргізіп, жануарларды жұқпалы емес, жұқпалы және паразиттік аурулардан тазарту, қауіпті індеттерден адамдарды сақтандыру, мал ауруларын азайту, шығынға жол бермей, шаруашылықтарға келтіретін зиянды барынша азайту болып табылады. Ветеринария саласында экономикалық, биологиялық және медициналық санитариялық бағыттардың да маңызы жоғары. Әлемнің және республикамыздағы ветеринария саласындағы жетістіктерді айтуға тұрарлық. Көрнекті ғалымдардың жан-жақты жүргізген ғылыми зерттеулерінің нәтижесінде жануарлардың көптеген ауруларын жою әдістері және аурулардан сақтандырудың жолдары ойластырылып, табылған. Республикамызда жануарлар ауруларымен күресу шаралары ҚР Президенті бекіткен «Ветеринария туралы Заң» негізінде, Үкімет Жарғылары және ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің ветеринария туралы Заң актілері мен нұсқаулары бойынша жүргізіледі.
– Айтып өтіңізші, жануарларда кездесетін жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары қалай жүргізілуде?
– Негізінен жұқпалы аурумен күресудің негізі жолы – аурудың алдын алу. Жануарлар мен құстардың жұқпалы ауруларымен күресу мақсатында кешенді жалпы және арнайы шаралар жүргізіліп келеді. Жануар ағзасының саулығын қорғау шаруашылық мамандарының күнделікті жұмыстарының басты нәтижесі болып саналады. Жануар өнімінің өнімділігін арттыру және оның саулығын сақтау өзара тығыз байланыста.
–Қабыл Ясинұлы, ветеринариялық эпизоотияға қарсы іс-шаралар қалай жүруде?
– 2023 жылы Ветеринариялық эпизоотияға қарсы іс-шаралады ұйымдастыру 011 бағдарламасы бойынша 317 млн 716 мың 475 теңге, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жоюды ұйымдастыру 007 бағдарламасы бойынша 2 млн 228 мың 571 теңге, жануарларды бірдейлендіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру 010 бағдарламасы бойынша 15 млн 678 мың 720 теңге барлығы 395 млн 623 мың 766 теңге қаражат бөлінді. Кеген ауданының ветеринариялық станциясы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 2023 жылға қойылған міндеттердің орындалуы туралы іс-шаралар қан алу, егу, бірдейлендіру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда ауданымызда 1573 шаруа қожалығы, 8 асыл тұқымды мал шаруашылығы, 6358 жеке қосалқы шаруашылық бар. Жалпы тіркелген мал басының санын айта кетуге болады. 63 151 бас ірі қара, 313 303 бас қой-ешкі, 32 957 бас жылқы бар. Осы қолдағы мал басын аса қауіпті індеттерден қорғау үшін жыл сайын ауылшаруашылығы жануарларына ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу мақсатында жұмыс жоспары бекітілді.
Ауыл шаруашылық жануарларын аса қауіпті ауруларына қарсы 2023 жылға арналған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралары бойынша 11 айлық жоспарға сәйкес, ірі қара малы топалаң ауруына 73 150 бас жоспарланып 51 200 басқа екпе егілді, 69%. Ұсақ мүйізді малы топалаң ауруына 311 400 бас жоспарланып, оның барлығына екпе егілді, 100%. Ірі қара малының аусыл ауруына 143 050 бас жоспарланып, 138 450 басқа екпе егілді, 96%. Ұсақ мүйізді малының аусыл ауруына 405 200 бас жоспарланып, 301 045 басқа екпе егілді, 74%. Ірі қара малы пастереллез ауруына 43 500 бас жоспарланып, 43 500 басқа екпе егілді, 100%.
Бірдейлендіру жұмысы бойынша 2023 жылға арналған төлдердің жоспары бекітілді. Ауылдық округтердің ветпункт меңгерушілері жеке тұрғындардың үйлерін аралап, туған төлдер сырғаланып, дерекқорға енгізілуде. Кеген ауданы бойынша ірі қара малы төлінің жылдық жоспары 23 430 бас. Бүгінгі күнге ірі қара малы төлінің сырғаланғаны 22 674 бас, 96%, Ұсақ мүйізді малы төлінің жылдық жоспары 121 572 бас, бүгінгі күнге ұсақ мүйізді малы төлінің сырғаланғаны 123 650 бас, 102%. Жылқы малы төлінің жылдық жоспары 10 500 бас, бүгінгі күнде жылқы малы төлінің чиптеу 9 227 бас, 87% орындалды.
– Өңірде тегін жүзеге асырылатын шаралар бар шығар?
– Біздің кәсіпорында жұмыс істейтін ветеринариялық дәрігерлері арқылы қан алу, егу, бірдейлендіру, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстары мемлекет есебінен тегін жүзеге асырылып келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде көптеген індеттердің алын-алу бағыттарында тиісті жұмыстарды жүргізудің мүмкіндігі туды. Аудандағы Кеген және Жалаңаш аймақтары бойынша ит аулайтын 2 бригада жасақталып, Кеген ауылдық округіндегі ветеринариялық пункттің жанынан арнайы ит ұстайтын орын жасалды. Аудан бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға 2023 жылға 520 бас қаңғыбыс иттер мен мысықтарды аулау жоспарланып, бүгінгі күнде жыл басынан 721 бас ит ауланып жойылды. Алдағы уақытта 200 бас қаңғыбас ит аулану жоспарлануда. Ауланған қаңғыбас иттердің иелері анықталғанша Кеген ауылдық округінің ветеринариялық пунктінде ережеге сәйкес тұрады.
– Ауданның тұрғындарына айтар ұсыныстарыңыз бар ма?
– Айта кететін жағдай, белгілі себептермен мал өлімі болған жағдайда, тұрғылықты жерге қарасты ветеринариялық пункт-терге, аудандық «Ветеринариялық пункттері бар ветеринариялық станциясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына өлген малдың өлексесін жою мақсатында хабарласу қажет. Себебі, адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы және инвазиялық паразитарлық аурулар өте көп. Олар бруцеллез, туберкулез, құтыру, сібір жарасы, листериоз, лептоспироз, туляремия, орнитоз, эхинококкоз, трихиннеллез, дикроцелиоз, дерматомикоз тағы да басқа аурулар жатады. Бұл аурулармен адамдар да ауыратындықтан немқұрайлылыққа салынбаған жөн.
– Аудандағы ветеринариялық-санитариялық нысандар туралы білсек деп едік…
– Ауданымыздағы 12 ауылдық округте 9 мал өлексесін тастайтын орын бар. Алғабас, Қарқара, Қарабұлақ, Саты ауылдық округтерінде мал қорымы салынып, құжаттары жасалды. Ауылдардағы ветеринариялық пункт меңгерушілерінің ұйымдастыруымен 12 мал емдеу қашасы жасалды. Қазіргі уақытта Кеген, Саты, Тұйық, Ұзынбұлақ, Шырғанақ ауылдарында мал емдейтін орындар жоқ. Ауданда 11 мал тоғытатын орын жұмыс істейді.
– Ветеринария саласы бойынша өзекті мәселелер барма?
– Өзекті мәселер бар. Бүгінгі таңда тек Кеген, Саты және Ұзынбұлақ ауылдық округтеріндегі ветеринариялық пункттері өз ғимараттарымен қамтылған. Қалған округтегі ветеринариялық пункттері толық қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз етілмеген. Алғабас ауылдық округінің ветеринариялық пункті ауылдық округіндегі Мәдениет үйінің 1 бөлмесінде орналастырылған (7м2). Онда барлығы 8 ветеринариялық маман қызмет атқаруда. Тар бөлмеде ветеринариялық мамандарды айтпағанда ветеринариялық препараттарын сақтауға арналған тұрмыстық тоңазытқыштарын, ветеринариялық құрал-жабдықтарын, кеңсе жиһаздары мен компьютер жиынтықтарын орналастыру қиындық туғызуда. Тікелей ветеринариялық станцияларда және ветеринариялық пункттерде жұмыс істейтін ветеринариялық мамандардың жалақысын кемінде 60%-ға көтеру қажет.
– Алда атқарылып жатқан жұмыстарыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Аудан бойынша мал қорымдарын салу жөнінде 7 ауылға Жалаңаш, Жайдақбұлақ, Қарабұлақ, Кеген, Тасашы, Кіші Қарқара, Көкпияз, ауылдық әкімдіктердің тарапынан ЖСҚ жасалынып, құжат топтамалары жинақталып мал қорымдарын салу үшін конкурс ойнатылуда. Қазіргі таңда Тасашы ауылы мен Жайдақбұлақ ауылындағы мал қорымының конкурсы ағымдағы жылдың 25 тамызы күні ашылды. Бүгінгі күнде құрылыс жұмыстары басталды. Қалған 5 ауылдың Кеген, Жалаңаш, Көкпияз, Кіші Қарқара, Қарабұлақ ауылдырындағы мал қорымдарының экспертизасы (сараптама) дайындалып бітті. Алдағы уақытта, есеп беру жиналыстарында халықтың сұранысы бойынша Алғабас, Жаңаталап, Шыбышы, Мойнақ, А.Нүсіпбеков, Қарабұлақ, Қарқара, Ереуіл, Темірлік, Саты, Күрметі, Жалаңаш, Кеген, Ақтасты, Сарыкөл, Ұзынбұлақ, Ақсай, Жалаулы, Шырғанақ, Кіші Қарқара,Талды, Көкпияз, Кеңсу ауылдарына мал қорымын салу жұмыстары 2024 жылы жоспарлануда.
– Ортақ әңгімеңіз үшін және сұхбатыңызға алғысымызды білдіреміз. Ел мен жерге арналған игілікті істеріңіз жемісті бола берсін!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.