Сөзі салмақты ұлылар ізін жалғаған ақын
Мен осы ауылданмын,
Өлең жазу дертімен ауырғанмын.
Қарасаздың қуалап толқындарын,
Нөсеріне шомылғам жауындардың.
Мен осы аймақтанмын,
Талай-талай адасқам, ай батқан түн.
Мен –осы Қарасаздың перзентімін,
Шаруам жоқ, болса да қай жақтан кім?!, – деп жырлаған Шеризатттай ақын ағамыз жырға толы күндері мен түндерінің құшағында. Қастерлі қаламын қалғытпай, адам, қоғам, заман, туған жер, өскен орта туралы әсерлі, отты өлеңдерін жазып, оқырман қауымын сүйіндіріп келе жатқан өмірінің мағыналы белесінде. Ақын жырына қосқанындай, қастерлі де қасиетті, қонақжай Қарасаз ауылының бір перзенті. Мұқағали дүниеге келген топырақтан жаралған. «Өлең жазу дертімен ауырғанмын», – деп өзі айтқанындай, қазақтың қара өлеңінен құры алақан емес. Аспантаулар өлкесіне, Жетісу жеріне танымал ақын. Ұлылармен үндесіп, ел-жерімен тілдесіп, тау-даласымен сырласып, мұңдасып келе жатқан жайдары мінезді, жылы жүректі, арқалы ақын. Осынау қастерлі өлкеде өмір сүрген Көдек, Шарғын, Албан Асан, Жанғабыл секілді даналардан нәр алып, Мұқағали мен Еркіндей ақынның жырларымен қуаттанып, Қарасаздан шыққан ұлы ақындардың ізін жалғап, көшін көрікті етіп келе жатқан жыр сүлейі.
Елінің сөзін сөйлемесе, халқының мұңын мұңдамаса, ақын ақын болар ма?! Елім деп еңіремесе, етегі жасына толып күңіренбесе, ақынға көңіл толар ма?! Шеризат ағамыз санасы сергек, ойы тұнық, жүрегінің көзі ояу ақын. Әрдайым Қарасаз жақтан көтерілетін ару күнді қарсы алып, Шарын шатқалына қарай батып бара жататын әр күнін шығарып салып жүреді.
Елім-Жерім, Қазағым, Қаным, Туған Тілім десе, қаны қызып кетеді. Анау көк байрағымызды желбіретіп аттарымен шыға келген бауырларына шын жүрегімен қосылып кетеді. «Атамекен» әнін бірге шырқайды. Аттанға аттан, ұранға ұран қосып жіберуге дайын. Рас, мұның бәрі еріккеннің ермегі емес, ел мен жердің жайын, туған тіліміздің жайын, жемқорлық жайлаған мемлекет жайын ойлағаннан, соны ойлап толғанғаннан туады.
Отыз жыл ма, мейлі қанша жыл өтсін,
Кімдер шалқып, шырылдады жүдеп кім?!
Кедей, бай боп бөлінді ел екіге,
Міне, осы ауырары жүректің.
Көп тоқалдар алтындаса кебісін,
Қымбатшылық жайлап алды ел ішін.
Халық батып несиеге, қарызға,
Жұт жалмады төрт түліктің өрісін, –дейді ақын жанын шырылдата, жүрегін ауырта, көңілін босата.
Бәрі шындық, бүгінгі күннің көрнісі, еш қоспасыз келбеті.
Кел, Жаңа жыл!
Кел, Жаңа жыл, төрлет тарих төріне,
Бақыт сыйла адамзаттың «төліне».
Жер-Ананың жылытып кең құрсағын,
Құт болып кел, егеменді еліме!
Кел, Жаңа жыл!
Бақыт боп кел, бақ боп кел,
Алла сүймес жамандықты жасқап кел!
Ұлы тарих есігіне енерде,
Тыныштықты бастап кел!
Кел, Жаңа жыл!
Әр минутты санап кел!
Сен өзіңді киеліге балап кел!
Әр қазақтың байлығы ақ дастархан,
Әр қазақтың от басына бақ ап кел!,–дейді ақын шын көңілімен. Ақын – елдің ардағы! Ақын – халқының ұлы, даласының перзенті! Содан шығар, халқымен, елі-жерімен жаны бір, жүрегі бір, тілегі ортақ. Ақынға да тыныш өмір керек. Бейбіт те жайлы заманда ел-жұрты алаңсыз өмір сүріп, еңбек етсе, берекесін мерекесіне ұластырып жүрсе, әр қазақтың шаңырағында ырысы шалқып, думаны тасып жатса, ақынға керегі сол. Сонда ғана ақын да алаңсыз көз шырымын алып, сонда ғана қаламын қолына алып, мөп-мөлдір жырларын жазады.
Бақытты сезінемін мен өзімді,
Табамын бейбіт күнде керегімді.
Тыныштық болсын деп тек жер бетінде,
Жазамын күні-түні өлеңімді, – деп жырлауы сондықтан.
Шеризат Мекебаев – бар ғұмырын дене тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз, қазақ күресінен шәкірттерін баулыған ерен жаттықтырушы. Бар мәнді өмірін ауыл спортын дамытуға, жасөспірімдерді спортқа тартуға арнаған кешегі ұстаз, жаттықтырушы, бүгінгі елағасы, спорт ардагері азамат болып ат жалын тартып мінгеннен өсер ұрпаққа адалдықты, еңбекті, спортты, жақсылықты насихаттап, үйретіп келеді. Жырларынан да жас ұрпаққа деген ағалық ақылы, елағалық ғибраты айқын аңғарылып жатады.
Ащы да емдім, тәтті де емдім уыз-бал,
Болашақ үшін айтатын талай мұңым бар.
Ұрпақтың қамын ойлаймын десең ей, елім,
Жанымның мынау шырылын бір сәт ұғыңдар.
Тыңдашы бауыр, ананың сүтін ақтайық,
Қисыны келген қиындықтардан қашпайық.
Ап-ашық күні адасып жүрген жастарды,
Аталы жолға, баталы жолға бастайық!
Тыңдашы бауыр, десек те қанша пендеміз,
Аймалап төсін ананың сүтін емгеміз.
Ауыр күн туса, артыңда қалып қалың ел,
Қандай арман бар, қалқан боп өлсек елге біз?!, – дейді ақын «Қалқан боп өлсек елге біз» атты өлеңінде. Ақынның әр сөзі анық, айқын, ақиқат. Ақынның әр лебізі құндылығымен жүрекке жол тауып жатады. Содан да болар, қара ормандай қалың елі Шеризаттың жырларын тұшынып оқиды. Өздеріне керегін тауып жатады. Қоғамның келбетін, заманның үнін, елінің мұңын жүректен шертетін ақынын бүкіл жерлестері құрметтейді. Ақын туралы әрдайым жылы сөздерін, жақсы пікірлерін айтып отырады. Елім-жерім, ұлтым деген ақынға бұдан асқан бақыт пен қуаныш жоқ.
Шеризат ағамыз аудан орталығындағы Ө.Жаңабаев атындағы орта мектепте зейнет демалысына шыққанша оқушыларға дене тәрбиесі пәнінен дәріс берді. Бірсыпыра жылдар аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде шәкірттерін қазақ күресіне баулыды. Дәрісін берген, баулыған неше жүздеген шәкірттері әрдайым ұстаздарына құрметтерін көрсетіп тұрады. Көрген жерде құшақтаса амандасып, шүйіркелесе әңгімелесіп жатады. Бір ғана мысал, Бауыржан Тәліп атты шәкірті қазақ күресінен екі дүркін Әлем чемпионы, бірнеше дүркін Азия чемпионы болды. Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушысы атанды. Бауыржан бастаған шәкірттері Шеризат Мекебаев пен Боранбай Кебекбаевтай жаттықтырушы ұстаздарына, спорт ардагерлеріне ерекше құрметтерін көрсетті. Аудандық спорттық-сауықтыру кешеніне ел-жұрттың басын қосып, спорт ардагерлерінің өмірі мен тағылымы туралы әңгімелерге негіз қалап, ақ дастархандарын жайып, астыларына жараулы ат мінгізіп, мерейлерін аспандатты. Сол күндері Шеризаттай ақын ағамыз ерекше толқулы көңіл-күйде жүрді. «Маған халқымның жасаған құрметінен асқан құрмет те қуаныш та жоқ! Халқым бар да мен де бармын. Халқым бар да мен де бақыттымын!», –деді шын пейілімен қуана тіл қатып. Қасиетті Қарасазынан қанаттанған ақын жанды қайсар ұл тағдырының бар сынағын мойымай көтеріп, қиындықтарын еңсеріп, жақсы күндеріне қарай бет алып барады. Қалың оқырманына, жерлестеріне «Жүрегімнің көзінен жас ағады», «Ол күндер оралмайды» атты қос жыр жинағын ұсынды. Соңғы жылдары жазған жаңа өлеңдерінің жүгін көтерген жаңа кітабы баспада жатыр.
Жаз жайлауы кете ме естен,
Әсем сазды, сабырлы үн.
Қарасазда бірге өскен,
Бауырларды сағындым.
Шөлдегенде ішетұғын,
Сары қымызын сағындым.
Терлегенде түсетұғын,
Қара суын сағындым, – дейді ақын туған ауылына деген сағынышын жыр жолдарына кестелеп.
Қарасаз бен Шеризат ағамыз тұратын Кеген ауылының арасы алыс емес. Қарасазы аппақ қарға оранғанда, бозқараған гүлдегенде, бүлдіргені мен қарақаты піскен кезде, Қарасазы, Елшенбүйрегі, Қарасуы, Шәлкөдесі бәрі-бәрі түрлі түске боялған тамаша шақтарында жолға шығып кетеді. Туған ауылының ойы-қырын армансыз аралап кетеді. Ақбұлақтарына бас қояды. Гүлдерін иіскеп, саумал самалына кеудесін тосып, жаңа жырларын жазады. Міне, осылай күндері, айлары, жылдары жалғасып жатыр.
Мен өмірді дүрмек деймін,
Алға қойып мақсатты.
Мәңгілікке құрметтеймін,
Адам деген жақсы атты, – дейді «Мәңгілікке» деген өлеңінде. Рас, Шеризаттай ақын ағамыз мынау бір қонақ өмірде, жалған жарық дүниеде арына, абыройына кір жұқтырмай, ақын деген, адам деген жақсы атын құрметтеп, аялап, ардақтап келеді. Адам деген жақсы атынан, жақсы жолынан ешқашан жаңылмақ емес. Біз білетін Шеризат ақын осындай. Аспантаулар өлкесі құрмет тұтқан Шеризат ақынның жайдары да жарқын, келбеті, қарапайым мінезі осындай. Жақсы күндеріңіз, шабытты шақтарыңыз көп болсын, асыл аға!
Ақынның жүрегінен туған көңіл тебірентер өлеңдерінің бірнешеуі төменде.
КҮНДЕЛІКТІ КӨРІНІСТЕН ТУҒАН ОЙ
Кәрілік бұл аяқ-қолын арқандап,
Қарағаны жан-жағына жаутаңдап.
Үш сиырын шығарып сап өріске,
Қайтады Ана, үйге қарай «талтаңдап».
Күнде көрем, тағы көрдім міне мен,
Ақ таяғы қолтығына тіреген,
Үш сиырдың соңына еріп барады,
Жүдеу жүріс, жүдеу киім, жүдеу өң.
Бұл кәрілік жүргізбейді жүгендеп,
Сондадағы үш сиыры бір ермек.
Жолға шықсам сол көрініс, сол сурет,
Қайда әлгі тапқан ұлдар, жүгермек.
«Шаршап» келіп, әлде ұйықтап жатыр ма?
Не айтасың, сөйтсе ондай пақырға?
Кім кінәлі, ата-ана ма, қоғам ба?
Жөн тәрбие бере алмаған жасында?!
Үміттенде, үзілетін күдер көп,
Еңсесін бір көтеруден жүдеу көп.
Кеш батқанда айдап қайтады үйіне,
Ұлдарды емес, үш сиырын түгендеп.
Жалғыз ұлдан айрылғанмын, сезін, ұқ,
Отыратын сәттерім көп езіліп.
Қартайсам ғой, өзім қандай болам деп,
Ет-жүрегім еңірейді егіліп.
СОҢЫНАН ҚАРАП ТҰРМЫН МЕН
Дүри-ай дүние дүр еттің,
Көктем боп өттің гүр еттің.
Қуантып көгін жүректің,
Кеудеге қызыл гүл ектің.
Шынардағы, шыңдағы,
Қырандай баптап түлеттің-ай!
Дүри-ай дүние жаз болдың,
Жадырап жайнап мәз болдың.
Қызығы қырман көл болдың,
Көлдегі аққу, қаз болдың.
Бекеті болдың үстінде,
Тіршілік дейтін нар жолдың-ай!
Дүри-ай дүние дүркіреп,
Күз болып келдің күркіреп,
Жемісің толды қамбаға ,
Арналды алғыс, мың тілек
Ақ боран болдың арынды,
Алатын кейде сілкілеп-ай!
Дүри-ай дүние қыс болдың,
Қымтанып жүрер тұс болдың.
Қызығы бітіп қырдағы,
Қырымға қайтқан құс болдың-ай,
Кірпіктеріне көзімнің,
Бір тамшы қатқан шық болдың-ай!
Осылай өтті дәурен күн,
Татқызып дәмін әр жердің.
Бастырып қырын әр белдің,
Жаныма қуат, нәр бердің.
Уақыт сенің қойныңда,
Оныңда, менің бар белгім-ай!
Бір күннің қымбат бір күннен,
Болатұғынын кім білген.
Қаңқылдап қайтқан қаздардың,
Соңынан қарап тұрмын мен-ай!
ДОМБЫРА
Кейде қатты, кейде жұмсақ,кейде зарлы үні бар,
Қайғысы бар, қуанышы, кейде ауыр мұңы бар.
Ұзақ жолда ауыр жүкті арқасына көтерген,
Қазақтардың дәл өзіндей сан ғасырлық сыры бар.
Қашан, қалай пайда болды, кімнен қалды ол мұра?
Дерек те жоқ, дәлел де аз, жетпейді оған ой мына.
Шанақ жасап, ішек тағып, бұрау салып мойнына,
Қай заманда қойды екен оның атын ДОМБЫРА?
Бәлкім оны жалқы қазақ ойлап тауып, тарихта,
Қазақтардың тағдырына мәңгі енші болдыма?
Сан алуан үні де бар, тілі де бар кәдімгі,
Тыңдай білсең айта беред мың құбылтып әніңді.
Шанағына салып қойып, бар құпия сырларын,
Қазақ қана қолына алып сөйлететін тәрізді.
Қазақтардың маңдайына бақыт болып қонды ма,
Маза бермей сан тарапқа жетелейді жол мына.
Қос ішегін шертіп қойып, тарқататын шер-мұңын,
Жан сырыңды бөлісетін, оның аты домбыра.
Тіршіліктің барлық сырын білдіретін домбыра,
Жүрегіңді оттай қарып, күйдіретін домбыра.
Көздеріңнен ағыл- тегіл жас ағызып, селдетіп,
Алпыс екі тамырыңды идіретін домбыра.
Жақсылықты, жамандықты баяндайтын домбыра,
«Киік қуып»бала өлсе,баламдайтын домбыра.
Құйсадағы көмейіне қорғасынды балқыған,
Қылша мойны үзілгенше аянбайтын домбыра!
Аламанда тұлпарларды оздыратын домбыра,
Аққуларды айдынына қондыратын домбыра.
Мың домбара бір уақта құбылжытып күй төксе,
Кең даланы дүркіретіп той қылатын домбыра!
Бірде бәсең, бірде қатты, аянышта арынмен,
Бота болып безілдесе, боздап тұрып нар иген.
Қазақтармен бірге жасап келе жатқан тарихта,
Қасиетті домбырамыз қызыр болғай әр үйде!
ҰМЫТПАЙДЫ
Ұлағатты ұстазы, қарасаздың қадірлі азаматы, ғалым, мұқағалитанушы Жұманұр Өтеевке арнау
Жұмаш аға!
Асыңда дәл бүгінгі,
Айтсам екен еліңе қай қырыңды.
Жаратқанға өкпе жоқ, аздау етіп,
Тағдырыңа байлаған аз ғұмырды.
Сіз зерттейтін көп тарих қалып қойды,
Сол үшін де Қарасаз қайғырулы.
Соңыңыздан іні боп жүрген еріп,
Ізіңізге үңіліп үндемедік.
Әшейін бір-бір жоқтау арнап қойып,
Өзіңді де, сөзіңді іздемедік.
Еңбегіңді айқайлап айта алмаған,
Өкпелемей жатырсыз бізге неғып?!
Жан емессіз жататын тасада ұмыт,
Мәртебеңіз ауылда аса биік.
Мұқағали оқуын алғаш рет,
Сіз едіңіз бастаған бата қылып.
Бір аты Қарасаздың Сізбен шығып,
Мұқағалитанушы атады жұрт.
Бұл тұрғыда ерекше еңбегіңіз,
Оны жақсы білеміз елдегі біз.
Шежіресі ауылдың өзің жазып,
Тарих болған жинаған, тергеніңіз.
Бәрі шындық Сіз жайлы сыр ақтарсақ,
Көрді Сізді өйткені өз көзіміз.
Емес бұл қатып қалған қағидамыз,
Тек шындықты айтуға бағынғамыз.
Алдыңызда ақылшы Жалғас апай,
Жаныңызда жүретін Дариға «қыз».
Ыбырайды қалайша ұмытамыз,
Шебер болған суретпен жазуда аңыз.
Өткен шақтың еске алып тұрсақ бәрін,
Тұншықпайды, шығады құрсақтағы үн.
Даубай балаң дал-дал қып айтысқанды,
Мұхтархан жүр көтеріп жыр « шоқпарын».
Қабыл болғай Алладан ниет, тілек,
Ас беріп еске алуда ұрпақтарың.
Ұмытпайды Сізді еліңіз, ұмытпайды,
Келер ұрпақ зерттейді, ұлықтайды.
Мұқағалиды оқыса бүткіл ауыл,
Бүтін әлем таң қалып қызықтайды.
Дәл төрінде пейіштің болғай жаның,
Есіміңді санада, жүрегінде,
Елің-жұртың ешқашан суытпайды!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауылы.