Кеген ауданындағы Қарқара жайлауының шөбі шүйгін. Өріске сән берген төрт түлік мал жетерлік. Жалпы, өткен ғасырда әйгілі Қарқара көтерілісі тұтанған, Ереуілтөбесінде еңселі ескерткіші орнатылған, халықаралық маңызы бар Қарқара жәрмеңкесінің орны қалған, Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен өңірге толқымай, толғанбай қадам басу мүмкін емес. Тарихтың өзі мен көзіндей өлке. Бұл хан жайлау Жел Қарқара, Құр Қарқара, Мыңжылқы, Ақ қайың сайы, Айнакөл деп кете береді. Жердің жаннаты.
Біздің кейіпкеріміз – Кеген ауылының тұрғыны Болатбек Асқаров басқаратын «Ақзер» шаруа қожалықтың жылқышысы әрі бақташысы Дүйсен Тұрдақындай азамат. Жел Қарқара – тамаша жайлау. Етектегі аңғарында арынды тау өзені ағып жатыр. Әсем шыршаларымен, ажарлы аршаларымен өрілген әдемі тауларға қарай бергің келеді. Мұнда өріске қожалықтың төрт үйір жылқысы, жүзге тарта сиыры көрік беріп тұр.
– Қыс маусымында Темірлік өңіріндегі Бірімтай сайындағы қыстауда боламыз. Жағдайымыз жақсы. Жайлаудың шапағаты жоқ емес. Оншақты бие байлап, қымыз әзірлейміз. Жұбайым мен келінім сиыр сауып, май шайқап, құрт, ірімшік жасаумен айналысады. Мұның бәрінің бағасы артқан. Пайдасы мол. Жаздың әр күнін тиімді пайдаланғаннан ұтыларымыз жоқ, – дейді қожалықтың малшысы Дүйсен Тұрдақын.
Жаз маусымында Дүйсен ағамыздың Асхаттай ұлы мен Ұлжалғастай келіні белді көмек көрсетеді екен. Маржанкүлдей еңбекқор жұбайының да ертелі-кеш айналысатын шаруалары жетерлік. Кішкентайынан малды ауылдың тірлігімен өскен Дүйсен ағаның бесаспап екені көрініп тұр. Уақтылы бие сауу деген оның күнделікті қалыптасқан игілікті ісі. Шаңырақтарынан Жел Қарқараның балды қымызының иісі аңқып тұр. Май, маңыз, құрт, ірімшік ақ дастархандарының ажары. Жайлаудың шапағаты, жайлаудың берекесі деген осы.
– Ауылдағы балам мен келініме арнап салған үйімізді бітіріп қойдық. Алла қаласа, туыс-туған, ел мен жұртқа бір шәугім шай беріп, қоныс тойын жасасақ деген ниеттеміз, – дейді Дүйсен ағамыз.
Бәрекелді! Қоныс тойы құтты болсын! Жақсылықтарымыз мол болсын дедік.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.
Суретте: «Ақзер» шаруа қожалығының малшысы Дүйсен Тұрдақын ұлы, Асхатпен бірге.