Бұдан бес жыл бұрын аудан орталығында 1200 орынға арналған мектеп пайдалануға берілген еді. 60 оқу кабинеті, 47 интерактивті тақта, екі кітапхана, 230 орындық асханасы бар білім ғимараты заманауи үлгімен салынған, бөлмелері кең де жарық. «Ұзынағаш ауылындағы орта мектебі» атты білім ұясында жуырда тәжірибе алмасу алаңы өтті.
Аудандық әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Салтанат Әденованың жетекшілігімен аудандағы мектеп директорлары келіп, тыныс-тіршілігімен танысты. Тәжірибе алмасу мақсатындағы шарада мектептің толық өмірі қамтылмағанымен, бірқатар көзге түсер жұмыстарымен таныстырылды. «Оқуға құштар мектеп» жобасының және жаратылыстану пәндерінің «Оқушылар мен педагогтар ғылыми-практикалық қоғамдастығының» экологиялық бағыттағы жобалық жұмыстарының нәтижелері көрсетілді. Сонымен қатар қосымша білім беру, бастауыш сыныптардағы «Олимпиадалық резерв» сыныбының, қазақ, орыс, ағылшын тілдері пәндерінің шығармашылық жұмыстары келушілер назарына ұсынылды. Педагогтың өсуі оқушыларының деңгейінен көрінетіндігі белгілі. Ұстаздар мен оқушылардың күнделікті сабақтан тыс жүргізілетін еңбегінің нәтижесіне тиісті баға берілді.
– Менің ойымша, мұғалімнің жанында оның пәніне шынайы қызығатын, үнемі ізденісте бірге болатын он шақты оқушы болса, ол мұғалімді нағыз педагог деп айтуға болады. Себебі ондай ұстаз бағдарламаға сәйкес қана білім беріп қоймай, ғылым ретінде өз пәніне қызықтыра алады, – дейді аталған мектептің директоры Раушан Ермұқанова.
Жаңа мектептің педагогикалық ұжымы да өте жас, мұғалімдерінің орташа жасы 32. Соған қарамастан, кейінгі жылдары кәсібилігі тұрақты түрде өсіп келеді. Ұзынағаш ауылындағы орта мектебінің ұжымы алдағы уақытта аудан, облыс көлемінде алдыңғы қатарлы білім ұяларының бірі болатындығына сенімді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.