Жарыққа шығысымен-ақ, жұртшылықтың көңілін баурап алған «Мен қазақпын» мега жобасы биыл да жалғасын тапты. Атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз – дәстүрлі ән-күй, термелерді одан әрі дамытып, бүгінгі күн талабына сай түрлендіре отырып, өскелең ұрпаққа насихаттауды мақсат ететін байқаудың аймақтық іріктеу кезеңі жуырда біздің ауданымызда да өтті. Яғни, Қаскелең қаласындағы мәдениет үйінде Талғар, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандарынан келген және біздің қарасайлық үміткерлер бас қосып, өз дайындықтарының деңгейін көрсетті. Жалпы, жоба шарты бойынша қатысушы 18-40 жас аралығында болуы керек. Байқауда бір ән, терме, күй, халық әндері, халық композиторларының шығармасы орындалады және өз таңдауымен еркін тақырыпта бір шығарма орындалады. Өнерпаздың киіміне де үлкен мән беріледі. Ал, осы талаптардың түгелдей орындалуын қазылар алқасы қатаң бақылауға алды. Оның құрамына әр ауданнан жиналған мәдениет саласының майталмандары топтастырылды.
Бұл іріктеу кезеңіне ауданымыздан үш үміткер қатысты. Атап айтсақ, Қарасай аудандық мәдениет үйінде оператор қызметін атқаратын Таңжарық Әкімзат деген жерлесіміз Еркін Таңатханның «Мен қазақпын» әні мен Сәдіқожаның «Сарыбидайын» орындап көзге түсті. Ал, екінші қатысушы Асылбек Дәулетияров болса, Есбай «Терісқақпайы» мен Құрманғазының «Байжұмасын» қара домбырада күмбірлете салып берді. Оның да былтырғы «Алтын домбыра» республикалық байқауының І орын иегері екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, 28 жастағы Абдрахманов Нариман да Үкілі Ыбырайдың «Гаккуін» әуелете шырқап, қазылар алқасының ризашылығына бөленді. Ол бұған дейін де үлкен сындарда бақ сынап, бірінші халықаралық Тұрсынғазы Рахимов атындағы байқауда І орынды, облыстық «Текті сөздің төресі» атты жыршы, термешілер байқауында бас жүлдені иеленген болатын. Бұлармен қатар басқа ауданнан келген қатысушылар да белгіленген талап үдесінен шыға біліп, барлығы сегіз өнерпаз өңірлік жарысқа жолдама алды. Сол кезеңнің жеңімпаздары Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығында сайысқа түседі. Жобаның жартылай және ақтық мәресі «Қазақстан» ұлттық телеарнасының эфирінен тікелей көрсетіліп, жүлдегерді анықтауға телекөрермендер смс дауыс беру арқылы атсалыса алады.
Клара КӨПБАЕВА.