Кеген ауданында қасиетті қара жермен шынайы айналысып жүрген құрылымдар аз емес. Оның ішінде Қарқара ауылдық округіне қарасты «Қарқара өнімдері» ЖШС де бар.
Қарқараның жері құнарлы қара топырақты өңір. Бұл өлкеге сепкен дәнің, еккен арпаң үмітіңді ақтамай тұрмайды. Берекесін тасытып, ырысына кенелтіп жатады. Теңіз деңгейінен 2 мың метрге дейін биіктікте жатқан өңірдің жайын түсінуге болады. Биыл Кеген ауданы бойынша мың гектардан астам жердің дәнді дақылы орылды. Оның әр гектарынан 18 центнерден жоғары өнім алу жоспарланған.
Қарқара ауылдық округіне қарасты Ислам Хуршудов басқаратын «Қарқара өнімдері» ЖШС игілікті шаруалар атқарып келеді. Аталған серіктестіктің 1160 гектар жері бар. 380 гектар жерге сепкен күздік бидайлары жақсы деңгейде. Оның сыртында 350 гектар жерге эспарцет тұқымы, 250 гектар жерге берері көп супер элиталық көпжылдық шөп тұқымы өсірілген. Өсірілген дүниелердің жағдайы жақсы. «Қарқара өнімдері» ЖШС-нің атына жылы лебіз білдіруге болады. Өңірдегі күздік бидай мен арпаның және көп жылдық шөптің берері көп сорттарымен жұмыс жүргізіп келе жатқан бірден-бір құрылым. Бәрекелді! Қасиетті қара жердің қадірін білсең, ақыңды жемейді. Моншақтап төккен терің тонналап қамбаға құйылған алтын дән болып оралып жатады.
Ислам Хуршудов басқаратын бұл серіктестік негізінен мал бордақылауға, семіртуге бағытталған супер элиталық көпжылдық шөп өсірумен айналысады. Қарқара ауылдық округі аумағында жалпы көлемі 1160 гектар жері бар. Оның бәрі игеріліп келеді десек, артық айтпаймыз. Былтыр 380 гектар жерге күздік бидай сеуіпті. Біркелкі жақсы жетіліп келеді. Тізеден асып тұрған күздік бидай алқаптарының алды бас жарып үлгерген. Теңіздей толқып жатқан алқап арам шөптен ада.
– Жұмысымызды агротехникалық талаптарына сай жүргізіп отырамыз. Бұл соның нәрлі нәтижесі. Арам шөптерге қарсы тыңайтқыштар себілген. Алла қаласа, алтын орақ кезінде күздік бидайдың әр гектарынан 25 центнерден жоғары өнім аламыз деген үлкен үмітіміз бар, – дейді «Қарқара өнімдері» ЖШС-нің бас агрономы Ізтелеу Нүсіпқожаев.
Биылғы көктем маусымында 210 гектар жерге «Бәйшешек» атты жаздық арпа себіліпті. Көтеріліп келе жатқан арпаның да жайы жақсы. Мұның сыртында 325 гектар алқапқа арпамен араластырылған элиталық бұршақ тұқымдас көпжылдық шөптің тұқымы себіліпті. 235 гектар жерге 6 түрлі аудандастырылған элиталық көп жылдық шөптің тұқымы егілген екен. Сепкен дүниенің бәрі біркелкі жақсы көтеріліп келеді.
– Біздің серіктестіктің басшылығы мүмкіндігінше элиталық берері мол көпжылдық шөптің түр-түрін өсіруге ден қойып отыр. Соның белгісіндей, Ресейдің Воронеж, Тамбов қалаларын араладық. Элиталық көпжылдық шөп тұқымын өсіру бағытындағы тұқым шаруашылықтарын іздеп таптық. Соның нәтижесінде Ресейден 36 тонна эспарцет тұқымы, 6 түрлі элиталық көпжылдық шөптің тұқымынан 7 тонна жеткізілді. Келешекте ауданның фермерлерін, шаруа қожалықтарын берері мол элиталық көп жылдық шөптің тұқымымен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз болады, – дейді «Қарқара өнімдері» ЖШС-нің агрономы Ізтелеу Нүсіпқожаев.
«Қарқара өнімдері» ЖШС-нің Қарқара ауылында трактор-техникаларына арналған орталықтары бар. 20 адам жұмыс істейді. 10 адам трактор жүргізеді. Серіктестіктің жап-жаңа қуатты 11 тракторлары, көктем егісіне, мал азығын дайындауға, күзгі орақ науқанына қатысты техникаларының бәрі бар. Ұжым мүшелері еңбекақыларын ай сайын уақтылы алады. Мазасыз маусым кезінде көтеріңкі еңбекақы төленеді екен. Механизаторлар 3 уақыт дәмді тамақпен қамтамасыз етілген. Жуынатын жерлерінде ыстық су, суық су іске қосылған. Бір сөзбен айтқанда, олардың алаңсыз еңбек етулеріне барлық жағдай жасалыпты. Мұндағы жұмыстарға Рамил Хайруллин басшылық жасайды. Әлім Тойлыбаев секілді бесаспап механизаторлардың аттарына жылы лебіз білдірген артық емес.
Еуропадан әкелінген, бір жүріп кеткенде жалпы көлемі 9 метр жердің астығын оратын, заманауи компьютермен басқарылатын 440 «TUCANO CLAAS» комбайынын өз жұмысын атқарып тұр. Тіпті ішінен қанша гектардың орылғанын, әр гектарға қаншадан айналып жатқанын, түсім мөлшерін де білуге болады екен. Дамыған заманға лайықты озық технологияның нәрлі жемісі. Комбайынды басқарып отырған Сергей Шербаков өз жұмысын жақсы біледі. Жетілдірілген комбайынның тілін меңгеріп алған. Диқандардың қуанышы біздің де қуанышымыз іспетті.
«Дән болса, нан болады», деп атамыз қазақ бекер айтпаған. «Қарқара өнімдері» ЖШС-нің диқандары үшін биылғы жыл да берекелі жыл болары даусыз. Біргелкі көктеп, көтеріліп келе жатқан егіс алқаптары соның белгісіндей. Қасиетті қара жердің қадірін біліп, егіс жұмыстарын агротехникалық талаптарына сай жүргізіп келе жатқан құрылымның игіліктері осындай.
Суретте: «Қарқара өнімдері» ЖШС-нің агрономы Ізтелеу Нүсіпқожаев, серіктестіктің меңгерушісі Рамил Хайруллин және механизатор Әлім Тойлыбаев жұмыс барысын ақылдасуда.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.