Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі тіл халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Тіл қай елде, қай ұлтта болмасын қадірлі де, құдіретті. Ұлттың болмысын, ұлылығын, кісілік келбетін, биік парасатын танытуда тілден артық күш жоқ.
ҚР «Тілдер туралы» Заңында: «Тіл – ұлттың аса ұлы игілігі әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі, ұлттық мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы – тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тығыз байланысты» делінген.
1989 жылы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданды. Ал Тілдер мерекесінің өзі 1998 жылдан аталып өте бастады. Сол жылы тұңғыш президенттің жарлығымен 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды. Алайда араға жиырма жыл салып, атаулы датаның күні өзгерді. 2017 жылы күзде үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Мұның өзіндік себебі бар еді. 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Міне, осы себептен 2018 жылдан бастап Қазақстан халқы тілдері күні қыркүйектің бесінші жұлдызында мерекеленеді.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет, бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүреді. Мемлекет құраушы ұлт – қазақтар, олардың үлесі жетпіс пайыздан асады. Сондай-ақ орыстар, татарлар, өзбектер, украиндар, грузиндер, армяндар, шешендер, ингуштер, беларустер, кәрістер, қырғыздар және тағы басқалары тұрады. Елімізде 100-ден астам ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Оннан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.
Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Жамбыл ауданының Аналар кеңесінің төрайымы болғандықтан аудандағы ауылдық округтердің аналарымен, аудандағы этномәдени орталықтардың Аналар кеңесінің төрайымдарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізудеміз. «Әйел ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөздермен толықтай келісемін. Себебі аналарымыздың мойнында тек бала тәрбиесі ғана емес, сонымен қатар олар қоғамда ер адамдармен қатар жұмыс атқаратын нәзік жандар. Жылдық жоспар бойынша әр ұлттың аналары бірігіп ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдағы бірлік пен тұрақтылық үшін жұмыс жүргізудеміз. Әр ұлттың тілін, дінін, салт-дәстүрлерін дәріптейтін іс-шаралар өткізу арқылы қоғамдағы тұрақтылықты ұстауға өз үлесімізді қосудамыз. Аналар бірлікте болса, ұрпағымыз бірлікте болары сөзсіз.
Тіл әрбір ұлттың ұлт, елдің ел болып қалыптастырушы және жасаушы факторы. Ешқашан ұмытылмайтын ерең ерліктің айғағы, ертеңгі күнімізді айқындаушы, яғни кешегіміз, бүгінгіміз, ертеңгіміз. Адамның ерекше қасиеті ең бірінші Отанына, халқына және тіліне деген өшпес махаббаты.
Тіл – қай елде болмасын қастерлі, құдіретті, рухани және тарихи құндылығы. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл – өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат екені анық. Мемлекеттік тіл – тәуелсіздігіміздің негізі. Тіл халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі екенін жадымызда ұстайық.
Гульзира СТАНКУЛОВА,
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Жамбыл ауданының Аналар кеңесінің төрайымы.