Ұзынағаш ауылының тұрғыны Кәмилә Байматованың тігін ісінде он жылдан аса тәжірибесі бар. Бұрын киім тігетін бір кәсіпорында тігінші болып жұмыс істеп жүргенінде өзінің жеке ісін ашуды мақсат етті. Сөйтіп бұдан бес жыл бұрын кәсіпкерлікті бастады.
Ұлттық нақыштағы киім мен үй бұйымдарын тігу оның әуел бастағы арманы болатын.
– Мен тігін цехында сегіз жылға жуық жұмыс істеп, тәжірибе мен білім жинадым. Өзімнің тұрақты сатып алушыларым да болды. Олар менің қолымнан шыққан дүниелерімді әрдайым жоғары бағалайтын. Дәл осы қолдау мені жеке бизнесті бастауыма итермеледі. Осыған дейінгі барлық мүмкіндіктерімді есептеп, ақыл таразысына сала келе, өз ісімді ашамын деп шешкен едім. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ойлағанымды жүзеге асырдым. Қажетті жабдықтарды сатып алып, бірнеше адамды жұмысқа қабылдадым, – дейді кәсіпкер.
Ол 2018 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқудан өтеді. Кәсіпкерлер палатасы арқылы бір ай бойы кәсіпкерліктің қыр-сырын біліп, қаржы есебін жүргізуді, бизнесін дамытып, ілгерілетуді үйренеді. 2019 жылдың сәуірінде аталған бағдарлама бойынша 250 мың теңге сомасында грант, ал бір жылдан кейін 3 млн. теңге мөлшерінде 6 пайыздық жеңілдікпен несиеге қол жеткізген.
Бұл қаражатқа тігудің кіріктірілген бағдарламалары бар автоматтандырылған машиналар сатып алған. Заманауи құрал-жабдықпен жеке тапсырыс бойынша ұлттық және заманауи үлгіде пәлте, пенжак, зелетке, күртеше, көйлек, сондай-ақ көрпе-жастық, қоржын, қыз жасауы және басқа да бұйымдар тігеді.
Тігін цехы ай сайын 90 дана өнім мен жиынтық бұйым шығарады. Ісмер қолдан шыққан күртеше, пәлте мен көйлектер танымал киім брендтерінен кем түспейтінін, ал интерьер бұйымдары үйге сән кіргізіп, тамаша сыйлық болатынын айтады Кәмилә Байматова. Бүгінде мұнда Кәмиләдан басқа тағы төрт тігінші жұмыс істейді. Тапсырыс жеткілікті, халық арасында сұраныс жоғары екенін айтады қызметкерлері. Енді кәсіпкер осы істі үйренуге ниет білдірушілер үшін оқыту курсын ашпақ.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.