Суықтөбе тауының баурайындағы Шиен ауылында «Қарлығаш» балабақшасы ширек ғасырдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Ағаш бір орында тұрып жеміс беретіні сияқты ғимараты 1970 жылы пайдалануға берілгелі бері осыннан сан буын ұрпақ тәрбиеленді.
Тоқсаныншы жылдары нарық қыспағынан балабақшалар жаппай жабылғанда да бұл мекеме жұмысын тоқтатқан жоқ. «Оңтайландыру» желеуімен мемлекеттен қаржыландыру тыйылған кезеңде жол таба білген елдегі бірден-бір мектепке дейінгі мекеменің бірі – осы. Сонда балабақшаларда қарауыл штатына дейін қысқарғанда, ғимараттары тоналып, бүлініп, бұзылғаны белгілі. Аудан орталықтарында бірлі-жарым қалғаны болмаса, ауылдық жердегілерінің түгелі дерлік жойылған. Ал Шиенде «Балабақша базарлы үй, ауылдағы ажарлы үй» болып, балаларды тәрбие бесігінде тербетіп, көптің игілігіне қызмет ете берді. Мұның сыры неде еді?
Әрине, балабақшаның сол кездегі меңгерушісі, Халық ағарту ісінің үздігі, ауданның Құрметті азаматы, өкініштісі, бүгінде арамызда жоқ Роза Сәрсенбиеваның арқасы. Ол жас ұрпақтың санасына ұлттық тәрбиені сіңіріп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатып өсіру мақсатында үлкен жоба жасаған. Ауыл адамдарының, ата-әжелердің қатысуымен оны іске асырып, тұңғыш рет осы балабақшада қолданысқа енгізген. Нәтижесінде 1990 жылы «Қарлығаш» балабақшасында «Қазақтың ұлттық салт-дәстүрінің сақталуы, оның балабақшадағы тәрбиелік мәні» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өтіп, тәжірибесі жан-жақтағы балабақшаларға таратылды. Ал жабылу қаупі төнгенде жан-жақты ізденіп, қиындықтан шыға білді. Қызметкерлер жалақысы, өзге де керек-жарақтарға қаржы көзін тапты. Қайтіп?
1996 жылы Халықаралық «Сорос-Қазақстан» қорының мектеп жасына дейінгі мекемелер арасында өткізген «Алғашқы қадам» байқауына қатысып, республика көлемінде үздік атанды. Байқау жеңімпазы ретінде «Қарлығаш» бөбекжай-балабақшасы аталған қордың қаржылай қолдауымен екі жыл жұмыс істеді. Сол қордың «Тәй-тәй» бағдарламасы балабақшаның оқу-тәрбие үрдісіне енгізіліп, этнопедагогикалық тәрбиемен ұштастырылды. Одан кейін ел бюджетінен қаржыландыру ісі қалпына келтіріліп, қандай нарықтық экономика заманы болса да бала тәрбиесінің ұлт болашағында аса маңызды екені алдыңғы орынға қойылғаны белгілі. Содан кейін де Роза Малайқызының басшылығымен балабақша ұжымы талай белестерді бағындырды. Ғимараты 2010 жылы күрделі жөндеуден өтті.
Бүгінде мекеме меңгерушісі – Наташа Әбілқызы. Бұрын 2 топпен 50 бала болса, қазір «Балапан» бағдарламасы бойынша тағы бір топ ашылып, барлығы 3 топта 75 бала тәрбиеленуде. Балалармен бес білім саласы бойынша жұмыс жасалады. Негізгі бағыттар – бала денсаулығын нығайту, тілін дамыту, айналасындағы әлеммен таныстырып, кеңістікті бағдарлауын және шығармашылық қабілетін дамыту. Тәрбиешілер Р.Атикенова мен А.Ахметова 2-3 жасар кіші топпен жұмыс істеу кезінде сенсорлық тәрбиеге көп көңіл бөліп, ата-аналар алғысына бөленуде. Орташа топ тәрбиешісі Э.Әкімбаева бала жүрегіне жол тауып, тәрбие мен білім беруде жаңа технологияларды қолданып, ізденіспен еңбектенуде. Баланы музыканы түсіне білуге үйретіп, эстетикалық талғамын қалыптастыруда музыка жетекшісі Г.Ибраимова аянбай еңбек етіп келеді.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, әр баланың бойындағы бейімділікті ұштап, шығармашылықпен жұмыс жүргізу нәтижесінде бүлдіршіндер мереке, ертеңгіліктерде ән айтып, би билеп, ата-анасы мен ұстаздарын қуантады. Баланы әлеуметтендіру, яғни ортаға бейімдеу мақсатында мұнда ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Психолог Н.Сейдахметова тренинг, сауалнама жүргізіп, отбасының балабақшамен ынтымақтастығын арттыруға бағытталған жұмыстар істейді. Медбике И.Темірбаева баланың дене дамуы көрсеткіштерін, шынықтыру-сауықтыру шараларының дұрыс жүргізілуін, тамақтану режимін, күн кестесіне сай толық жағдай жасалуын қадағалайды. Наташа Әбілқызы кәсіби шеберлігі жоғары басшы, ұрпақ тәрбиесінде жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, жаңашылдықпен жұмыс істейтін, коучинг технологиясын меңгерген ұлағатты ұстаз. Оның басшылығымен мекеме жас ұрпақты азаматтық пен адалдық, отансүйгіштік пен мейірімділік рухында тәрбиелейтін білім ошағы болып отыр.
Өткен 53 жылда балабақшадан талай бүлдіршін түлеп ұшып, бүгінде қоғамның әр саласында жемісті еңбек етуде. Алғашқы қарлығаштарының қатарында осы ауылдың әкімі Еркін Жайлаубайұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова, бөбекжай басшысы Наташа Әбілқызы бар. Одан кейінгі түлектерден Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші-жыршы Ақан Әбдуәлі, Шиен мектебінің директоры Естай Сәмүдінұлы осы мекеме тәрбиесін көрген.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Шиен ауылы,
Жамбыл ауданы.