Осыдан бір апта бұрын Үшқоңыр су шаруашылығы колледжінің базасында орта білім беру мекемелеріндегі жас педагогтардың арасында «Оқу тренд – 2023» облыстық байқауы өтті. Шараның шымылдығын өз сөзімен ашқан Алматы облыстық білім басқармасы әдістемелік техникалық және кәсіптік бөлімінің басшысы Шынар Исаханова қатысушыларға сәттілік тіледі.
– «Оқу тренд – 2023» облыстық байқау біздің бөлімнің бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Бұл жерге кәсіптік техникалық білім беру саласының жас мамандары сайысып жатыр. 16 жас маман қатысуға ниет білдірген. Жалпы бұл шараны өткізудегі мақсатымыз – жас мамандардың шығармашылық белсенділіктерін арттыру, кәсіби шеберлігін жетілдіру болып табылады. Сол себепті біздің бөлім 6 жоба бойынша жұмыс жүргізеді. Соның бірі – «Өркен» жас мамандар жобасы. Бүгінгі байқауға келген қатысушылар – сол жобаның мүшелері. Біз осы жас мамандарды өзінің ұстаздық жолға бейімделуіне, одан әрі шығармашылық белсенділіктерін қалыптастыруға бағыттау бойынша көмек көрсетеміз. Осы негізге бастау алған арнайы «Оқуға құштар колледж» деген жоба да бар. Осыған байланысты қазір екі кезеңде білім алушыларға бағдар картасын ұсыну деп алып отырмыз. Сол кезеңде бәлкім жас мамандар тәжірибесіне немесе жақсы бір кітапты оқып, одан әрі насихаттау жолында студенттерді қызықтыру үшін өздерінің нұсқаулықтарын ұсынатын болады, – деді шараның мән-маңыздылығын түсіндірген Шынар Қабиқызы.
Білім мен білік қатар түскен дүбірлі додада техникалық және кәсіптік саланың жас мамандары шығармашылық белсенділігі мен кәсібилігі, озық тәжірибелері бойынша бақ сынасты. Байқауға Есік гуманитарлық-экономикалық, Үшқоңыр су шаруашылығы, Талғар жоғары медициналық, Талғар политехникалық, Бақанас аграрлы-индустриялдық, С. Жандосов атындағы Қаскелең кәсіптік-техникалық, Шелек медициналық, Талғар медициналық, Жетісу гуманитарлық-техникалық, Экономика және құқықтану, Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледждерінен 16 маман қатысты.
Байқауда бақ сынағандардың бірі – Талғар техникалық колледжінің оқу-өндірістік шебері Алма Нұртаза. Жас ұстаз өз сөзінде студенттермен жұмыс істеуде қандай әдіс-тәсілдер, бағдарламаларды қолданатындығын айтты.
– Бүгінгі өткізіліп отырған байқау жалпы, жас мамандарға әрі қарай өсуге, дамуға, қазіргі заман талабына сай маман болуға үлкен есік ашарына сенімім мол. Тәрбие мен білім беру – бұл егіз ұғым. Осы екеуін ұштастыра отырып студенттерге кітапта берілген теориялық білімдерін кітапта қолдана отырып, тренд маман дайындау – жалпы мақсатымыз, – дейді байқау қатысушысы.
Қатысушылар «Мамандығым – мақтанышым» деп аталатын бірінші кезеңде өздерін таныстырса, екінші бөлімдегі «Білім алушының бағдар картасы» бойынша өз біліктіліктері мен білімдерін көрсете білді.
– Жас маман ретінде «Оқу тренд – 2023» жобасы жайлы өз пікірімді айта кетсем. Бұл байқауда біз жобамызды ұсыну арқылы, өзіміздің де шығармашылығымызды дамыта түстік. Қайтадан оқу бағдарламасын басынан бастап қайта оқып шықтық. Кітап пен шығармалар арқылы балаларды өзіміздің пәнімізге деген қызығушылығын арттыруға жаңа методикаларды қолдана бастадық. Аталған жобаға қатысқаным үшін қуаныштымын және өз тарапымнан ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, – деді Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің оқытушысы Динара Абдирахманова.
«Оқу тренд – 2023» облыстық байқауының І дәрежелі дипломын Талгар политехникалық колледжінің жас маманы Алма Нұртаза иеленсе, ІІ дәрежелі дипломды Есік гуманитарлық экономикалық колледжінің ұстазы Динара Абдирахманова лайық деп танылды. ІІІ дәрежелі дипломды С. Жандосов атындағы Каскелең кәсіптік-гуманитарлық коледжінің педагогы Жұлдыз Хожабаева алып үздік үштіктен көрінді. Ал, қалған қатысушылар сертификаттармен марапатталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.