Талдықорғандағы Журналистер үйінде «VIP ZHETYSU» кітапханасы ашылды. Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен қолға алынған жаңа бастама жастарды кітап оқуға шабыттандырып, таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған. Онда арнайы зияткерлік клуб жұмыс істейді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Әлиұлының айтуынша, бұл әлеуметтік, мәдени және білім беру салалары бойынша түрлі шаралар өткізетін жалпы облыс орталығындағы алғаш ашылған кітапхана. Оған әркімнің қолы жете бермейтін қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі түрлі жанрдағы халықаралық дәрежеде мойындалған 350-ден астам туынды қойылған. Нақтырақ айтқанда, сөреде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың барлық кітаптары және әдеби, детективті, тарихи, псхологиялық, триллерлер, фантастика және тағы басқа да жанрда жазылған басылымдар бар. Клуб мүшелері аптасына бір рет бас қосып өздері таңдаған тақырып аясында белгілі бір кітаптың оқиғасына үңіліп, мазмұнын талдап шығады. Клубқа алдағы уақытта елімізге танымал тұлғалар шақырылып, айтар ойын тыңдап, іс-тәжірибесімен бөлісу көзделген. Білім клубының алғашқы қонағы танымал журналист «Жетісу» телеарнасының директоры, «Қарекет» бағдарламасының жүргізушісі Байсен Құранбек болды. Жаңа кітапхананың құрылымымен жан-жақты танысып шыққан Бейсен Абайұлы жастарға кітап оқудың пайдасы жөнінде өрелі ой-тұжырымдарын әңгімелеп берді. Клубқа кез-келген жас мүше болып, құнды кітаптармен өзінің ой өрісін кеңейтіп, білімін шыңдауға мүмкіндігі бар.
Айдын КӘЛІМХАН.