Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясына жүзеге асқан ауқымды жобалардың бірі – Райымбек ауылдық округінде орналасқан «Батыр бабалар» мемориалды музейі 2017 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған болатын.
Музей – Іле Алатауының батыс бағытында, көз тартар көркем табиғат аясында орын тепкен. Бұл жерде «Батыр бабалар» мемориалды музейімен қатар, «Нұр-Мұсахан» атындағы мешіт, жас жеткіншектерге діни білім беретін «Күлиман ана» атындағы медресе және барша қазақ аналарына арналып, Бақыт Жатқанбайқызы Шпекбаеваның демеушілігімен салынған «Анаға құрмет» музейі мен «Анаға тағзым» ескерткіші, сондай-ақ, халал банкет ұйымдастыруға арналған киіз үй пішінді мейрамханасы ерекше үйлесімді ансамбльдік композицияда орналасқан ауқымды аймақты алып жатқан рухани-мәдени кешен болып саналады.
Музей бір залдан, үш тақырыптық-экспозициялық бөлімнен тұрады. Бірінші экспозициялық бөлімі – қазақ тарихының көне заманынан Тәуелсіз Қазақстанның тарихи кезеңдерімен қатар, С.П.Пожарскийдің салған «Сақ-Парсы» (б.д.д. 530) және Орбұлақ (1643 ж.) пен Аңырақай (1729 ж.) шайқасына арналған ауқымды панорамасынан тұрса, екінші және үшінші бөлімдерінде есімі елге танымал әйгілі хандар мен билердің, сондай-ақ, жауынгер батырлардың портреттік галереясы орын алған.
Музей коллекциясындағы құнды артефактілердің бірі әрі бірегейі, қазақтың соңғы ханы – Кенесарының қарындасы, әйгілі Бопай ханымның қылышының орны ерекше. Сондай-ақ, музей коллекциясы қатарындағы артефактілердің басым бөлігін, қолөнер шеберлері, Қазақстанның мәдениет қайраткерлері ағайынды үш ұста – Құлментегі Айтберген, Тұрсынжан және Махмұт Жетенұлдарының қолынан шыққан жауынгерлердің шарайна, кіреуке сауыт, қалқан, жеңсе, тізеқап сияқты қорғаныс жарақтарымен қатар, ер қаруы – бес қару түрлері: айбалта, босмойын, шоқпар, садақ, найза сынды заттары құрайды. Сонымен бірге, жекеленген кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлерінің сый-тартуға берген қылыш, семсер, қалқан сияқты кәде-сыйлық бұйымдарынан тұрады.
Музейдің ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да, Қарасай ауданы және Алматы қаласы мен облысының, сондай-ақ, республиканың әр аймақтарынан келген әртүрлі жастағы келушілермен қатар, түрлі деңгейдегі мемлекеттік лауазымдық қызмет атқаратын делегация өкілдерінің көңілінен шығып келеді.
Алдағы уақытта да, әртүрлі жастағы келушілердің қызығушылығын арттыра түсу әрі музей коллекциялары қатарын толықтыру мақсатында, «Батыр бабалар» мемориалының бейініне (профиліне) сай, халық арасында сақталып келе жатқан – жауынгерлердің қару-жарақтары мен қорғаныс құралдарын, сондай-ақ, 1941-45 жж. соғыс ардагерлерінің орден-медальдары, құжаттары мен фотосуреттері және киім-кешектері сынды бұйымдарымен қатар, көрік, қысқаш, көсеу, төс, балға сияқты т.б. ұстаның құрал-саймандарын тапсыратын жандар болса, қабылдауға даярмыз.
Көненің көзіндей болған асыл мұраларымызды сақтап, көпшілік назарына ұсынып насихаттау – біздің парыз. Олай болса, жоғарыда аталғандай көне жәдігерлеріңіз болса, музейге тапсыруға асығыңыз!
«Батыр бабалар» мемориалды музейінің мекен жайы: Алматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек ауылдық округі, Алматы – Жандосов трассасы, 26-шақырым.
Байланыс телефондары: 8 (727) 305-93-51. Эл. поштасы: batyr_babalar@mail.ru
Орынбасар ӘЛІМ,
«Батыр бабалар» мемориалды
музейі меңгерушісінің м.а.