Ел мерейін асырған Республика күнінің қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуына өлшеусіз үлес қосып, қоғамдағы белсенді қызметі үшін еңбектері еленген азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Мереке аясында құрметке бөленгендердің ішінде түрлі саланың өкілдері бар. Ал осындай маңызды марапатқа ие болғандардың қатарында қарасайлықтардың да бар екенін қуанышпен жеткізгіміз келеді.
Қонаев қаласының Мәдениет үйінде өткен мерекелік шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, Республика күнінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол өңірдегі еңбек ардагерлері мен әр салада жемісті жұмыс атқарып жүрген бір топ азаматты марапаттады.
Елеулі еңбектері еленген жандардың арасында біз айтқан қарасайлықтар да лайықты марапаттарын облыс басшысының қолынан алып, ыстық ықыласқа бөленді. Атап айтқанда, «Kelun-Kazpharm» ЖШС-нің бас директоры Мерей Сламұлы «Құрмет» орденін кеудесіне жарқыратып тақса (суретте), «RGBrandsKazakhstan» ЖШС-нің қызметкері болған, марқұм Рауан Бірқұрмановтың еңбегі ерекше бағаланды. Ол қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медаліне лайық деп танылды. Сондай-ақ жақында ғана мерейтойын атап өткен «Қаскелең Гуманитарлы-Техникалық колледжі» мекемесінің құрылтайшысы, ауданға белгілі аяулы ана, қоғам белсендісі Несіпбала Әбенқызы «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Ал білікті дәрігер, Қарасай клиникалық көп бейінді орталық аудандық ауруханасы директорының орынбасары Максим Стадников «Шапағат» медалінің иесі атанса, ғылым жолында атқарған қызметі үшін «Антиген» ғылыми-өндірістік кәсіпорны» ЖШС-нің бас директоры, аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Ахметсадықов «Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасмен» марапатталды.
Жерлестеріміздің бұл жетістіктері мемлекет алдында атқарған қызметтерінің бағаланып, еткен еңбектің, төккен тердің нәтижесі деп білеміз. Мерейлі марапаттарыңыз құтты болсын дегіміз келеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.