Ұзақ жылдар бойы ұмыт болған Республика күні өткен жылы ұлттық мейрам ретінде аталып, мерекелер тізіміне енген болатын. Биыл екінші рет қайта жаңғырып, тойланғалы жатқан айтулы күннің аясында Қарасай ауданы бойынша түрлі іс-шара ұйымдастырылуда. Өткен аптада Қарасай ауданының Жастар ресурстық және бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталықтары бірлесіп, 25 қазан – Республика күніне орай, «Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі» тақырыбында футбол ойынынан жарыс өткізді.
№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен теңбіл допшылардың бақталасына аудан бойынша студенттерден құралған бес команда қатысып, өзара үздік топты анықтады. Жас футболшылар ҚР-ның футзал федерациясы бекіткен ережелерге сәйкес ойын өрнегін көрсетті.
Жарыс нәтижесі бойынша «Үшқоңыр» медресе колледжі І орын алса, «Аяжан» медициналық оқу орны ІІ орынға ие болды. Ал үздік үштіктен Шамалған кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжінің командасы көрінді. Жеңімпаз командаға кубок табыс етілсе, қалған жүлдегер команданың әрбір мүшесіне медальдар мен Жастар ресурстық орталығының Алғыс хаттары берілді.
Айта кетейік, бұл спорттық ойынды өткізудегі негізгі мақсат студенттер арасында бұқаралық спортты, саламатты өмір салтын насихаттай отырып, спорттық байланысты күшейту, футзал спорт түрін дамыту болып табылады.
Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығы.