31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай аудандық кітапханада «Ұмытылмас есімдер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кітап көрмесіне ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, жаппай жазалаудың сол бір қиын-қыстау кезеңіндегі тағдырлары тәлкекке түскен саяси қуғын-сүргін туралы Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында» және «Қазақстан тарихы», «Қазақ көтерілістері», М.Қозыбаевтың зерттеулері, «Қызылдар қырғыны», «Зобалаң», «Аза», «Боздақтар», «Алаш көсемсөзі», «Зауал», «Жазықсыз жағылған жала»,В.Михайловтың «Ғаламат жұт шежіресі», Алаш партиясының қатарында болған Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М.Тынышбаев, X. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, т.б. ұлт зиялыларының шығармалары қойылды.
Сонымен қатар, саяси репрессия құрбаны, мемлекет және қоғам қайраткері Ж.Садуақасовтың 120 жылдығына арналып, аудандық кітапханаға қарасты Ұмтыл ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен, А. Макаренко атындағы орта мектептің 8 сынып оқушыларымен «Тәуелсіздік жаршысы» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Кітапханашы Ж.Қарқынбаева оқушыларға саяси репрессия құрбаны, халқымыздың аталған ардақты ұлы туралы кеңінен мәлімет берді.
Сондай-ақ, Ж.Садуақасов жайында Шамалған ауылдық кітапханасында «Халықтың ардақты ұлы» деген ақпарат сағаты болды.
* * *
Сталиндік осы қуғын-сүргінге тарихшылар саяси репрессияны, ашаршылықты, халықтар депортациясын жатқызады.
Бұл ел басына зор қайғы-қасірет әкелген нағыз нәубет еді. Сол кездері қазақтың қаймағы атылды, айдалды, халық аштан қырылды.
Кеше Шамалған ауылдық мәдениет үйінде, Су шаруашылығы колледжі мен Көп салалы кәсіптік колледж студенттері қатысқан, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы өтті.
Оның барысында алдымен мәдениет үйінің әдіскері Сымбат Раздықова баяндама жасады.
Мұнан кейін сонау қуғын-сүргін зобалаңы туралы «Қармен жуылған қан» атты бес бөлімді деректі фильм көрсетілді.
Өз тілшіміз.